02 Қараша, 2016

Дос жүректер. Аңсарлы әндер

675 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
chelin-sanjuan-28Сезімсіз қалып бара жатқан мына айнала тіршіліктің сал­қынына ұрына бастаған көңіл шіркіннің бір серпіліп, бір сергіп қалғаны да осы болды. Жүрегім оянды! Жаным сергіді! Иә... сол бір көңіл пернесін дір еткізген кеште, белгілі де атақты композитор әрі өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың «Дүние шір­кін...» деп аталатын эссе-элегия кітабының тұсаукесер таныс­ты­рылымында сахнаға шығып пікір білдіргенімде, шалқыған көңіл күйінің шарықтаған шабытымен біразға дейін асқақтап та жүрдім. Бұл ненің құдіреті дер болсам, бұл ән мен күйдің және де менің қос ағатайым, өзімнің өмірлік ұстазым Мырзатай Жолдасбеков пен ән көңілдің ажары Ілия Жақанов сынды тамаша адамдардың бір-бірлеріне деген сыйластықтары мен бір-бірлерінің жан дүниелерін тани білген, бір-бірлерін бағалай білген, бір-бірлерін даралай да, биіктете білген асыл адами қасиеттерінің құдіреті еді. «Дүние шіркіннің...» тұсау­кесер таныстырылымы сол кез­де сексеннің сеңгіріне шыққан Ілия Жақановтың мерейтойымен тұс­па-тұс келсе де, жаны жай­саң Ілия ағамыз «Бүгінгі кеш Мыр­зекеңнің кеші» деп айтудан бір танбаса, сұңғыла Мырзатай ағам «Бүгінгі кеш Ілияның кеші, ән кеші» деумен болды. Апыр-ай, қыз­­ғаныштың қызыл сойылын соғып, қос жүйрігін мәреге қатар жеткізбейтін қазақта да дәл мынандай ірілік танытар мінез бен қасиет қалған екен-ау деген пендешілік бір оймен сахнаға шығып, «домбыраның қос ішегін қатар шертпей ән айтуға да, күй тартуға да болмайтыны сияқты, бүгінгі кешті Мырзатай ағамыз бен Ілия ағамыздың есімдері қатар аталар, қос жүректің аңсар­лы ән кеші деуіміз керек. Бүгінгі кеште сол қос жүрек қатар сөйлеп, сол қос жүрек қатар ән салып тұрғандай әсердеміз» деп кесімді пікір айтып, көңіл шіркіннің тиегін ағытып едім. Әлқисса, әуелгі сөз Ілия Жақа­­новтың «Дүние шіркін...» эссе-элегия кітабы мен Мырзатай аға­­мыздың «Дүние шіркін...» атты ойлы көңілдің ғажайып бір әні хақында болсын да, өмір­ге, сол өмірдің жалғандығы мен жасандылығына, бағы мен бақ­­сыздығына, сол бақ пен тақтың таласты баянсыздығына қарамастан, осы бір ғана кітап та, осы бір ғана ән де тағы да сол өмірдің ақтығы мен пәктігін жүрек тілімен айту үшін домбыраның қос ішегіндей күмбір қаққан сол қос жүректің іңкәрлі әуенін қосып, жан дүниең­ді тербеп те, көңіліңді сезім бе­сігіне салып тербетер де құді­ре­тін сезіндіре алғандығын айтар едік. Ән – өмір! Адам жаны ән мен күйден тұрады. Адам баласын әнмен есті де, есер де қы­луға болады. Ән сол Адам бала­сы­ның ішкі жан дүниесінің айнасы, жүрек тазалығы мен ақыл-парасатының және де ой-ниетінің өлшемі, сезім тербелісі мен көңіл күйінің құдіретті құбылысы! Ән өткен өміріңмен табыстырады, сағынышыңды басады. Ән келер күндеріңе ынтықтырады. Ән көңіліңнің кірін аршиды, таза­лайды, үмітіңді оятады. Ға­шық қылады. Ән – Адамның өзі! Кө­ңілдің күйі! Әрине, мына дүние жайын ән қылып сөйлету үшін жүрек таза болуы керек. Ниет адал болуы керек. Нәзік жа­ның болуы керек. Сол дүние құді­реттің жақсылығы мен сұлулығын ғана көре білетін, соларды ға­на тани білетін сезім керек. Мына дүние­нің кез келген адам бала­сының сезіне алмас тылсым сырларын сезіне білген ән әуеніне де тың­даған жанның көңіл күйін жай­лан­дыратын ақыл мен парасат ке­рек. Ең абзалы, жүрек... жүрек керек! Осы бір ойды Мырзағамның «Дүние шіркін...» әнінің ырғағы айт­қандай болары бар. Осы бір ойды Ілия ағамның әр әнінің әуені қайталап тұрары да бар. Қос жүрек мына дүниенің аң­сарлы әнін мына жарық әлемге қо­сарлана жеткізгісі келгендей сезінемін. Сол сәтте бүгінгі есер заман­ның ессіз әуені еліктіріп те желіктіріп бара жатқан мына даңғазалы дүниенің есті әні мен есті жанын танып аларлар бар ма екен, қалды ма екен өзі деп алаң­дарың да бар. Сол сәтте жаным жүдейді... Құрманғазының «Серпер» күйіне селт етпейтіндер, Ақан серінің «Қара торғай» әнінің әуенінен адам баласының қайғысы мен қасіретін тани алмайтындар, Моцарттың «Айлы түн» сонатасын санасымен қабылдай бермейтіндер мен Шопеннің «Ақ жауын» вальсінің тәттілігін сезіне білмейтіндер ән жазып, ән айтып жүрген мына заманда ендігінің дүниесінен де, ендігінің әнінен де безінгің келері де бар. Дәурен өтіп барады қарай­ламай, Құбылады күн сайын қалай-қалай! Сенің алтын сәулеңе не жетеді, Жарқылдаған тіршілік шарай­надай,  – деген Мырзатай ағамның «Дүние шіркін...» әнінің айтар осы бір ой дүниесінің әуенінде сол дүние шіркінге деген адам бала­сының іңкәрлігі мен махаб­баты, сүйінісі мен күйініші, сүйіс­пеншілігі мен ынтызарлығы, әлде­бір өкініші мен тәтті бір са­ғы­­нышы жатыр. Бәлкім, Мыр­затай ағаның осы әні жайында Ілия Жақановтың: «Дүние шір­­кін...» әні әлгі бір тылсым тұң­ғиық ойдан елең еткізіп, бір ертегі дүниесіндей жайнаған таңға­жайып дүниеге мені жетелей жөнеледі», деп ой тербеуінде кез кел­геніміз тани бермейтін, тіпті, тани да ала алмайтын керемет бір тылсым әуенді сыр жатқан болар. Бәлкім, меніңше, Мырзағам­ның осы бір «Дүние шіркін...» әнінде немістің ұлы ақыны Гете­ден орыстың ұлы ақыны Лер­монтов аударған «Горные верши­ны спять во тьме ночной» деп басталар ғажайып жырын қазақ­тың ұлы ақыны Абайдың «Қа­раңғы түнде тау қалғып» деп аударған және де сол жырды соған пара-пар әнге салған, ән емес-ау, көңіл ырғағына, жүрек тебіренісі мен тербелісіне салған торық­қан жан сезімінің дәл сол Абай күйі жатқандығын аңдар едік. Ойлылардың өмір толқыны мен көңіл толқыны бұл!.. О, сіз ақын Жұбан Молда­ғалиев­тің өлеңіне жазылған Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін білесіз бе?! Осы әнді білсеңіз, әнші болмасаңыз да, сол әнді айтып көріңізші. Құлпырады дала, гүлдейді орман, Емізеді егіз Еділ мен Жайық, – деп басталар осы бір әннің ән әуені тап-таза, мөп-мөлдір, сезім­нің нәзік бір ырғағымен тербеле басталады да, сол жүрек