01 Қараша, 2016

Ішкі әуе тасымалдарындағы тарифтер тексеріледі

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы ішкі әуе тасымалдарындағы тарифтерге қатысты тексеруді тапсырды.
«Авиация саласында ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Осы ретте транзиттік әлеует артып келеді, яғни Астана арқылы өте көп рейстер шығып жатыр. Бүгінде Еуропаға, оның ішінде Парижге қарай бағдарда көбінесе қытайлық туристер біздің рейстерді пайдалануда. Бұл өте жақсы көрсеткіштер, бірақ, сонымен бірге ел ішіндегі тарифтерге қатысты мәселе бар екенін байқап отырмыз. Әсіресе, Астана-Алматы бағдарына қатысты. Бұл тұрғыда ҚР Ұлттық экономика министрлігі тиісті зерттеу шараларына кіріскен болатын», деді Б. Сағынтаев.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев кейбір бағыттар бойынша едәуір тарифтер өсімі бар екенін жеткізді. Осы орайда ішкі әуе тасымалындағы Астана-Орал, Астана-Алматы бағдарларында бұндай жағдай байқалып отырған көрінеді.
Қазіргі кезде Табиғи монополияларды реттеу комитеті тасымалдың өзіндік құнын анықтауға тырысуда. «Өкінішке қарай, компаниялар рейстерді орындаудың өзіндік құнына байланысты мәліметтерді беруден бас тартуда. «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің мүшесі ретінде ресми түрде қорға, сәйкесінше оның еншілес компаниясына рейстерді орындаудағы өзіндік құнына қатысты барлық есеп-қисапты ұсыну туралы сауал жолдағым келеді. Осы мәліметтерден кейін бағаны өсіру қаншалықты негізді екені жайында шешім шығаруға болады»-деді Қ. Бишімбаев. Бұл тұрғыда Үкімет басшысы Б. Сағынтаев осы бағыттағы шараларды соңына дейін жеткізіп, заң бұзушылықтар орын алған жағдайда заңнамаға сәйкес, тиісті шешім қабылдау керектігін жүктеді.