02 Қараша, 2016

Жасампаздық жылнамасы

248 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
3-kazan-2001zhyl-eg2001 * 26 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушпен телефон арқылы сөйлесті. Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның терроризмге қарсы күреске сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қатысуға және бұл үдеріске жәрдем көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. Дж.Буш халықаралық терроризммен күрес мәселесінде көрсеткен бекемдігі үшін Қазақстан Президентіне алғыс сезімін білдірді. Осы күні Украина Президенті Леонид Кучма ресми сапармен Астанаға келді. Екі ел президенттері Н.Назарбаев пен Л.Кучма Біріккен мәлімдемеге қол қойды. * 1 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федерациялық Республикасына ресми сапармен барды. Ертеңіне өткен Қазақстан Президенті мен ГФР Федералдық канцлері Герхард Шредердің кездесуінде Қазақстан экономикасының ырғақты дамуын қамтамасыз ету үшін неміс жағының инвестициялық белсенділігін арттыруға қолайлы ахуал туғызу қажеттігі жөнінде ортақ ұйғарым жасалды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 3 қазан күнгі нөмірінде «Германиямен әріптестік байланыс» тақырыбымен мақала жарық көрді. * 3 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Анкараға келіп, Түркия президенті Ахмет Недждет Сезермен кездесу өткізді. * 13 қазанда Америка Құрама Штаттарында күйдіргі ауруын жұқтыру жағдайларына Қазақстанның қатысы бар-мыс дейтін жарияланымдардың АҚШ-тың бірқатар ақпарат құралдарында пайда болуына байланысты Сыртқы істер министрлігі Қазақстан ядролық қарусыздану, химиялық және биологиялық қаруды жою саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде өзіне алған міндеттемелерді орындауға, сондай-ақ бактериологиялық (биологиялық) және улағыш қаруды өндіру мен жинақтауға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияның қағидаттарын сақтауға толық адал болып отыр деп мәлімдеді. * 17 қазанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі болып қайта құрылды. * 20 қазанда еліміз өз тәуелсіздігінің он жылдығын атап өтіп жатқан жылы тың игергеннен бергі ең бітік ‑ гектарына 14 центнерден астам орташа түсім жағдайында 18 миллион тоннадан артық астық өсіріліп, жинап алынды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев республика диқандарын құттықтауында осынау еңбек табысын «мемлекеттің экономикалық әлеуетін қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге ірі астық өндірушілердің бірі ретінде Қазақстанның әлем жұрт­­шылығы алдын­­дағы беде­лін арт­тыруға қосылған лайықты үлес» ретінде бағалаған. Расында да, дабыра-дүрмексіз біткен орақ нау­қанында бұрынғы өлшем­мен айтқанда, 1 миллиард пұттан астам астық жиналғаны ел экономикасы әлеуетінің анағұрлым арта түскеніне даусыз дәлел. *24 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясының VIII сессиясы болып өтті. «Тәуелсіздігіміздің он жылы: бейбітшілік, прогресс және қоғамдық келісім» тақырыбында Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Ел басшысы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асырудың негізгі тетігі ретінде Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігі пісіп-жетілгенін атап көрсетіп, Қазақстан қоғамын топтастыру, этносаралық саясатта әлеуметтік және экономикалық арнаны кеңейту, жастарға патриоттық тәрбие беруді күшейту, жалпықазақстандық мәдениеттің одан әрі дами беруіне жәрдемдесу міндеттерін алға тартты. «Еліміздегі өзара сенімге негізделген этносаралық, этномәдени және дінаралық қатынастарды нығайту, Қазақстан қоғамындағы рухани келісім сабақтастығын орнықтыра беру – біздің негізгі міндетіміз», деді Президент. * 1 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында Сырдария өзенінің үстінен тартылған көпірді ашу салтанаты өтті. Оның ұзындығы – 431 метр. «Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап халықтың осы жолды аңсағанын мен білемін. 54 шақырымдық жол бұрынғы 120 шақырымдық айналма жолды қысқартып отыр. Енді отандастарымыз елмен қарым-қатынасты ешкімге кіріптар болмай жасай алады», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпірді ашарда сөйлеген сөзінде. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде «Сауаптың үлкені – көпір салу» тақырыбымен мақала жарияланды. * 6 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған сессиясы болып өтті. Сессияда сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Ғылым академиясының осы жылдарда атқарған қомақты істерімен қатар, жасалмай жатқан жұмыстардың да көптігіне назар аударды. Елбасы сол күні «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» Өкімге қол қойды. Өкім бойынша академияның қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды талдап-жасау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды, комиссияға үш ай мерзімде ғылымның жай-күйін, оның әлемдік даму үрдістерін, ғылыми-техникалық саланы басқарудың қазіргі таңдағы ұйымдастырылуын, елдің қазіргі бар ғылыми кадрлары мен ғылыми-техникалық әлеуетін, материалдық-техникалық базасының жай-күйін талдау тапсырылды. *29 қарашада Мәскеуде ТМД-ның құрылғанына 10 жыл толуына орай мерекелік саммит өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Осы күні Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің табанын межелеу туралы келісімшартқа қол қойылды. 2-karasha-2001zhyl-eg*16 желтоқсанда Қазақ елі өзінің алғашқы мерейтойын – Тәуелсіздіктің он жылдығын атап өтті. Астанадағы Конгресс-холлда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс өткізілді. Мәжілісте Президент Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады. *17 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен Испанияға барды. Испания Үкіметінің басшысы Хосе Мариа Аснармен «Монклоа» резиденциясында өткен келіссөздер барысында екі жақ халықаралық жағдайдың көкейкесті мәселелері және Қазақстан-Испания қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен болашағы талқыланды. *18-21 желтоқсан аралығында Президент Н.Ә.Назарбаев жұмыс сапарымен АҚШ-қа барды. Екі ел президенттері ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайту туралы мәлімдемеге қол қойды. *22 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаев Лондонға жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, соның ішінде Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі М.Тэтчермен кездесті.