01 Қараша, 2016

Құрылыстағы еңбек қауіпсіздігі

3188 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
rivelty-ruқайтсе қамтамасыз етіледі? Құрылысшы деген – құрметті мамандық. Бұрынырақта құрылысшы болу үшін жүйелі білім алып, жылдар бойы тәжірибе жинақтау керек еді. Қазір күрек ұстай білетіндердің барлығы дерлік қаптаған құрылыс фирмаларына кіріп, бір сәтте құрылысшы болып шыға келеді. Жан-жақтан жұмыс іздеп, қалаларға ағылған жастарға құрылыстағы қосалқы мердігер фирмалар мардымсыз жалақыға кірпіш қалап, бетон құюды ұсынады. Оларға құрылысшы мамандығының қыр-сырын үйретіп жатқан да ешкім жоқ, құрылыс алаңдарындағы еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтауды түсіндіріп жатқан да ешкім жоқ. Соның салдарынан Қазақстандағы құрылыс алаңдары ең қауіпті апат аймақтарына айналған. Алысқа бармай-ақ, Астананың құрылыс алаңдарын алатын болсақ, жыл сайын ондаған адам опат болып, көптеген құрылысшы әртүрлі дәрежедегі ауыр жарақаттар алады. Тек үстіміздегі жылдың сегіз айының мәліметі бойынша, Астана­ның құрылыс нысандарында 18 адам қайғылы қазаға ұшырапты. Бас қаламыздың бір ғана Есіл ауданына қарасты құрылыс нысандарында осы мерзім ішінде 20-ға тарта апатты оқиға тіркелген. Қыршындардың өмірін қи­ған ең ауыр қайғылы оқиға өт­кен қыркүйек айында «Айнұр Астана» ТК құрылыс кешені нысанын­да орын алды. Құрылыс нысанының 20-қабатында орна­лас­қан көтергіштің дұрыс бекі­тіл­меуі салдарынан екі жас құры­лыс­шы құлап кеткен. Кейін анық­талғанындай, қайғылы қазаға ұшы­р­аған 18-19-жастағы Еуразия ұлт­тық университетінің ІІ курс студенттері болып шықты. Оқу басталған кезде бұл студенттер құрылыс нысанында не істеп жүр? Арнайы мамандығы, кәсіби тәжірибесі жоқ қыршын жастар 20-қабаттағы құрылыс жұмысына қалай жіберілген? Оларды кім, қалай және қандай еңбек шартымен жұмысқа тартқан? Қос қыршынның ащы өліміне байланысты сананы тілгілеген осы сансыз сұрақтарға күні бүгінге дейін жауап жоқ. Тоқты-торым шетінесе де жа­у­ап­­­сыз қалмайды ғой. Ал сон­да құрылыс алаңдарында қай­ғы­лы қазаға ұшырап жатқан қыр­шын­дар үшін кім жауап береді? Ауылдан нәпақа іздеп, қаладағы құ­ры­л­ыс­тарға жұмысқа тұрған өрім­дей жастардың кінәсі не? Еңбек қорғау заңы қайда, тех­никалық қауіпсіздік шарттары неге сақталмайды? Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 152-(еңбек қорғау ережелерін бұзғаны үшін) және 245-құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде қауіпсіздік ереже­лерін бұзғаны үшін) баптары бо­йынша неге бірде-бір құрылыс компанияларының лауазымды қызметкерлері қылмыстық жауап­кершілікке тартылған жоқ? «Бақсам бақа екен» демекші, оған соңғы жылдары жұмыс беруші­нің жағдайына жығылып, жаппай жал­пақшешейлікпен қабылдан­­ған заң­дар мен техникалық қауіпсіздік ереже­лерінің өзі кінәлі сияқты. Сарапшылардың пікірінше, жұ­мыс беруші үшін еңбек қауіпсіздігі шараларын жүзеге асырғаннан гөрі, өндірісте зардап шеккен жұмысшыларға өтемақы төлеген әлдеқайда тиімді көрінеді. Мәселен, бүгінде кез келген