02 Қараша, 2016

Депутаттар дубляждау жұмысымен танысты

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-қа  Парламент Мәжілісінің депутаттары келді. Ұлттық киностудияда Парламенттің әлеуметтік-мәдени дамыту комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев, осы комитеттің мүшелері Кәрібай Мұсырман және Жанат Омарбекова, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Снежанна Имашева, сондай-ақ, экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің мүшесі Айзада Құрманова болды. Кездесу барысында депутаттар киностудияның жұмысы­мен, оның жаңа жобаларымен және киноөндіріс процесімен танысты. Сондай-ақ, қонақтар дубляж­даудың барлық түрлеріне, яғни актерлік дыбыстау, дикторлық дыбыстау, субтитрлауға бөлінетін қаражат туралы ақпар сұрады. Цифрлық кешеннің қызмет­керлері депутаттарға 2010 жылы «Қазақфильм» киностудиясы технологиялық базасының жаңа жарақтандырудан өткені жайында мағлұматтар берді. Мәселен, киностудия киноөндірістің өне бойында керекті заманауи камералармен, жарық түсіру және дыбыс техникасы, компьютерлермен қамтамасыз етілгені, өндірістік алаңдардың оның ішінде павильондар, цехтар, лабораториялар, фильмотека жөндеуден өткен. – Кеңестік кезеңде киносту­дия жылына 60-тан астам толық­метражды фильмді дыбыстайтын. Біз қазір де қажетті озық техникамен жабдықталғанбыз, өндірістің барлық қызметін әлемдік дең­гей­­ге сәйкес көрсете аламыз. Деген­­мен, киностудия ұдайы тех­ни­калық жаңғырудан өтіп тұруы тиіс, – дейді «Қазақфильм» киностудиясының аудиовизуалды жобалар жетекшісі Олжабай Мұсабеков. Сондай-ақ, киностудия қыз­меткерлері дыбыстауға бөлінетін қаражат мәселесі жобаға байланысты әр түрлі болатынын, мысал ретінде, бір фильмді қазақ тіліне актерлік дыбыстау жасау үшін 10 миллион теңге көлемінде қаражат кететінін айтты. Кездесу соңына қарай Парла­мент Мәжілісінің депутаттары лицензияланған Dolby қайта дыбыстау студиясын аралап, «28 панфиловшы» фильмінің қазақ тіліне дыбысталу жұмысына куә болды. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы өткізген отырысында «Қазақстан Республикасының мәдениет мәселелеріне қатысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» депутаттық заң жобасы қаралған болатын. Депутаттар, кино мен театр саласының мамандары, азаматтық қоғам және саяси партия­лар өкілдері еліміздің әдебиет және кино, театр, музейлерінің жұмыс істеу барысы туралы өзгерістер жайын талқылады. Осы орайда 2017 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Қазақстанға әкелінген барлық фильмдердің қазақ тіліне дыбысталу мәселесі талас тудырған болатын. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