Былтыр күзде Қазақстанның және Ресейдің бірлескен кәсіпорындары астықты өлкеде «Биоплант Флора» органикалық-минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылысын бастаған еді. Оның бірінші кезегін жазда қосып, жылына 12 мың тонна өнім өндіру белгіленген. Толық қуатына жеткен жағдайда өнімділік 60 мың тоннаға дейін артатын болады.
Жақында «Goldhein investments limited» компаниясының басшылары Қызылжар өңіріне атбасын тіреп, тағы бір тың жоба әкелді. «Газ баллондарын шығаратын зауыт» инвестициялық жобасының таныстыру рәсіміне облыс әкімі Серік Біләлов, ведомоство, кәсіпорын басшылары қатысып, бағдарлама жан-жақты ой елегінен өткізілді. Компания жетекшісі Давид Варагян тыңайтқыштар зауыты кешеніне 5 мың бас ірі қара малын бордақылайтын ферма, көкөніс өсіретін жылыжайлар, мұнай өндіретін кәсіпорын кіретінін, бұл мақсаттар үшін 8 миллиард доллар инвестиция құйылғанын айта келіп, Германияның және Италияның озық технологиясына негізделген жаңа жобаның артықшылықтарын әңгімеледі. Оның сөзіне қарағанда, айына автомобильдерге арналған жоғары қысымды 12 мың дана газ баллондарын шығаратын зауыт әлемнің 20 елінде ғана бар көрінеді. Сервистік қызметтерді қоса есептегенде қосымша 500 жұмыс орнын ашу мүмкіндігі бар. Құрал-жабдықтарды орнату, құрастыру соншалықты көп уақытты алмайтынға ұқсайды. Іске дереу кіріссек, төрт айдың ішінде алғашқы өнімдер солтүстікқазақстандық тұтынушылармен қатар шет елдерге де жол табар еді, деді сөзінің соңында Д.Варагян. «IGVI» компаниясы басқармасының төрағасы Саркис Гавриелян алдымен өзімен ала келген бейнефильмді жиналғандар назарына ұсынды. Онда Еревандағы газ баллондарын шығаратын зауыттың тыныс-тіршілігі бейнеленіпті. Жобаның құны 30 миллион долларды құрайды. Арнайы қондырғыларды көліктің кез келген түріне орнатуға болады.
Солтүстік өңірге қаржы құюға бекінген инвесторлардың пікірлері мұқият тыңдалғаннан кейін таңдау неліктен осында түсті деген сауал тасталды. Оған шикізатты Ресейден Арменияға тасымалдау қолайсыз. Мәселен, шикізаттың бір тоннасы 300 долларға түссе, Солтүстік Қазақстанға жеткізу он еседей арзан. Алдымен экономикалық жағы жете ескерілді. Сұраныс жайына келсек, одан да ұтылмасымыз анық. Табиғи газды пайдалану жанар-жағармай және дизель отындарына қарағанда арзан әрі экологиялық жағынан таза деген жауап берілді.
Серік Сұлтанғазыұлы өз сөзінде нысан толық пайдалануға берілгенде жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасатынын, салық көздері кеңейетінін баса айтты. Зауытты Петерфельд ауылына емес, облыс орталығына орналастыру қай жағынан тиімді келетінін нақты мысалдармен дәлелдеді. Жиында инвесторлардың ұсынысы қабыл алынып, ғимарат бөлу, басқа да ағымдық мәселелерді жедел шешу үшін тиісті орындарға тапсырмалар берілді. Зауыттың алғашқы өнімдері маусымда шығарылатын болды.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.