«Біздің экономика мөлшерін арттыруымыз, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жетілдіруіміз мүмкін, алайда жүк тасымалынсыз ілгерілеу болмайды...»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
«Әлемді ақша билейді» деген қағидат бар. Нақтырағы, адамдар осы түсінікке сеніп өмір сүреді. Адамзат күнтізбесіндегі соңғы елу жылда әлемге мұнай өндіру мен шикізат сатудан түскен ақша үстемдік етті. Жаһанда жердің күретамырын орып жіберіп, жылтыратып қара май ағызған өңірдің жұлдызы жанды. Мұнай бұрғысы бар мемлекет пен меншік иесі «жарты құдайдың» кейпіне енді. Жаңа замандағы жойқын билік пен жанталаса жауласудың да себебі – мұнайлы өңірлерге деген ұмтылыстан басталды. Жер қыртысындағы табиғи байлық қорының көлемі көптеген елдердің ұйқысын бұзатын Қазақстан да әлемдегі мұнайлы державалардың жуан ішіне енді. Біздің соңғы 20 жылдағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңдегі қамсыз тіршілігімізді мұнайдан түскен қаржы қамтамасыз етіп келді. Тек дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың екінші толқыны әлемнің әрі қарайғы дамуында мұнай өнеркәсібінің толыққанды «құтқарушы» бола алмайтынын ұқтырғандай. Демек, дүниежүзі үшін жаңа энергетикалық эволюция кезеңі есік қақты...
Әлемдік экономиканы сауықтыру мен түрлендірудің мың сан жолдары іздестірілуде. Әр ел, әр мемлекет өзінше жол қарастыру үстінде. Ғылымы мен технологиясы дамыған елдер сутекті отын көзін өндіруге кіріссе, тағы бір бағытта табиғи түрден алынатын энергия өндіру дамып келеді. Бұл өндірісі мен экономикасы алдыңғы қатарда дамыған елдер үшін оң жамбасқа келетін әдіс екені анық. Ал дамушы елдер үшін шағын өндіріс көздері арқылы қалыптасқан нарықтан өз үлесін қарпып қалу қиындық тудыратыны тағы рас. Демек, үшінші бағыт ретінде ішкі мүмкіндіктерді қарастыру қажеттігі туады. Ал Қазақстанның жағдайында бұл бағытты дамытудың дайын жобасы бар. Мәселен, еліміздің транзиттік әлеуетінің шексіз мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бізге аз жылдардан кейін-ақ мұнайдан түскен табысқа пара-пар болатын қаржы-қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді екен. Еуропа мен Азия арасын жалғайтын негізгі жолдардың түйіскен тұсында отырған ел үшін «велосипед» ойлап табудың қажеті жоқ та...
Алматы облысы, Панфилов ауданының аймағында арнайы экономикалық аумақ құрылып, жұмысын бастағалы біршама уақыт болды. Бұл арнайы аумақтың басты міндеті – еліміздің Еуразия аймағындағы экспорттық-транзиттік әлеуетін қалыптастырып, арттыру болып табылады. Қазір Шығыстағы алып ел – Қытаймен шекарада Еуразиялық құрлықтағы маңызды екі ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Бірі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумағын құру мен кешенді дамыту» деп аталса, екіншісі «Қорғас» халықаралық шекара ынымақтастығы орталығын құру» жобасы. Жобаны осыдан бес жылдай бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі іске қосқан болатын.
- Қытай біздің ірі серіктесіміз және елдеріміз арасындағы тауар айналымы ұдайы өсумен келеді. Бұл жобаның іске қосылуын біз қытайлық әріптестерімізбен бірге ұзақ күттік. Ол Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік хабы болады. Тұтастай алғанда, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы Қазақстанның игілігіне қызмет ететін болады. Біздің экономика мөлшерін арттыруымыз, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жетілдіруіміз мүмкін, алайда жүк тасымалынсыз ілгерілеу болмайды, – деген еді сол кезде Елбасы.
Бүгінгі таңда екі жоба да қағаз жүзіндегі нысаннан нақты табыс көзіне айналған стратегиялық орталыққа айналып отыр. Жалпы, еліміздің жағырапиялық орналасуы әлемнің логистикалық картасынан ойып тұрып орын алуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан алғанда, шығыстағы қоңсымыздың экономикалық қуаты мен өндірістік лидерлігі арқасында құрлықтардың назары Қазақстанға да жылы қарап тұр. Әсіресе, Еуропа елдері Қытайда жасалған өнім түрлеріне қол жеткізуге мүдделі. Бұған дейін теңіз айлақтары арқылы су жолымен немесе әуе тасымалы-
мен жеткізілетін жүк көлемі үшін жаңа жол ашылды. Мысалға, Қытайдың батыс қақпасынан аттанған жүк су жолы арқылы Еуропаның орталығына жеткенше 40 тәулікке дейін уақыт жоғалтады екен. Немесе дәл осы жүкті ұшақ арқылы тасымалдау су жолына қарағанда 10 есеге қымбатқа түсетін көрінеді. Ал Қорғастағы құрғақ порт жобасының іске қосылуы кәрі құрлыққа бағытталған жүк керуенін 15 күн ішінде жеткізуге мүмкіндік береді.
Қытай елінің ресми статистикалық мәліметтеріне жүгінсек, Бейжің мен Еуроодақ бағытындағы контейнерлік жүк көліктерінің саны 2020 жылға қарай жылына 5000 бірлікке немесе шамамен 500 мың ДФЭ-ге жететін болады. Бұл жердегі ДФЭ дегеніміз – жүк тасымалдайтын көлік құралдарының сыйымдылығын өлшеудің шартты бірлігі, жиырма фунттық эквивалент. Биылғы жылдың аяғына дейін шамамен 95 мың ДФЭ-ге өткізу күтілуде. Салыстыру үшін қараңыз, 2011 жылы темір жолмен 1100 ДФЭ тасымалданған. Бұл – осы Шығыс қақпа арқылы жөнелтілген жүк. Айтпақшы, көршілердің есебі бойынша, Ляньюньганнан Санкт-Петерборға дейінгі темір жол транзитінің жалпы уақыты 10 -13 күнге дейін, ал Ляньюньганнан Ыстанбұлға дейін 20-23 күнге дейінгі мерзімде орындалған. Және Шығыс Қытайдан Еуропаға дейінгі темір жол тасымалына кеткен уақыт 14-15 тәулікті құраған.
Қорғастағы жүк тасымалын қамтамасыз ететін «Khorgos Gateway» компаниясының бас директоры Карл Гейсен былай дейді:
– Біз өзіміздің алғашқы операцияларымызды бастаған сәттен бері 70 мыңнан астам жүк тасымалдайтын көлік құралдарын жөнелттік. 2020 жылға қарай біз контейнер айналымын 540 мың ДФЭ-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды, өйткені, Қазақстан әлемнің логистикалық картасының дәл орталығында дәл осындай көрсеткішті мақсат тұтып отыр...
Құрғақ порттың көп бөлігі темір жол жүк терминалы мен логистикалық аймаққа арналған. Бұл өңірде көтерме сауда, өткізу, сақтау қоймалары орналасқандығын атап өтті. Олар ұлттық, аймақтық, халықаралық сұраныстарды қамтамасыз етеді. Индустриялық аймақта бірқатар өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, тері - былғары шикізаты, машинақұрастыру мен құрылғыларын жасау нысандары да орналасатын болады. Қазіргі таңда құрғақ порттың индустриялық және логистикалық өңірінің құрылысы аяқталуға жақын.
Қытай шекарасында тағы бір ірі жоба – «Қорғас» халықаралық шекаралық серіктестігі орталығы коммерциялық келісімдердің және шекаралық сауда операцияларының алаңына айналады, бизнес серіктестікті белсенді жүргізуге ықпал етеді.
«Қорғас» ХШСО президенті Қаһарман Жазиннің айтуынша, халықаралық шекаралық сауданы дамыту, мәдени және ғылыми тәжірибе алмасу, ойын-сауық инфрақұрылымы қалыпты дамып келеді. Осыған байланысты орталық құрылысының бас жоспарына және тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Сонымен қатар, ХШСО аумағына кіріп-шығуды реттеудің әдістемесі жасалып, қол жүктерін қабылдау қызметін жақсарту, орталыққа келушілерді бірыңғай төлем жүйесімен қамту көзделуде.
Жалпы, «Қорғас» халықаралық шекаралық серіктестігі орталығының құрылысы аяқталып жатыр, нысандар пайдалануға берілетін күн жақын. Орталық өз қызметіне 2018 жылы толық кірісетін болады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