тербелісінің үні одан әрі ән болып өзінен-өзі шығып, өзінен-өзі төгіле береді, төгіле береді. Сол сәтте дүние шіркіннің кеңіп сала бере­рін де, сол дүние шіркіннің жы­лып сала берерін де сезінеріңіз анық. Қа­мығып жүрген көңіліңізді қуаныш кернеп, жабығып жүрген жаныңыз жадырайды. Дүние мүлгиді! Тылсым табиғаттың өзі де үнсіз мүлгиді. Сол мүлгіген дүние­нің құшағында бір өзің жалғыз қалып, тұрғандайсың! Ақ шағала айдын, ақталған арман, Тербеледі кеме, ойнайды қайық, – деген көңіл ырқына көн­бей ке­тіп бара жатқан ән әуенін «а...а...а...а...а...ай...» деген кең ты­нысы­­ңызбен бір қайырып алып: Ағады шалқып, Аққулары қалқып, Еділ мен Жайық! – деп шалқи төгілген ән сезімді сабырлы сабасына бір түсіріп алып, теңіздей толқып, тербелген дүние бесігінде ғана болар жан тыныштығының тәтті бір дәмін сезінесіз де, сол таза да тәтті сол жүрек әуенінің көңіл құсын кеудеңізге қайыра бір қон­дырасыз да, әнмен бірге әуелей бересіз, әуелей бересіз!.. Осы бір «Еділ мен Жайық» әні арқылы Ілия Жақанов бүкіл бір тұтас дүниені өз жүрегінің бесігіне салып тербейді, әлдилейді, аялайды. Сол сәтте мұндай құдіреттің қайнар көзі қайда жатыр екен деп те ойланарыңыз бар. Ілия Жақанов әндерінің бар­лығы да әйтеуір ән жазу үшін күшеніп шыққан көмескі дүние­лер емес, композитордың көңіл толқынының ғажайып үні мен адам баласының жан дүниесінің сырлы сезімінен сығылып алынған тәтті бір бал әуені. Бұл арада Ілия ағаның «Жайлаукөл кештері», «Әсел», «Даниярдың әні» сияқты адам жанының сол бал әуенін шертер әндері қай кезде болмасын, қай заманаларда болмасын, адам жүрегінің түкпіріндегі тұнық бұлақ болып мөлдіреп қала берері анық. Міне, Мырзаға мен Ілия Жақанов жүрек түкпірлеріндегі жан тазалықтарындай сол мөл­дір бұлақ екеуара ән мен жан ұқсас­тықтары «Дүние шіркін...» болып бірін-бірі толықтырып та, тамсандырып та тұрғаны сол! Осы бір ауыз пікірімізді жандандырып, қуаттандыра түсу үшін ақын Фаризаның «Ал, аға... мен көлгірсуді білмеймін, сіздің ән дүниеңіз маған толық аян, ал, ал мына Мырзатай ағамыздың... қалай десем екен...ім... бір ғана «Дү­ние шіркін» деп аталатын әніне әлгі шіркіндердің менің өлеңдеріме жазған қыруар әндерін шалып жіберсем, өкінбес ем», деген адал сыры Ілия Жақановтың айтуымен, қағазға түсірілуімен «Дүние шіркін...» кітабының беттері арқылы (15-ші бет) бізге жетіп отыр. Және де өлмес сөз болып қалып отыр. Саф алтынды тани білерліктей қасиетімен шынайы өнердің, соның ішінде қос бірдей талант иелері Мырзатай Жол­дасбеков пен Ілия Жақанов шығармашылықтарының қасиетін Фариза Оңғарсынова сынды та­биғи тазалықтың адамы тани отырып, айтып кеткен болса, бұл бағаның өлмес мұраға берілген өлмес бағасы деп қабылдарымыз да анық. Алайда... иә, алайда... бар сана­лы ғұмырын қазақ әдебие­ті­нің арғы-бергі тарихын зерттеп-зерделеуге, түрік дүние­сін түгендеуге арнап келе жат­қан ғұлама ғалым Мырзатай Жол­дас­бе­ковтің жан дүниесі мен жан жүрегі осы «Дүние шіркін...» ән күйін неге шертті екен деп ойланарың да бар. Әрине, ән жазып тарихта қалғысы келмегендігі, болмаса бір мақтанды абыройды иеленгісі келмегендігі де басы ашық мәселе. Осы бір ой сау­алына Ілия Жақановтың өзі Мыр­зағаның бір әңгімесінен жауап алғандай болады. «Адам рухани аштықты көте­ре алмайды. Адамның дәрмені, жан жүрегінің қуаты – Музыка! Сұлулық әлемі! Соны сезініп, танып-білуге, содан ләззат алу­ға ынтық болдық. Біз сол тәрбие­мен өсіп-жетіліппіз», деген Мырзатай Жолдасбековтің осы бір ауыз көңіл сырында «Дү­ние шіркіннің...» дүниеге кел­ген­дігінің бар сыры мен бар ақи­қаты жатқандығын ұғынып едік. Ендеше, Мырзағамыздың «Дү­ние шіркін...» әнін сол дүниенің кең­дігі мен кеңістігіндегі адам баласының мына өмірге деген жан құш­тарлығы мен жүрек лүпілі деп таныр едік. Сұлулыққа деген іңкәрлік те, дүниеге деген наз да, өмірге деген махаббат та осы әнде бар жарасымын тапқан. Сол жарасымдылықты айта отырып, ән құ­діретіне қайран қалар едік. Ән өмірдің де, адамның да өзі деге­німіз осы арада бекер болып шықпасы және де бар. Адам баласының жабыққан да қамыққан һәм торыққан жан дүниесін ән тазартып, ашар еді. Ке­шегі Рабиға Есімжанова мен Рахия Қойшыбаева, Ләз­зат Сү­йін­­­дікова мен Ермек Сер­ке­баев, ағайынды Ришат пен Мү­сілім Абдуллиндер, Роза Бағ­ла­нова, Жамал Омарова сынды періш­телердің сұлу да тап-таза ән-үндері кең даланың саумал самалындай көкірегіңді ашар еді. Мырзаға мен Ілия ағаның жан түйсіктері сол бір сұлулықты аң­сай ма деген ой қалды. Өйткені, аңсарлы қос жүректің әуенін зерделей отырып, осы бір тамаша жандарға тән ортақ бір қасиетті, олардың жан мен ар тазалықтарын, өмірге құштарлықтары мен сүйіс­пеншіліктерін таныр едіңіз. Алтынмен торың апталған, Өзегің толы өкініш, – деген Мырзатай ағаның «Тоты­құс» әні, болмаса: Қыз дәурен – қызыл бүлдірген, Өтерін жаздың білдірген, Ойнақтап жүрген Ботаның, Кетерін ұзап кім білген?!. – деген «Қыз дәурен Ақбота» әнінің де өмір аңсарлығы мен көңіл ашарлық қасиетін Ілия Жақанов осы «Дүние шіркін...» кітабында «ұлы тіршілік кеңістігін аңсаған бұла көңілдің сағынышы, аңсауы боп жүрек пернесін сыздата шертті» деп бір түйсе, сонан соң «тың­даушысын терең толғанысқа, тебіреніске түсіреді» деп қайыра бір ой пысықтап, Жолдасбековтің композиторлық қасиеті мен оның әндері мен күйлерінің кеңістігі жайында кеңінен пішілген пікір­лерін Мырзағаңның әндері мен күйлерінің әуен ырғақтарымен дәлелдей сөйлейді. «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» деген Абай хакімнің үнімен үндес тақырыпты эссесінде Ілия Жақанов «Қосбасар» – қазақтың күй өнеріндегі классикалық ой­лы жүрекпен толғап, оның таби­ғатын, күрделі құрылысы мен шертіс мәнерін толық игеріп, берік сақтаған Мырзатайдың құ­пия­сы тұңғиық композиторлық ам­пуласын аша түсетін соны туын­ды, – деп бағасын берсе, «Ой­толғау» – адам көңілінің экстазы, қиял қозғайтын шарықтауы... «Қосбасар» да, «Ойтолғау» да