Елімізде дене шынықтыру мен спорттың дамуына, оның бұқаралық сипат алуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл саладағы ең басты мақсат – жергілікті тұрғындардың, оның ішінде жастардың саламатты өмір салтын ұстану арқылы денсаулығын сақтауға ықпал ету, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру. Міне, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Жамбыл облысы, Шу қаласында ашылған заманауи денешынықтыру және сауықтыру кешені осы бағытта өз жұмысын бастап кетті. КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Цхайдың бастамасымен қолға алынған бұл спорт кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынды. Жобалық сметалық құны 480 млн. теңгені құрайды.
Алдағы уақытта спорт сүйетін балалардың нағыз ордасына айналатын бұл жаңа ғимарат спорттық-сауықтыру блогы мен жатақханадан тұрады. Сондай-ақ, тренажер, таэквондо, бокс, күрес залдарымен қамтылған. 24 төсек-орынға арналған он бөлме, 16 орынға арналған асхана және буфет бар. Осы тұста айта кету керек, бүгінгі күні облыстағы жалпы спорт нысандарының саны 2016-ны құрайды.
Соңғы жылдары бұл өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған нысандар қатары көбейіп келеді. Соның дәлелі ретінде Шу қаласында ашылған «Арайлым» балабақшасын да айтуға болады. 150 орындық үш қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын мердігер «Компания-Марк» ЖШС өткен жылы бастаған болатын. Жобаның жалпы құны 340 млн теңгені құрайды.
Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында ашылған елуінші балабақша екен. Қазіргі таңда Шу ауданда 943 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. «Арайлым» балабақшасында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге білім беру және оқыту үшін қажетті нәрсенің бәрі бар. Балабақшада музыка, спорт залдары, ойын бөлмелері, төрт медициналық кабинет, әкімшілік кеңселер, сондай-ақ балалар ойын алаңы соғылған.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН