Елордадағы ЭКСПО қалашығы құрылыс нысандарын тапсыру шаралары Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейлі мерекесі қарсаңына орайлас келуінің өзінде киелі сабақтастық жатқандай. Осы бір 25 жылдық егемендік шежіресінде Қазақстан кейбір елдердің ғасырлар бойғы тарихында түсіне де кірмеген асуларды бағындырды. Соның бірі – әлемнің алдыңғы қатарлы 161 мемлекеті мүше болып табылатын белді ұйымның аламан бәйгесінде қара үздіріп, елордамыз – Астананың Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесін өткізу құрметін жеңіп алуы еді.
Халықаралық көрмелер бюросының тарихи таңдауы паш етілгеннен бергі төрт жылдан астам уақытта Қазақ елі төрт құбыласы түгел дамыған елдердің өзі сыр беретін сындарлы сындардан сүрінбей өтіп, жаһандық сахнадағы беделін тағы да бекітті. Оған күні кеше елордадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі қалашығының алғашқы құрылыс нысандары мен халықаралық павильондарын тапсыру салтанатына арналған шаралар барысында көзіміз тағы жетті. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне деген әлем елдерінің қызығушылығы барған сайын артып келе жатқан көрінеді. Қазірдің өзінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын 105 мемлекет және 17 халықаралық ұйым растап, 102 ел көрме комиссарларын да тағайындап үлгеріпті. Әлі де қатысуға ниет білдіріп отырған елдер бар. Өтініш қабылдау одан әрі жалғасуда. Ақиқатында бұл – Елбасының және Қазақстан халқының Тәуелсіздік жылнамасындағы ерен еңбегінің жемісі, әлем сахнасындағы шынайы беделінің айғағы.
Сөйтіп, кейбір күдіктерді күптеп, үміттерді үкілеп, көптен күткен толғанысты сәт те келіп жетті. Әлем экономикасын тұралатқан дағдарыс қиындығына қарамастан тоқтаусыз жүргізілген елордадағы ЭКСПО көрмесі қалашығының алғашқы құрылыс нысандары пайдалануға берілді. Бірінші лекте тапсырылған негізгі бес құрылыс нысандарының құрамында халықаралық павильондар, 1374 орындық ЭКСПО-қалашығы, ЭКСПО-офис, ішкі істер бөлімінің ғимараты және энергия зерттеу орталығы бар. Бұл құрылыс нысандарының жалпы аумағы 482 мың шаршы метрді алып жатыр.
«Біздің жоба дағдарыс белең алған күрделі кезеңде жүзеге асырылуда. Алайда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жан-жақты қолдауының нәтижесінде, бұл жоба шын мәніндегі дағдарысқа қарсы бағдарламаға айналды. Мәселен, Көрмеге дайындыққа және оның құрылысын салуға еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам отандық кәсіпорын тартылған. Сөйтіп, бұл ұлттық жоба 50 мың жұмыс орнын ашуға және сақтауға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде елордадағы ЭКСПО қалашығындағы құрылыс нысандарында 14 мың адам жұмысқа тартылған», деді алғашқы нысандарды пайдалануға беруге арналған салтанатты жиында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Оның айтуынша, ЭКСПО құрылыс нысандарын салу кезінде отандық компаниялар жалпы сомасы 492 миллиард теңгені құрайтын жұмыс және қызмет көрсету көлемін атқарған екен. Қазіргі кезде көрме қалашығының басқа құрылыс нысандарында жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Бірінші кезекте тапсырылған маңызды құрылыс нысандарының қатарында халықаралық павильондар ғимараты бар. Салтанатты рәсім барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және Мажарстан, Германия, Франция, Қытай және Түркия мемлекеттерінің ЭКСПО Комиссарлары осы елдерге бөлінген павильондарды тапсыру құжаттарына қол қойды. Осы павильондардың ішінде көлемі жағынан ең ауқымдысы Германия Федеративтік Республикасының үлесіне тиді. Бұл мемлекетке тиесілі павильон аумағы 1249,5 шаршы метрді алып жатыр. Осы елдің өкілі Рольф Мафаэльдің айтуынша, павильонның тақырыбы көрменің негізгі тақырыбы – «Болашақтың энергиясына» үндес «Энергияға бастар жол» деп аталатын көрінеді. Павильонның тақырыбы елдің энергетикалық тәуелсіздікке жету жолындағы тарихынан мол мағлұмат береді. Сонымен бірге, бұл павильонда қойылатын жәдігерлер Германияның балама энергетикалық қуат көздерін ашу жолындағы ізденістері мен технологиялық жетістіктерінен сыр шертетін болады.
Қытай Халық Республикасы иеленген павильон аумағы 1000,27 шаршы метрге созылып жатыр. Павильонның негізгі тақырыбы «Болашақтың энергиясы, жасыл Жібек жолы» деп аталады. Қытай елінің ЭКСПО комиссары Ван Цзиньчжень павильонның тақырыптық мазмұнын ашатын ойларын тілге тиек етті. «Жасыл» даму бағыты бүгінгі қытай еліндегі энергетикалық бағыттағы жаңа жетістіктерді, жаңа ғылыми ізденістерді паш етеді. «Жасыл Жібек жолы» тақырыбы Қытай Халық Республикасының энергетикалық саладағы жетістіктерін көрсетумен бірге, ежелгі Жібек жолының бойында орналасқан елдер мен осы саладағы стратегиялық ынтымақтастықты көрсетеді. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында біз еліміздің жаңғырмалы энергетика саласында қол жеткізген жетістіктерін көрсетумен бірге, озық технологияларды насихаттаймыз. ҚХР бұрын ЭКСПО көрмесін өткізген ел ретінде көршілес Қазақстанға өзіміздің тәжірибемізді таратамыз, алдағы уақытта біз осы мақсатта бірнеше форум өткізіп, өзара тәжірибе алмасамыз. ЭКСПО көрмесі арқылы біз Қазақстанға өз еліміздің туристік фирмаларының көптеп келуіне күш саламыз. Осы халықаралық шара нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты бұрынғыдан да нығайта беруге бағыт ұстаймыз», дейді өз сөзінде «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі қытай елінің комиссары.
«ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына дейін 222 күн қалғанда біз халықаралық павильондар мен қонақтарға арналған пәтерлерді тапсыра бастадық. Бұл халықаралық павильондардың тақырыптық жабдықталуына, контенттік толығуына жан-жақты мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Көрме қонақтарының павильондарды жабдықтауына жан-жақты көмек көрсету мақсатында арнайы техникалық бюро аштық, сонымен бірге, аккредитациялық орталық жұмыс істейді. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, біз, көрмеге қатысушыларға қолымыздан келген барлық көмекті көрсететін боламыз», деді халықаралық павильондарды тапсыру салтанатында Ахметжан Есімов.
«Астана ЭКСПО-2017»-нің басты ұраны – «Болашақты энергиясы» екендігі белгілі. Бүгінде бұл бүкіл адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселе екендігі даусыз. Жұмыр Жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам адамзат планетамызда энергетикалық тапшылық күннен күнге белең алып бара жатқанын ашық мойындап, ұрпақ болашағы жаңғырмалы қуат көздеріне тікелей байланысты болатындығын күн тәртібіне қойып отыр. Ендеше, елордадағы ЭКСПО көрмесінің павильондарында адамзат ертеңінің негізін айқындайтын қуат көздерінің болашағы шешілмек. Бүгінде жаңғырмалы қуат көздерін өндіріске енгізу саласында Еуропалық одақ елдері көш бастап келеді. Жаңғырмалы энергетика саласын дамытуда, әсіресе, скандинавиялық елдер – Швеция, Дания, Норвегия орасан зор жетістіктерге жетті. Бұл елдер қазір тұтынатын бүкіл электр энергиясының 60-65 пайызын жаңғырмалы қуат көздерінен алады. 2050 жылдары Швеция, Дания және Норвегия табиғи шикізат тұтыну арқылы алынатын электр энергиясынан толықтай бас тартуды көздеп отыр. Астанада өтетін көрме аясында балама қуат көздерін дамытуға жаһандық дәрежеде зор үлес қосып отырған осы мемлекеттердің, сонымен бірге, Германияның, Францияның, Ұлыбританияның, Жапонияның және басқа алдыңғы қатарлы дамыған елдердің жетістіктері мен озық технологиялары паш етілмек. Мәселен, көрме аясында Ұлыбритания әлемге тұрмыстық қалдықтарды тиімді игеру бойынша ең озық технологияларды көрсететін болады. Ал Малайзия биоотын өндірісі саласындағы өздерінің озық жетістіктерін паш етпек.