қи­лы-қилы тарих хикаяларын тілсіз шертетін жан жүректің үні!», деп сырын ашса, осы бір қос пікірді қос таланттың бірін-бірі тани алған алғыр көңілдерінің алғы сөздері деп білсек етті. Ендігі бір әлқисса, Ілия аға­мыздың «Мырзатайдың компо­зиторлық бет-бейнесі – бар құпия­­сын ішке бүккен тұңғиық сыр. Тылсым құбылыс», – деп айта отырып, сол ән мен күй тұн­ған Мырзатай Жолдасбековтің жан сарайына туа қонған сол композиторлық қасиеттің тамырын тапқысы бар, өзегін көргісі бар, арқауын ажыратқысы бар зерттеуіне ойысар болсақ, бұл арада да келісуге әбден тұрарлық кесімді ойлар жетерлік. Осы арада Ілия Жақанов өзінің «Дүние шіркін...» кітабында «Ән қонған ауыл» атты кесек бір дүниесінде әңгімені әрідегі Шоқан тарихынан, ол өскен орта хақында айтқан ғұлама Әлкей Марғұланның дәйекті сөздерін келтіре отырып, әңгіме желісін Мырзағаның туып өскен ауылы қарт Қаратаудың қойнауындағы Ақтөбеге әкеліп тірейді де, сол төңіректің топырағы мен адамдарының қасиеті жайында тереңнен сыр айтады. Ақтөбе ән қонған көп ауылдың бірі ғана болса, сол ауылдың тумасы Мыр­затай Жолдасбеков «өз кезінің феномені дерлік ірі тұл­ғаға айналған ғұлама!» деген Ілия Жақановтың осы бір пікі­рінің астына біз де қолымыз қал­тырамастан қол қояр едік. Өмірлік жыр мен өмірлік сырдың қос пернесін қатар шертер «Дүние шіркін...» Мырзатай Жолдасбеков пен Ілия Жақанов сынды саф алтындай таза талант­тардың мына бүгінгі күні дарынымен емес, кеудемсоқты құр даң­ғазасымен, әдебиетте де, мәде­ниетте де, өмір мен ән сахнасында бұрын-соңды өзінен басқа өзге ешкім болмағандай сезініп жүрген кейбір «болмай жатып болғандар мен толмай жатып толғандар» үшін сабақ әрі өнеге болса етті деп ой кешерің бар. Ілия ағамыздың осы кітабындағы «Тотықұс» пен «Дүние шіркін» эсселері Мырзағаның осы аттас әндерінің шығу жайын ғана баян­дап қоймайды, сонымен қатар, ән туар жүрек пен ән туғы­зар адамның жан дүниесін зер­делеуімен де бағасының арта түсері бар. «Дүние шіркін» – ға­жап ән. Бүгінгі жастар ондай ән шығара алмайды», деп Ілия аға­ның көңілге қонымды осы бір пікірі Мырзатай ағамыздың қайталанбас жан дүниесінің жарқ етер айнасындай сезілгені бар. Талант пен адам таныған жанның адал көңілінің сөзі бұл! Тағы да бір айтар сөз Ілия ағамыздың «Бес әннің хикаясы» атты көңіл сырында Мырзатай Жолдасбековтің «Атанғаным Мыр­затай ел арқасы», «Қыз дәу­рен Ақбота», «Бәйтерек», «Шір­кін дәурен», «Сен болмасаң» атты осы бір жүрек қылын шерте түсер әуенді де сазды әндердің дүниеге келу сырын баяндай отырып, осы бір әндердің ішкі бір иірімдерін де дөп басып тани алған зерделіліктің де таң қалдырары бар. Соған сай композитор Ілия Жақанов өз кейіпкері Мырзатай Жолдасбеков сынды тылсым сырлы бір жан иесінің «жүрек лүпіліндегі ноталарын» мына сіз бен бізге таратып айта білгендігі үшін бас иіп, қол соғайық! Дүние шіркін!.. Сен ән екенсің-ау!.. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АСТАНА