Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті 1996 жылы Көкшетау педагогикалық институты, С.Сәдуақасов атындағы ауыл шаруашылығы институты мен Қарағанды политехникалық институты филиалының бірігуі негізінде құрылған болатын. Биыл өзінің жиырмасыншы белесіне көтерілген оқу орнының өнегелі жолы ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Өркениетке бақытталған өзіндік дәстүрлері қалыптасқан, болашақ мүддесіндегі жоспарлармен үндес, әлеуеті жоғары университетіміз бүгінде қазіргі заман талаптарына сай білім беру ордасына айналды.
Қазіргі уақытта университет құрылымында С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институты және 5 факультет, атап айтсақ, филология және педагогика, жаратылыстану ғылымдары, тарих, заңтану, өнер және спорт, техника және технология, сырттай және қашықтықтан оқыту факультеттері жұмыс істеуде. Бакалавриаттың 53 мамандығы, магистратураның 28 және PhD-докторантураның 6 мамандығы бойынша сапалы қызмет көрсетілетін университеттің 23 кафедрасында аса білікті, жоғары санатты 300-ден астам оқытушы, оның ішінде 22 ғылым докторы, 19 профессор, 94 ғылым кандидаты, 7 PhD докторы, 190 магистр, еңбек етіп, өскелең ұрпаққа заман талабына сай терең білім беруде. Біздің 37 оқытушымыз Қазақстан Республикасы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. 18 оқытушы әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтіп, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары болды. Университетте Ұлттық ғылым академиясының бір академигі, салалық ғылым академиясының 4 академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Қазақстан Республикасы академиялары мен халықаралық академиялардың 4 корреспондент-мүшесі қызмет етеді. Университеттің үш оқытушысы Қазақстанның жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамының «ТОП-50» тәуелсіз рейтингісіне енді. Мұны оқытушылық құрамының сарқылмайтын шығармашылық шабыты мен жоғары кәсіби шеберлігінің куәсі деп айтсақ артық болмас.
Білім алушылар контингенті бес мыңға жуық адамды құрайды. Оның ішінде 728 студент «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» және «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының грант иегерлері болып табылады. Бұл орайда, сапалық көрсеткіштерге ерекше көңіл бөлінеді. Университетіміз 2012 жылы ИСО халықаралық стандартына сәйкестігі туралы сертификатқа ие болды. Ал 2013 жылы мемлекеттік аккредиттеуден, ұлттық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өтті. Бүгінде бакалавриат пен магистратураның 60 білім беру бағдарламасы бес жыл мерзімге аккредиттелді. Алты білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өтті. Ұжым Болонья декларациясына қол қойған. Ал Еуропалық және Еуразиялық университеттер қауымдастығына мүше болып енуі университеттің халықаралық тұрғыдан танылуының куәсі болып табылады. Оқу орны 12 патенттің иегері және оқытушыларымыз 300-ден астам патенттің авторлары. Университетте Темпус, Эразмус халықаралық жобалары іске асырылуда. Бүгінгі іске асырылып жатқан еуропалық жобалар саны бойынша Ш.Уәлиханов атындағы КМУ Қазақстан ЖОО-ларының арасында 4-орынды иеленіп отыр.
Жетістіктеріміз ғылыми ортаның жоғары бағасын алуда. 2009-2016 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы КМУ Темпус IV алты жобасын және жоғары білім әлеуетін арттыруға бағытталған «Эразмус плюс КА2» төрт жобасын ұтып алды. Темпус 2012 I-WEB жобасы аясында «Су сапасы» ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Әлемдік білім беру және ғылыми-ақпараттық жүйемен тығыз кірігу стратегиясы жоспарлы түрде іске асырылуда.
Халықаралық ынтымақтастыққа келер болсақ, университет дәстүрлі байланыстарды тереңдетіп, оларды жаңа мазмұнмен толықтыруды көздейді. Университет әлемнің түрлі аймақтарының 50 озық ғылыми орталықтарымен әріптестік ынтымақтастықта.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру терең біліктілікті, білімділікті, шеберлікті қажет етеді. Бұл болашақ үшін кез келген мамандықты толық, әрі кәсіби жоғары деңгейде игеру дегенді білдіреді. Білім мен ғылым көзін жетілдіруге бағыт-бағдар береді. Ол үшін білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім алу мен оқытудың халықаралық талаптарын меңгерудің маңызы зор. Осы орайда, солтүстік өңірдегі білім ордасында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар белгіленген міндеттермен өз үйлесімін табуда. Университеттің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отырады. Студенттердің сапалы білім алулары үшін барлық жағдайлар жасалған. Соңғы жылдары озық аудиториялық қормен жабдықталған төрт заманауи оқу ғимаратында 40-тан астам физикалық, химиялық, техникалық және ауыл шаруашылығы зертханалары мен шеберханалары заманауи атрибуттарға сай жабдықталды. Оқу ордасында 5 интернет-кафе, 8 оқу залы, 57 компьютерлік және мультимедиялық сынып, 4 мұражай бар. Сонымен қатар, университетте 2 студенттер үйі, 3 жатақхана, ғалымдар үйі, студенттік тамақтану орталығы, монша және кір жуу кешені, қызметкерлерге арналған ведомстволық 18 пәтер бар. Бас оқу ғимаратында оқу дәрісханаларында пайдаланылатын бұйымдарды дайындайтын жиһаз цехы ашылды. Білім алушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мақсатында құрылған «Элит» оқу-ғылыми-өндірістік кешені де өз қызметін табыспен жүзеге асыруда. Кешен ауыл шаруашылығына қажетті техникалармен толық қамтылған. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 300 гектар жер бөлініп, студенттеріміздің тәжірибеден өтуіне мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ, аталған кешенде 150 дәнді және майлы дақылдар сұрыптарын аймаққа үйлестіру, бейімдеу бағытындағы ғылыми жұмыстар жасалуда.
Бүгінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандықтарын дамытуға арналған жұмысты жүргізуге, мал азығын дайындауға қол жеткізіп отырмыз. Мұндағы негізгі мақсат – тиісті мөлшерде мал басын ұстап, соның негізінде оқу ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды жүргізу. Болашақта студенттеріміз аталмыш кешенде малды азықтандыру, ұрықтандыру, төлдету сияқты жұмыстарды жүргізіп, оқу барысында алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыратын болады. Филология және педагогика факультетінде лингафонды кабинеттер іске қосылды. Техникалық мамандықтарда оқитын студенттер үшін әскери кафедраның ашылуы қарастырылуда. Бұған қоса, 20 жылдық мерейтойымыз шеңберінде 310 орындық жатақхана студенттер игілігіне берілмек. Студенттер үйі мен жатақханалар да бүгінгі күннің талабына сай жабдықталған. Университетте 700 мың данадан астам қоры бар кітапхана қызмет көрсетеді. Кітап қоры жыл сайын жаңартылып, толықтырылуда. Жеке баспаханамыз да қолымызды ұзартып отыр. «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің хабаршысы. Филологиялық топтама» ғылыми журналы, «Алау» атты газет шығып тұрады.
Біздің университетте студенттердің оқудағы жетістіктерін және сабаққа қатысуын есепке алуды қамтамасыз ететін лицензияланған бақылау және басқару электронды заманауи жүйесі (КББЖ) бірінші болып енгізіліп, қалыпты қызмет етуде. Заманауи спорт базасы қызмет көрсетеді. Оның құрамына дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт залдары, Зеренді демалыс аймағының орманды алқабында орналасқан «Тұлпар» спорттық-сауықтыру лагері кіреді.
«Үш тұғырлы тіл – ұлт келешегі» ұстанымын негізге алған университетте оқу үдерісі көптілділік білім беру бағдарламасына сай өткізіледі. Бағдарлама жаратылыстану ғылымдары факультетінің математика, физика, информатика, экология, химия, биология, география мамандықтары мен магистратураны да қамтиды. Студенттердің академиялық жетістіктерін бақылау «PLATONUS» автоматтандырылған жүйесі негізінде іске асырылады. Университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуда. «Эразмус», «ДААД», «АЙРЕКС», «ЛОГО», «ТЕМПУС» халықаралық алмасу бағдарламасы, Президенттік «Болашақ» бағдарламасы және тағы басқа бағдарламалар аясында оқытушылар мен студенттер Австрия, Швейцария, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуда. Сонымен бірге, университетімізде Ресей, Қытай, Израиль, АҚШ, Түркия және Орталық Азия елдерінің студенттері оқиды. Ресейдің Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетімен бірге магистратураның дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда.
Университет студенттерінің түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізуі олардың ғылыми-зерттеу қызметінің көрсеткіштері болып табылады. Аталмыш оқу орнының білім алушылары студенттердің республикалық пәндік олимпиадасына қатысып, 25 жүлделі орынды жеңіп алды. Университеттегі тәрбие жұмысы жақсы ұйымдастырылған. Бізде жастар ісі жөніндегі комитет (ЖІК), студенттік мәслихат, «Жас Отан», «Атамекен» студенттік ассамблеясы, өзге де студенттік ұйымдар белсенді жұмыс істейді. Университет студенттері облыстық, республикалық және халықаралық турнирлерге, Ақмола облысы әкімінің жүлдесі үшін өтетін сайыстарға, студенттік спартакиадаларға, әр алуан спорт түрлері бойынша ұйымдастырылатын универсиадаларға, әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарына қатысып, жүлдегер атанып жүр.
Жаңа оқу жылында педагогикалық және экономикалық мамандықтар бойынша университет жанынан көпсалалы колледж ашылды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде 2011 жылдан бастап Қамқорлық кеңесі жұмыс істейді. 2016 жылы университетте Бақылау кеңесі құрылып, тамыз айында оның бірінші отырысы өтті. Оқу үдерісінің практикалық бағыттылығын күшейту мақсатында қаладағы өндірістер мен кәсіпорындарда кафедра-
лардың филиалдары құрыл-
ды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облысымыздың 9 ауданымен, сондай-ақ, өңірдегі өнеркәсіп секторының 14 кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Оқу орнының даму сатысының қай кезеңіне тоқталсақ та, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің әрдайым озық, алдыңғы қатарда көрініп жүргеніне куә боламыз. Университет аймақтың зияткерлік және рухани өмірінің өзегі болып, ал оның ұжымы білім беру саласында адал, мінсіз қызмет ету үлгісін көрсетуде.
Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,
Көкшетау мемлекеттік университетінің
ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ақмола облысы