Халықаралық павильондарды иеленген алғашқы бес мемлекет өздерінің қызметкерлері тұратын пәтерлердің де сертификаттарын алды. Көрме қалашығының аумағында орналасқан бұл тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар ойнайтын алаңдарға дейін жан-жақты жабдықталған. Gold («алтын») және Silver («күміс») дәрежесі бойынша іріктелген бұл пәтерлер толықтай жиһаздармен жабдықталып, тұруға ниет білдірген қонақтарды күтуде.
Салтанатты шараға жиналған журналистерді бұл пәтерлермен осы тұрғын үйлердің басқарушы компаниясы «Отель Дипломат» ЖШС-нің атқарушы директоры Ғалымжан Қарымсақов жан-жақты таныстырды. Оның айтуынша, бұл компания аталмыш пәтерлерді жиһаздармен жабдықтауға 2,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйған екен. Көрме қалашығы аумағындағы арнайы күзетпен қорғалатын бұл тұрғын үйлердегі пәтерлер 1, 2, 3 және 4 бөлмелерден тұратын көрінеді.
«Біз бұл пәтерлерді «алтын» (өте жақсы) және «күміс» (жақсы) деген сыныптық өлшем бойынша жабдықтап жатырмыз. Барлық жиһаздарды отандық өндірушілерден аламыз. «Торнадо плюс» компаниясы бізге Орал өңірінен жұмсақ жиһаздарды жеткізіп береді. Төсек-орындар мен ас үй жабдықтары да отандық кәсіпорындар қолынан шыққан бұйымдар. Өкінішке қарай, бұл пәтерлерге қойылатын тұрмыстық техникаларды біз шетелден жеткіздік. Себебі, сапалы тұрмыстық техникалар шығаратын отандық өндіріс орны жоқ. Ыдыс-аяқ бұйымдары да Қытайдан жеткізілді. Қазір біз 40 пәтерді толық жабдықтадық. Қараша айында 150 пәтерді жабдықтаймыз. Барлығы жыл аяғына дейін 750 пәтерді жабдықтап, келетін қонақтарға дайын түрде пәтер кілттерін тапсырамыз», дейді «Отель Дипломат» ЖШС-нің атқарушы директоры Ғалымжан Қарымсақов.
Франция комиссариатының сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Пуард Малгожатаның айтуынша, олар бүгіннен бастап өздеріне бөлінген пәтерлерге кіре бастайды. Мәселен, франциялық ЭКСПО Комиссары Паскаль Лоро жақын арада отбасымен осында көшіп келеді екен. Оның үш баласы және зайыбы Қазақстанға көшіп келуге асығып отырған көрінеді. Франция өкілдері Комиссардың отбасына арнап, Gold дәрежесіндегі үш бөлмелі пәтер кілтін алды.
Иә, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы қонақтарға тапсырылатын ұлттық павильондар мен пәтерлерді жабдықтауда барлық мәселелерді ескеріп, жауапты шараны жоғары дәрежеде өткізуге барлық мүмкіндіктерді жасап жатыр. Компания туристер үшін ЭКСПО қалашығының барынша тартымды және мазмұнды болуы үшін күш салуда. Бұл – аса маңызды іс. Себебі, 165 жылдан астам тарихы бар ЭКСПО көрмесі жаһандық экономикалық форумдармен теңеседі. Ал туристерді тарту жағынан бұл халықаралық шара Олимпиада ойындарымен пара-пар.
Бүкіләлемдік жетістіктер көрмелерінің тарихы 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген «Барлық халықтардың өнеркәсіптік жетістіктерінің ұлы көрмесінен» бастау алған. Ойлап қараңызшы, барлық халықтардың өнеркәсіптік жетістіктерінің ұлы көрмесі! Яғни, енді тура 220 күннен кейін егемен еліміздің елордасы – Астана қаласында адамзат ақыл-ойының энергетикалық қуат көздерін дамыту саласындағы бүгінгі күнге дейінгі қол жеткізген жетістіктерінің озық үлгілері паш етілетін болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»