Ведомстволық басылымдар – сала қызметінің айнасы іспетті. Осындай басылымдар арқылы белгілі бір саланың шежіресі жасалады, тарихы түзіледі. Еліміздегі ауқымды салалардың бірі – ішкі істер органдары. Біз «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС-нің бас директоры Бимаханбет АСАНОВПЕН қоғамдағы түрлі оқиғаларға және құқық қорғаушылардың күнделікті тыныс-тіршілігіне тереңірек үңілетін газет-журналдардың жай-күйі төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік.
– Сіз басқаратын «Медиа орталық» «Сақшы» газетінің, «Полиция.kz», «Ардагер», «Есірткісіз болашақ» секілді журналдардың басын біріктіретінін білеміз. Орталыққа қандай міндет жүктелген?
– Ішкі істер министрлігі – құрылымы күрделі әрі ауқымды сала. Бұрын жеке министрлік болған Төтенше жағдайлар комитеті мен Әділет министрлігінің құрамындағы Қылмыстық атқару жүйесі комитеті қазір осы ведомствоның қол астында. Бұл – министрліктің жеке құрам саны да артты деген сөз. Бұған өзіндік дәстүрі мен даңғыл жолы бар Ұлттық ұлан сарбаздарын қосыңыз. Медиа орталық – осы қызметтердің ақпараттық «кеңесі» іспетті, яғни ол ішкі істер саласындағы өзіндік орны бар ақпараттық-насихат орталығы. Орталықтың басты міндеті – өз басылымдары арқылы қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру, ішкі істер органдарындағы игілікті істерді насихаттау, аға буынның ерлігін дәріптеу, жас маманды патриоттыққа баулу.
– Еліміздегі салалық, ведомстволық басылымдарға көңіліңіз тола ма?
– Журналистика тарихында салалық басылымдардың маңызы жоғары. Себебі, әр газет-журналдың өзіндік тарихы бар. Олардың бір кездері шетке ығысып қалғаны да шындық. Жалпы, кез келген ведомстволық басылымда сол саланың тарихы жазылады. Мәселен, сексен жылдан астам уақыт бойы шығып келе жатқан «Сақшы» газетінің беттерінен өте құнды мәліметтерді таба аласыз. Алғашқы милиция мекемелерінің қашан, қайда құрылғаны, алғашқы басшылардың кімдер болғаны, қандай идеологиялық міндеттер жүктелгені туралы қызықты деректер газет тігінділерінде бар.
Жалпы, салалық басылымдар да өздерінің шыңдалу, жетілу, ілгерілеу, толысу кезеңдерін бастан өткерді. Бүгінде әр басылым өз міндетін шама-шарқынша орындап келеді. Ал қойылған межеден шығу басшылықтың жұмысты ұйымдастыру қабілеті мен ұжымның кәсіби біліктілігіне байланысты.
– Қызметкерлер өздеріне қойылған талаптар үдесінен шыға алып жатыр ма?
– Қазіргі таңда Медиа орталық «Сақшы», «На страже» газеттері мен «Полиция.kz» журналын тұрақты жариялап келеді. Бұл басылымдардың таралымы, оқылуы, тақырыптық тартымдылығы, әрине, орталықта қызмет етіп жүрген журналистерге байланысты. Ғасырға жуық уақыттан бері құқықтық журналистиканың мектебін қалыптастырған «Сақшы», «На страже» секілді басылымдар талай тілшінің алғашқы баспалдағы бола білді. Ведомстволық басылымдар әр журналистен тек тілшілікті емес, заңгер, қорғаушы, тергеуші, кейде тіпті, судья болуды «талап етеді». Заңды білу, оның әр бабын зерделей алу, әр ойын халыққа түсінікті етіп жеткізу – тілшіге қойылар басты талаптар.
– Бұл басылымдардағы журналистердің әлеуметтік жағынан қорғалуы қалай?
– Бүгінгідей, бір жағынан әлемдік дағдарыс алқымнан алып, екінші жағынан ақпараттық технологиялардың рөлі күшейіп келе жатқан заманда біздің негізгі мақсатымыз – қызметкерлеріміздің жұмыс орнын сақтап қалу. Орталық тарапынан қызметкерлерге ұжымдық шарт негізінде жеке және отбасылық жағдайларға байланысты қаржылай материалдық көмек беру де қарастырылған.
– Ведомстволық басылымдардың мазмұны азаматтық сипатқа қарай ойысты ғой. Бұрын мұндай басылымдарда еңбек ететін тілшілердің арнайы шендері болатын, қазір ше?
– Жоқ, қазір тілшілер шен тақпайды. Алайда, газет ұжымы тығыз жұмыс істейтін еліміздегі барлық облыстық және қалалық ішкі істер, төтенше жағдайлар, қылмыстық атқару жүйесі департаменттері баспасөз орталықтары қызметкерлерінің дені – полиция қызметкерлері.
– Ведомстволық басылымдарға ортақ проблема бар ма? Болса қандай?
– Ведомстволық басылымдардың бәріне ортақ бір мәселесі бар, ол – салалық кәсіби журналистердің жетіспеушілігі. Бізде ЖОО-да құқықтық сала төңірегінде қалам тербейтін тілшілер арнайы даярланбайды. Соның салдарынан газетке жаңадан келген жас журналистің құқықтық сауатын арттыруға, заң білімін жетілдіруге біраз уақыт кетеді. Бұл ретте, олардың білім-біліктілігін арттыратын семинар-тренингтерді жиі ұйымдастырған дұрыс.
Бір қуанарлығы, соңғы кездері газетімізге тек баспасөз орталығының ғана емес, жекелеген мекеме, департамент, басқарма басшылығы мен қатардағы полиция қызметкерлері де өз ойларын қағазға түсіріп, редакцияға жібереді. Шалғай орналасқан аудан, ауыл тұрғындарынан да, алыстағы ауыл сақшыларынан да хаттар жиі келеді. Біздің басты міндетіміз – газет пен халықтың байланысын үзбеу.
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»