02 Қараша, 2016

Сын мен сыншылдықты ажырата білейік

453 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
smagul-elubay Жалпы, қазақ баспасөзіне еркіндік шамамен 1988 жылдардан бастап тиді. Үлкен ұлттық құндылықтар, ел, жер, тіл, дін деген мәселелер сол жылдардан бастап көтерілді. Содан бері қазақ баспасөзінің қазақ оқырмандарының ұлттық санасын көтерудегі рөлі өте күшті болды. Ұлттық құндылықтар жолындағы күрестің алғы шебінде қазақ баспасөзі, қазақ журналистері жүрді. Қайта құрудан бері ұлттық сананы қалыптастыруда қазақ журналистикасы алдына жан салған жоқ. Әдебиет те, кино да одан кейін тұрды. Бұл – үлкен тарихи ақиқат. Енді осынау бүкіл ұлттың санасын 25-30 жыл уақыттан бері көтеру үшін күрескен қаламгерлердің, әсіресе, журналист қауымының жағ­дайы қалай? Бұл ретте, көп мәселе, әрине, әлеуметтік жағ­дайға да келіп тіреледі. Бүгінде олардың тұрмыс-жағдайы тіптен шешілмеген күйі қалды деп ойлаймын. Егер оларды ынталандыру, қаламақы төлеу мәселесіне келетін болсақ, ол тіпті айтуға да тұрмайды. Кеңес заманында журналистер кезекке тұрып болсын, әйтеуір үй алатын. Қазіргі заманда ондай кезек деген жоқ. Ал олардың қаламақысы үй алмақ тұрмақ, күнделікті тірліктеріне әрең жетіп жүреді. Талантты балалар кішкентай қаламақысымен әйтеуір өз мамандығын сүйетіндіктен жүре береді салпақтап. Азын-аулақ ақшамен не үй ала алмайды, не жағдайын түзей алмайды. Осындай көңіл-күймен жүріп жатқан жайлары бар журналистердің. Мен бұл жағдайды білгендіктен айтып отырмын. Сондықтан жур­налистердің, әсіресе, респуб­ликалық басылымдарда қызмет етіп жүрген журналистердің қалам­ақысы қатты толғандыратын, Үкіметті ойландыратын проблема деп білемін. Мынандай да мәселе бар. Мә­селен, республикалық баспасөз бол­ғаннан кейін онда айтылған мәселелер, өкінішке қарай, мем­ле­кеттік құрылымдарда, орган­дарда талқыланбайды-ау деп ойлаймын. Кеңес заманында жақсы бір дәстүр болатын. Бел­гілі бір мекеме, я болмаса ұйым республикалық баспасөздің сынына іліксе, ол міндетті түрде сол партиялық ұйымдарда қара­латын-тұғын. Сөйтіп, сыннан қо­ры­тынды шығаруға тырысатын. Яғни, баспасөздің мемлекеттік құрылымдарға, жүйеге әсері өте күшті еді. Қазір біздің газеттердің айтқан мәселелерін назарда ұстай­тын мекемелерді табу қиынға айналды. Құлақ аспайтын болды. Кей жағдайда тіпті журналистерге есіктерін де ашпайтын, ақпарат та бермейтін жағдайға жеттік. Телеарнаның орны бөлек. Теле­арнаны бүкіл халық, жоғары басшылар да көретін болғаннан кейін оған көп жерде есік ашылады және оның сындарына, талап-тілектеріне жауап беріліп жатады. Осы дәстүр газет-жур­налдардың да тірлігіне айналса, олардың пікірлерін тиісті мекемелер қабылдап, қорытынды шығарып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұндай нәтижеге жету үшін, меніңше, республикалық газеттердің тісі шығуы керек. Тісі шықпаған баладай болмауы тиіс. Тіс деген балаға өмір сүру үшін қажет. Себебі, ол болмаса, бала өмір сүре алмайды. Демек, газетке де сын өмір сүру үшін керек деп білемін. Сыны жоқ болса, газет те өмір сүре алмайды. Сын дегенде мен сыншылдықты айтып отырған жоқпын. Оның түкке керегі жоқ. Сыншылдықпен бастан-аяқ, 100 пайыз Үкіметтің істеп отырған ісін теріске шығарып отыру – ол сын емес. Ол – мін­шіл­дік, сыншылдық. Негізінен, рес­публикалық газеттердің міндеті – кез келген мекеменің, кез келген басшының кемшілігін көрсете отырып, біздің жалпы, ортақ Тәуелсіз мемлекетімізді кемшіліктерден, кедергілерден арылту. Бұл – кедер­гілерді жолдан сыпырып тастау деген сөз. Ол үшін жақсы сын материалдарды бере білу керек. Бұл жерде сын мен сыншылдықтың ара-жігі бөлек. Ал ешқандай сын жазбай, бәрі жақсы деп отыру – республикалық басылымдарға жараспайтын қылық. Әрине, өмірімізге оптимизммен қараған жөн, бірақ көптеген нәрсенің көлеңкелі тұсымен күрес­песек, ол да адамды тойдыратын оптимизмге айналуы мүмкін. Мем­лекеттік газеттерге айтатын менің сынымның бірі – осы. Қазір бәсекелестік заманы. Мә­селен, әлеуметтік желі халықтың жаңалық қарайтын құралына айналды. Ал газет таң атқаннан кеш батқанға дейін қолымызға тиіп жатқан жоқ қой. Пошта үйге аптасына 3 рет келеді. Ал интернет әрдайым сенің қолыңда жүр. Таң­ертең де, кешке де күніне бірнеше рет ондағы жаңалықтарды қараймыз. Мәселен, мен Facebook-ті қараймын. Онда, әрине, артық нәрселер де шығып жатады, бірақ, сонымен қатар, пайдалы дүниелер де жоқ емес. Жұрт баспасөздегі, мейлі ол республикалық басы­лымдардағы бола ма, мейлі ол облыстық газет­тердегі бола ма, жақсы материалдарды бір-біріне лақтырып отырады. Жақсы шық­қан телехабарлар да жарияланып тұрады. Мәселен, жақында «Айтуға оңай» бағдарламасынан бір жетім қыздың тағдыры мен өмірі туралы бағдарлама беріліпті. Мен соны Facebook-тен көрдім. Бүгінде кез келген жаңалық жерде жатпайтын болды. Олар міндетті түрде әлеуметтік желіге шығады екен. Қаны тамып тұрған кез келген өмір шындығын интернет сол сәтте, лезде жеткізеді. Сондықтан, қазір жұрттың көбі интернетті, әсіресе, әлеуметтік желі – Facebook-ті қарайтынына көз жеткіздім. Бұл – ақпарат майданында газет-журналдар үшін үлкен бәсеке пайда болды деген сөз. Қазір мен тұрақты түрде интернеттен «Егеменді» қарап отырамын, өйткені, бұл басылымда, ең алдымен, еліміздің негізгі саясаты, ресми хабарлары жария­ланып тұрады. Ол – қажет. Бұдан бөлек, «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы» газеттері, «Жұл­дыз» журналын қа­раймын. Анда-санда «Ана ті­лін» оқимын. Қазір республикалық басылымдар заман ағымына сай, әсіресе, бірінші және соңғы бет­терін түрлі-түсті бояумен әр­лендіруге көше бастады. Бұл, әрине, оң үрдіс деп білемін. Бұл – жақсы тренд. Өйткені, жалпы капитал әлемінде, бүгінгі заманда, барлық газет түрлі-түсті бояумен шығады ғой. Бұл оқырманды тарту үшін де қажет. Жалпы, қазақ журналистикасы жақсы деңгейде деп ойлаймын. Тілі шалаланып қалған қала қазақтарына, кітап оқуға қолы тимей жүрген дала қазақтарына біздің қазақ баспасөзі қазақтың әдеби тілін жеткізуші, таратушы, насихаттаушы болып тұр. Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы