«Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері», грек-рим күресінің майталман шебері Жамбыл Тасеменов өткен ғасырдың 60-70-шы жылдары Одаққа кеңінен танылып, талай байрақты бәсекелерде топ жарды. Қазақстанның, Өзбекстан мен Қырғызстанның чемпионы, КСРО Қарулы Күштерінің жастар арасындағы чемпионы, КСРО халықтары ІV Спартакиадасының жүлдегері атанған. Біз Қызылжар өңірінің тұрғындары тәжірибелі спортшы, тәлімгер ұстаз ретінде жақсы білетін Жамбыл Серғазыұлымен жолыққанда, спортқа қалай келгенін сұраған едік.
– Ауыл баласымыз ғой, жастайымыздан шынығып өстік. Бір шаңырақта жалғыз тәрбиеленсем де, ата-анам көп еркелете қойған жоқ. Әкем соғыстан мүгедек болып оралғандықтан, айтқанын екі етпейтінмін. Қай жұмысқа салса да, еңсеріп тастаймын. Жиын-тойларда жасыңа, салмағыңа қарамастан, белдестіре беретін. Қарсылас шақ келтірмейтінмін. «Күш атасын танымас» деген осы шығар. «Балуан бала» атанып, кеудеме нан пісіп жүріп, кәсіби күрестің қандай екеніне есейе келе көзім жетті. Күрес секциясына баратын Ақылбай Бектасов деген студент жігіт өзінен әлдеқайда зор, денесі еңгезердей ауылдасымыз Әлім Дәуітовті жерге алып ұрғанда, таңданысымды жасыра алмадым. Осыдан кейін бойымда күреске деген ерен қызығушылық оянды. Оның қыр-сырын меңгеруіме алғашқы ұстазым Қапен Әбдірахманов көп көмектесті. Бір аяғын майдан даласында қалдырғандықтан, қос балдаққа сүйеніп жүретін. Дене шынықтыру сабағында жаттығу қимылдарын көрсету үлкен күшке түсетіндіктен, көмекшілікке мені алатын. «Сенен түбінде жақсы спортшы шығады» деп мақтап қоятын.
– Бала кезіңізден армандаған күреспен институт қабырғасында жүйелі айналысқан боларсыз?
– 1962 жылы құжаттарымды Алматы ауыл шаруашылығы институтына тапсырып, физикадан – төрт, қалған пәндерден бес алсам да, конкурстан өте алмай, елге оралуыма тура келді. Бір қуанғаным, Петропавл педагогика институтына емтихансыз қабылдандым. Сөйтіп, агротехника факультетін бітіріп, химия және биология мамандығын алып шықтым.
Осында оқып жүргенде, білікті бапкер Виктор Виктің қарамағында жаттығып, түрлі жарыстарға қатыса бастадым. Бастапқыда еркін күреспен айналыстым. Алғашқы белдесуім есімде ұмытылмастай жатталып қалыпты. Боз кілем үстінде 52 кило салмақ дәрежесі бойынша жерлесім, Қазақстанның чемпионы Амангелді Хамитовпен белдесіп, жеңілістің ащы дәмін таттым. Көп ұзамай, классикалық (қазіргі грек-рим) күреске біржола ауыстым. Облыстық чемпионаттың ақтық белдесуінде тәжірибелі Михаил Лиді айқын басымдықпен ұттым. Семейде өткен студенттер біріншілігінде бірден Еуропа чемпионы Владимир Бакулинмен кездесіп, ұпай санымен ғана ұтылдым.
– Арадағы 4 жылдан кейін Мәскеуде өткен КСРО халықтарының Спартакиадасында Қырғызстанның атынан белдесіп, онымен итжығыс түскен жоқсыз ба?
