02 Қараша, 2016

Әлемнің танымал хирургтері бас қосты

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
img-20161021-wa0003Алматыда «Royal Tulip Almaty» қонақүйінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталықтың ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстандағы хирургия қызметі дамуының жетістіктері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция табыспен өтті. Жиынға 300-ден астам отандық дәрігерлер мен алыс-жақын шетелдің 20 елінен келген 40-қа жуық жетекші маман қатысты. Конференцияны Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева ашып, ведомство басшысы Тамара Дүйсенованың лебізін жеткізді. Онда А.Н.Сызғанов атындағы ХҰҒО – хирургиялық және трансплантологиялық көмекті дамыту бойынша жетекші емдеу орнының бірі екендігі, өткен жылы елімізде жасалған мүше алмастыру трансплантациясының 68-і, сонымен бірге, 5 мыңға жуық хирургиялық ота жасалып, 4 мыңнан астам пациентке хирургиялық көмек көрсетілгені, бүгінде орталық аймақтық ауруханаларда көрсетілетін білікті әрі сапалы медициналық көмекке, азаматтар арасындағы өлім-жітімді азайтуға негізделген инновациялар енгізу шараларын сәтті жүзеге асырып келе жатқандығы атап өтілді. Бүгінде еліміздегі хирур­гияның даму деңгейіне тоқталсақ, дүниежүзінде жасалатын операциялардың негізгілері қазір Қазақстанда жасалуда. Мәселен, тәуелсіздік жылдары бауырды транспланттау – 155, соның ішінде бір жасқа дейінгі балаларға – 11, бүйректі транспланттау – 720, соңғы 4 жылда 40-қа жуық жүрек трансплантациясы жүзеге асқан. Конгрестің бұрынғы өткізіліп келген жиындардан ерекшелігі – үш күн бойына дүние жүзінің хирургия саласын дамытуға үлес қосып жүрген танымал мамандары мен еліміздің тәжірибелі хирургтары бас қосып, отаның ең ауыр түрлері бойынша шеберлік-кластарын өткізіп, тәжірибе алмасты. Олардың қатарында О.Альфиери (Италия), А.Богачева-Прокофьева (Ресей), Кенго Канатека (Жапония), Болат Баймаханов (Қазақстан), т.б. белгілі мамандар бар. – Бұл конференция тек бас қосу емес, ол әдістемелік, тәжірибелік конференция. Мәселен, бізде бұрын-соңды болмаған өңештің қатерлі ісігін кеспей алу секілді күрделі операциялар жасалды, – деді А.Н.Сызғанов атындағы ХҰҒО басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов. – Торакоскопиялық эзофагэктомия шеберлік сабағын Жапониядан келген әлемге танымал атақты профессор Кенго Канатека өткізді. 5 секция бойынша бірден бес түрлі операция жасалды. Алғашқы күннің өзінде жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы 10 операция жасалып үлгерді. Біздің мақсатымыз – тек шеберлік сабақтарын өткізіп қоя салу емес, осы көрген тәжірибелерді өзімізде енгізу. Иә, елімізге дүние жүзінің ең танымал кәсіби мамандарын жинаудың өзі Қазақстандағы хирургия саласының даму деңгейін көрсетсе керек. Конференция жұмысы 6 секция бойынша жүргізіліп, тезис қабылданды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»