Бұдан біраз уақыт бұрын жергілікті билік өкілдері Орал әуежайы халықаралық мәртебе алады, оған таяу және алыс шетелдерге ұшатын ұшақтар қонатын болады деп желпіне әңгімелегенді тәуір көретін. Мұның мүлдем қисынсыз екендігі, шындыққа сәйкеспейтіндігі, әуежайдың сонау жетпісінші жылдарда бой көтерген әрі сол кезден бері күрделі жөндеу жүргізілмеген ескі ғимараты халықаралық стандарттар талаптарына тіптен жақындай алмайтындығы бүгінгі күні айқын көрінеді. Ал мұндай стандарттар мен өлшемдерді азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы белгілейтіні аян.
Бұған қойылатын талаптар жоғарыда аталған аэродром мен әуе бекетінің сәйкестігіне қоса әрбір сағатқа шаққандағы жолаушыларды өткізу қабілетін көтеру, оларға көрсетілетін қызмет мәдениетін арттыру мен жайлы да ыңғайлы жағдайлар туғызу болмақ. Сондай-ақ, әуе көліктерінің барлық түрлерін қабылдай алмайтын әуежайлар халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Әрі бұл үшін ең бастысы ұшу мен қонудың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Бұған қоса, бүгінгі заманғы жаңа техникалық қондырғылармен жабдықталмаған әуежай ғимаратының да халықаралық стандарттардан мойыны қашық тұратыны айтпаса да түсінікті.
Орал әуежайы азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы белгілеген осы стандарттарға сәйкес келеді деп айтуға ауыз бармайды. Қандай істің де өзгешелігіне және артықшылығы мен олқылығына салыстыру арқылы айқын көз жеткізуге болады емес пе?! Соңғы жылдары Оралмен іргелес әрі көршілес қоныстанған Ақтөбе, Ақтау және Атырау әуежайларынан көкке көтерілудің сәті түскені бар. Сол кезде журналистік әуестікпен Орал әуежайымен салыстыра қарағанда, бұл әуежайлардың көптеген артықшылықтарына көз жеткізген едік.
Мұнда ең алдымен байқалғаны – сапалы халықаралық әуе тасымалдарының ұйымдастырылғаны. Клиенттік базалар мен транзиттік рейстерді ұлғайту жөніндегі іс-шаралардың жүйелі жүргізіліп отырғаны. Айталық, соның нәтижесінде Ақтөбе әуежайында Ресейге, Еуропаға және Азия елдеріне ұшатын рейстерді тұрақтандырудың сәті түсіпті. Ал Ақтау әуежайында Air Astanа, Bek Air және SCAT әуе компаниялары республиканың ішін айтпағанда, таяу және алыс шетелдердің сегіз қаласына жолаушылар тасымалдайды екен. Бұған қосарымыз интернеттен алынған деректерде Ақтау әуежайы өткен 2015 жылы 845 мың 710 жолаушыға қызмет жасағаны көрсетілген. Сондай-ақ, аталған әуежай терминалының электронды және электро-механикалық жүйемен жабдықталуы, электронды тіркеу тәсілі, ұшу уақытының электронды кестеде көрсетілуі, ғимаратты жылыту мен салқындату, бейнебақылау жүйелері және лифтілер мен эскалаторлар көңілге жақсы әсер қалдырғаны әлі ұмытыла қойған жоқ.
Енді Орал әуежайының бүгінгі көріністері қандай деген сауалға келсек, біртүрлі кібіртіктеп, күмілжіп қала береміз. Сократтың «Платон менің досым, әйтсе де ақиқат қымбат» дегеніндей күй кешеміз. Станиславский айтқандай, театр киім ілгіштен басталатын болса, әуежай ұшаққа отырудан басталмақ. Айтайын дегенім, Орал әуежайынан ұшаққа отыратын жолаушылар бейне бір інге кіріп кеткендей әсерде қалады. Өйткені, олар бұл үшін төменге жертөлеге түсіп кетеді. Содан соң қайтадан көтеріледі. Тіптен ыңғайсыздау. Екіншіден, Орал әуежайына келіп қонған жолаушылардың қол жүктерін алуы үлкен машақат. Өйткені, бұл жер өте тар. Айналымға келмейді. Оған кіріп жол жүгін алып шығудың өзі таусылмас хикая. Бұл көріністердің өзі әуежай ғимаратын толық жабдықтап оған қосымша алаңдар салу ісі кезек күттірмейтінін көрсетеді.