– Онда алдыма Иван Кочергин, Владимир Бакулин, Михаил Батов секілді әлем, Еуропа чемпиондарын алға салып, жалпы есепте 4-ші орынды еншіледім. Байрақты бәсекенің ең жас қатысушысы, бір жағынан спорт шеберлігіне кандидат бола тұра, Олимпиада, әлем чемпионы Сергей Рыбалконы ұтуым қатты сүйсіндірсе керек, КСРО Күрес федерациясының жетекшісі Иван Катулин «Советский спорт» газетіне: «Неизвестный борец из Киргизии Жамбул Тасеменов очень удачно выступил на Спартакиаде и теперь включен в состав олимпийской сборной СССР», – деп жазды. 1968 жылы Қазақстан біріншілігінде В. Бакулинді 3 балл айырмасымен ұтып, күміс медальды қанжығаға олжаладым.
– Өзбекстан мен Қырғызстанның намысын қалай қорғап жүрсіз?
– 1964 жылы Виктор Вик екеуіміз Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтеу үшін Өзбекстанға жіберілдік. Онда барғасын 52 килограмм салмақ бойынша Түркістан әскери округінің, Өзбекстанның екі дүркін чемпионы атандым. Өзбек ағайындар түпкілікті қалу жөнінде ұсыныстар айтып, азғыра бастады. Өтініштерін орындаудан бас тартып едім, құрамадан алып тастады. 1967 жылы Мәскеуде өтетін КСРО халықтары Спартакиадасына қатыса алмайтынымды ойлап, қатты қиналдым. Әскери бөлімнің спорт жөніндегі басшысы А. Дружконың жәрдемінің арқасында әскери борышымды Қырғызстанда жалғастырдым. Мұнда да ел біріншілігін жеңіп алдым. Обалы нешік, қырғыз бауырлар ұлттық құрамаға қабылдап, Фрунзе қаласынан екі бөлмелі пәтер тарту етуге уәде етті. Бірақ әке-шешемді, туған-туыстарымды, құлын-тайдай тебісіп өскен достарымды қимай, елге келдім.
Олимпиада алдында ұлттық құрама сапында жаттығуларға, ірі жарыстарға қатыстым. Аргентинадағы әлем біріншілігі қарсаңында еліміздің бас жаттықтырушысы А.Колесов Цхадзоры қаласына жаттығуға апарды. Поддубный атындағы Бүкілодақтық турнирде әзербайжан балуаны менен бір ұпаймен басым түсті. Ол кейін Оңтүстік Америкада әлем тәжін киді. Варшавадағы Пытлисински атындағы І халықаралық жарыста поляк Ян Михайликті айқын жеңдім. Ол жарты жылдан кейін әлем чемпионы болды. Міне, бап келіссе де, кейде бақ жанбай жатады. Бәрінен де жүйкені жұқартатыны, қазақстандық балуандардың асығы алшысынан түсіп тұрса да, құрамаға көбіне ресейліктер алынатын. Бұған налысақ та, іштей тынатынбыз. 1970 жылы үлкен спортпен біржола қоштастым.
– Сіздің спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатты ашудағы ерекше қажыр-қайратыңыз бен белсенділігіңіз ерекше аталады.
– 1994 жылы маған қатардағы мектеп-интернатты басқару сеніп тапсырылды. Бұған дейін олимпиадалық резерв дайындайтын спорт орталығын ашу жөнінде мәселе көтеріп жүргенмін. Соның орайы келгенін түсініп, үш жылдың ішінде спорттық бағыттағы білім үйіне айналдырдық. Қазір мұнда тәжірибелі бапкерлер жұмыс істейді. Материалдық-техникалық базасы нығайып, республикалық мәртебе алды.
Шәкірттерім өзімнен озды, оған тек қуанамын. Кикбоксшылар Әмір Тінәлин, Мирас Бірімжанов, Самат Қадырбеков, балуандар Мақсат Нүсіпов, Ренат Нығматуллин, жеңіл атлеттер Маргарита Мацко, Андрей Белоусов, велошабандоздар Наталья Стефанская, Елена Обатурова, конькишілер Наталья Рыбакова, Елена Урванцева, Дмитрий Бабенко, Роман Креч және басқалары әлем, Еуропа, Азия біріншіліктерінде талай рет жеңімпаз, жүлдегер болды.
Өткеніме үңіліп, ой жіберетін болсам, өмірімді спортсыз, оның ішінде күрессіз елестету қиын.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан
ПЕТРОПАВЛ