құ­рылыс нысанының сметалық жоба­сын жасаған кезде, жеке бап бойынша техникалық қауіп­сіз­дік шығындарына мол қаржы бел­гіл­енеді. Бұл қаржының көле­мі құ­ры­лыста зақым шеккен адам­дарға төленетін өтемақыдан онда­ған есе көп. Міне, сондықтан құ­ры­лыс компаниясының иесі үшін құ­ры­лыс алаңдарындағы еңбек қор­ғау және техникалық қауіпсіздік ша­ра­­ларына миллиондаған шы­ғын шығарғаннан гөрі, жұмыс беру­шінің мүддесіне сай жасалған «Техникалық қауіпсіздік ереже­ле­рі­не» сүйене отырып, құрылыста қайғылы қазаға ұшырағандар мен ауыр жарақат алғандарға өтемақы төлеген пайдалы. Мәселен, тек 2014 жылы қазақстандық жұмыс берушілер өндірісте зардап шеккендерге 96 миллиард теңге өте­мақы төлепті. Құрылыс алаңдарын «май шелпекке» айналдырған бүгінгі бизнес субъектілерінің қулығына құрық та бойламайды екен. Мәселен, белгілі бір құрылыс кешенінің нысандарын салу жөніндегі тендерді қаржысы мол бас мердігер фирма жеңіп алады. Енді бас мердігер құрылыс нысандарын салу үшін толып жатқан қосалқы (субподряд) құрылыс фирмаларын жалдайды. Ал бұл қосалқы фирмалар «сайда саны, құмда ізі жоқ» сансыз жеке кәсіпкер бригадирмен шарт жасасады. Олар жалдамалы жұмысшыларды тартады. Субподряд фирмалар есебіне тек бригадирлер ғана тіркеледі. Сөйтіп, қосалқы фирмалардың жұмыс штатында 20-30-дан аспайтын адам ғана болады. Заң бойынша штатында 50 адамнан артық жұмысшы тіркелген фирмалар техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженерлермен қамтамасыз етілуі тиіс. Ал штатта 45 адам көрсетілсе, мұндай «артық» штат ұстамауға болады. Бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бір­шама құзыры бар Бас мем­ле­кет­тік еңбек инспекторы бо­лу­шы еді. Министрліктерді оңтай­лан­дыруға байланысты қазір­гі Ден­сау­лық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігінде бұл құзырлы орган қысқарып кет­кен. Қазір мем­лекеттік еңбек инс­пек­торының мін­деттері өңірлік әкімдіктердің құрамына берілген. Өркениетті елдерде мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірісте орын ал­ған қайғылы оқиғаларды өздері тек­се­ріп, өздері сотқа тапсырады. Ал біздің өңірлік әкім­діктердегі еңбек инспектор­лары өндірісте орын алған оқиғаларды тіркеуші ғана. Зардап шеккен адамдарға ешқандай нақты көмек көрсетпейді. Құрылыстағы техникалық қа­у­іп­­сіздік сапасын арттырып, еңбек қор­­ғау шараларын өркениетті ел­­­дер­дің деңгейіне көтерудің де уа­қыты жетті. Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму ми­ни­с­- трлігінің еңбек, әлеуметтік қор­ғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ахмади Сарбасовтың айтуынша, еліміздегі өндірісте орын алатын қайғылы оқиғалардың 70 пайызы жұмыс берушілердің кінәсінен болады екен. «Жұмыс бе­ру­шілер үшін қауіпсіз еңбек жағдай­ын жасағаннан гөрі, адам­дарға жұмыста болған зиянды жағ­дайлар үшін өтемақы төлеген тиімді. Қалыптасқан бұл мәселені түбегейлі өзгерту керек», – дейді комитет төрағасы. Ең өкініштісі, сол ауылдан кел­ген өрімдей жастарымыз өнді­рістегі техникалық қауіп­сіз­­діктің сақталмауынан орын ал­ған оқиғалардың салдарынан бол­ған ауыр жарақаттары үшін өтем­ақыны да дұрыстап ала алмайды. Себебі, қаптаған құрылыс фирмаларында жалданып жұмыс істеп жатқан қандастарымыз өздерінің құқықтарын білмейді немесе құқық­тарын қорғауға құлықсыз. