02 Қараша, 2016

Жастар театрының жаңалығы

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
bal_4516Режиссер Н.Жақыпбайдың Шыңғыс ханы бұған дейін сахналанып келген тарихи тұлға туралы туындыларға мүлдем ұқсамайды Жастар театрының құрылғанына биыл он жыл толып отыр. Шығар­машылық ұжым үшін бұл оқиғаның мәні де, маңызы да айрықша. Мұны тілге тиек етудегі себеп, Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан» әфсанасы өмірге келгелі бері де осыншама мерзім өткен. Он жыл бұрын елорда төрінде бой көтерген жас театрдың осы туындымен ашылуы сірә, тегін болмаса керек-ті. – «Керемет жаңалық аштық деп есептемейміз, бірақ жастардың талғамына сай, солардың тілінде, көпсөзділіктен гөрі оқиғаны әре­кетке қарай құрып, музыка мен пластикаға басымдық беріп жұмыс істеудеміз. Қазіргі компьютермен өсіп келе жатқан жастар «Менің елімде неге Мәскеудегідей, болмаса Еуропаның алуан бағыттағы театрларындай сан қырлы театр жоқ? Бродвей театрының спек­такльдеріндей қойылымды мен неге өз елімнен тамашалай алмаймын?» – деп намыстанбасын, әлемнен іздейтін ерекшелікті өз елінен, ұлттық өнерінен тапсын деген мақсат әр қойылымды қолға алған сайын көкейімізде тұрады. Әрине, біз қанша ұмтылғанымызбен, еуропалық, мәскеулік театрлар бола алмаймыз, әлемдік классиканы сахналаумен басы бүтін шетелдік болып кетпесіміз тағы анық. Қойылымдарымыздан бәрібір қазақтың иісі аңқып тұрады», – дейді бұл жөнінде театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. «...Жарты әлемді жаулаған жаһан әміршісін тізе бүктірген нендей күш?», «Соңғы демі үзілгенше, айналасын қаһарымен қалтыратып келген ұлы Қаһанның ажалы әлсіз әйел­ден болды десе, сенер ме едіңіз?», «Маңдайға жазылған тағдыр­дан пенде біткеннің қашып құтылуы мүмкін бе?..» Ұлы әмірші – Шыңғыс ханның тылсымға толы талайлы тағдырын оқиға өзегіне айналдырған қойылым өмірдің осындай өзекжарды сауалдарына жауап іздейді. Өмір мен өлім, нәпсі мен сабыр, ақиқат пен аңыз арасындағы адам баласы түсініп болмас тылсым сырлардың қатпарларын ашуға ұмтылған суреткерлік сараптаудан режиссердің Шыңғыс ханды өзгеше көруге, тұлға тағдырын өзгеше байыптауға талпынғанын көресіз. Қойылым бұған дейін біз танып келген қаһарына мінген ат пен тақ үстіндегі жеңімпаз қаһан емес, қарапайым адами сезімдерді серік еткен: қуана отырып мұңайған, сене отырып жерінген, сүйе отырып безінген пенде Шыңғыс ханның күйкі тірліктің күйбеңіне шырмалған көңіл қатпарларынан сыр қозғайды. Және ол бейне актер, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Әділ Ахметовтің ойынында өзіндік көркемдік биікке көтерілген. Сонысымен де спектакль көрерменін бей-жай қалдырмайды. Алладан берілген шыбын жан пенде біткенге: ханға да, қараға да бірдей қымбат, бірдей қастерлі екендігін ұғынасыз. Сөйтіп, адамзат тіріде ешқашан өлмейтін өмірдің осындай ұлы сауалдарына жауап тапқандай, жүрекке тиерлік ғаламат бір толқыныспен шымылдық жабасыз. Өнердің діттегені де осы ғой... Иә, «Шыңғысханның» мерей­тойлық маусымның басты жаңа­лығына айналуы тарихи заңдылық секілді. Жеңімпаз жайлы шығар­мамен ту тіккен театр, күні бүгінге дейін сол байрақты төмен түсірмей, өнер аламанында дәйім жеңімпаз болып келеді. Еске сала кетсек, 2010 жылы Алматыдағы Азия мемле­кеттерінің III халықаралық театрлар фестивалінде аталмыш қойылым «Үздік режиссура» және «Үздік Шыңғысхан рөлі» аталымындағы қос бірдей жүлдені қанжығасына байласа, осы жылдың қыркүйек айында Беларусь Республикасының Брест қаласында өткен Халықаралық «Белая Вежа – 2016» фестивалінде «Ең әсерлі қойылым» («За зрелищное воплощение поэтических притч») номинациясында жеңімпаз деп танылды. Бұл – байтақ сапардың басы ғана. Алда әлі талай жеңістер күтіп тұр... Назерке ЖҰМАБАЙ АСТАНА Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