Осы арада Орал әуежайын халықаралық әуежай атағысы келетіндерге тағы бір жауап қайтарғымыз келіп отыр. Егер бұдан таяу және алыс шетелдердің бір де біріне, соның ішінде іргедегі Ресейдің астанасы Мәскеуге ұшатын рейс болмаса, мұның несі халықаралық әуежай. Мұны айтасыз, өткен жылдары көршілес өңірлер Ақтау мен Атырауға ұшатын ұшақтар болушы еді, бұл да қысқарып қалыпты. Әйтеуір Астана мен Алматыға ұшатын рейстер бар екеніне де шүкіршілік деседі батысқазақстандық ағайындар.
Әрине барды бар, жоқты жоқ деген орынды. Осы орайда мұнда ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткізілгенін айтпай кету шындыққа қиянат болар. Әрі оның халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін де айта кеткен жөн. Ендеше, Орал әуежайынан еліміздегі іргелі әуе компанияларының сырт айнала беруі неліктен? Мүмкін үлкен әуе көліктері үшін ұшу-қону жолағы қысқалық ете ме екен? Әлде жоғарыда айтылғандай, әуежай терминалының қорғану мен қауіпсіздікті сақтауға қажетті жаңа құралдармен жабдықталып үлгермей жатуы теріс әсерін тигізе ме екен? Әйтеуір сауал көп.
Республиканың батыс өңірі стратегиялық шикізат көздері –мұнай және газ өндірумен айналысады. Осы істің тиімділігін көтерудің басты бір жолы мұнай мен газ конденсатын өндірушілерге қатысты құрал-жабдықтарды тез әрі өз уақытында жеткізу болмақ. Батыс Қазақстан осындай өңірлердің қатарынан ойып тұрып орын алады. Соған қарамастан, Орал әуежайына жүк ұшақтары келіп қонған емес. Тіпті жүк дейміз-ау, көмірсутегі шикізатын өндіріп жатқан Қарашығанақ кенішіне, кеншілер қаласы Ақсайға бағыт ұстаған шетелдік инвесторлар оған Ресейдің Самара және Орынбор қалалары арқылы ұшып келіп жүргені жасырын емес. Мұның басты себебі, аэродромның тұтастай алғандағы жарақтандырылу деңгейлері мен жолаушылар терминалының өткізу қабілетінің төмендігі деуге болады. Мұның өзі транзиттік мүмкіндіктерді қолдан жіберіп алуға да жол ашып отыр.
Әрісін айт та, берісін айт, көкейде жүрген осындай ойлар Орал әуежайын түбегейлі жаңғырту мәселелеріне келіп тіреле береді. Бұл жөнінде қандай нақты жобалар мен жоспарлар бар? Орал әуежайын шын мәніндегі халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жөніндегі журналистік сауалымызды жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қойғанымызда, бұған тұшымды жауап ала алмадық. Оның тетігі қандай болатындығы жөнінде егжей-тегжейлі ақпаратпен танысудың ыңғайы келмеді. Тек Орал әуежайын жаңғыртуға қатысты бір жобаның қаралу үстінде екенін білдік. Екінші бір нұсқада жекеменшік сипаттағы әуежайға күрделі жөндеу жүргізу ісіне әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның қаражатын тарту жолдары қарастырылыпты.
Әзірге мұның бәрі тек осылай істесек қалай болар екен деген қозғалыстың басы ғана деуге болады. Ендеше, Орал әуежайын түбегейлі жаңғырту әрі оны кеңейту жөніндегі шешім тезірек қолға алынса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретте: Орал әуежайының
бүгінгі көрінісі осындай
Суретті түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