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей, қазақшылыққа  басып, заң бойынша ізденуді, соттасуды артық көреді. Осыны түсініп алған құрылыс фирмаларының қалталы иелері құрылыс алаң­дарында жарақат алғандарға «аяғы сынса – 80-100 мың теңге», «белі үзілсе – 150-200 мың теңге» дегендей «такса» да белгілеп қойыпты. Иә, бес саусақ бірдей емес. Ендеше, өңірлерден келіп, қала­лардағы қаптаған құрылыс фирма­ларында жалдамалы жұмысқа тар­тылған азаматтардың барлығы бір­дей заңды құқығын талап ете білетіндей көзі ашық, ең­бек қорғау ережелері бойынша өресі биік адамдар емес қой. Ал сон­да олардың таңның атысы, күн­нің батысына дейін бел шешпей атқаратын ауыр жұмысының өтеуі қалай бағаланады? Қосалқы құрылыс фирмалары «ойыншыққа» айнал­дырған құқықтарын кім қорғайды? Бір ғана мысал: жақында кеш­тетіп бір құрылыс нысанында болдық.  Ел орынға отыратын уақыт болса да құрылысшы жігіттер электр жарығымен жұмысты қыздырып-ақ жатыр екен. – Күніне қанша сағат жұмыс істейсіңдер? – Таңертеңгі сегізден күн бат­қан­ша, қажет болғанда, түн ортасы ауған­ша істей береміз, – деді өзін Ай­дос деп таныстырған жігіт. – Еңбек шартында қалай көр­се­тілген? – Оны кім біліпті. Жұмысқа қабы­лданғанда бір қағазға қол қойдық, онда не жазылғанын да оқығанымыз жоқ. Ол еңбек шартында не тұр дейсіз, бәрібір бастықтардың айтқаны болады ғой... Қосалқы құрылыс фирма­ла­рындағы «жеке кәсіпкер» атын жамылған бригадирлердің қо­лын­дағы еңбек шарттарында құры­лысшылардың жұмыс уақыты заң бойынша аптасына 40 сағат деп жазылған. Айдостың айтуына қарағанда, олардың жұмыс уақыты 80 сағаттан асып жығылады екен. Ол үшін оларға қосымша жалақы да төленбейді. Еңбек шартында не жазылғанын да білмейтін жастар өздерінің заңды құқықтарын да талап ете алмайды. Міне, гәп осында. Елімізде қабылданған «Еңбек кодексінің» талаптарында еңбек шартына айрықша басымдық берілген. Басқаша айтқанда, құрылыстағы жалдамалы жұмыс істеушілердің құқы мен мүддесін қорғайтын жал­ғыз құжат – осы еңбек шарты. Сон­дықтан оған әсте жүрдім-бардым қарауға болмайды. Осы ретте құрылыс фирмаларына жұмыс­қа қабылданушыларға, ауылдан келген ағайындарға ерек­ше ескертетініміз, жұмыс беру­­шілермен міндетті түрде еңбек шартын жасасып, еңбек шартына қол қойған кезде өздерінің құқықтары мен мүдде­лерінің толықтай жазылуына барынша көңіл аударулары керек. Бетін аулақ қылсын, құрылыс алаңдарындағы апатты оқиғалардан зардап шеккендердің де, жұмыс берушілермен әлдебір кикілжіңге тап болғандардың да заң жүзінде сүйенері – осы еңбек шарты. Ендеше, нарықтық қа­тынастар заманында өз құқың мен өз мүддеңді тек қана өзің қор­ғауға тиіс екендігіңді естен шы­ғармайық, ағайын! Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»