02 Қараша, 2016

Көліктік логистика – табыс кілті

741 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды. Тәуелсіздігінің ширек ғасырын артқа тастаған Қазақстан қазіргі таң­да, шүкір, «өнер-білімі бар жұрттың» қатарында. Ыбырай бабамыз айтқандай, «алысқа кеткен қатарға», біз ширек ғасырдың тезінде қосылып үлгердік. Тіпті, алдыңғы отыздықтың қатарына қосылуға да аз қалғандай. Тастан сарай салғызып, айшылық алыс жерлерден хабар алғызу былай тұрсын, біз бүгінге дейін елімізде 2 жарым мың шақырым темір жол, 75 мың шақырым автожол салған ел болып отырмыз. Жалпы, көлік инфрақұры­лы­мының дамуы әлемде екі халық­аралық индекспен бағаланады екен. Біріншіден, 4 көрсеткіш бойынша, яғни әуе, автомобиль, темір жол және порттық инфрақұрылымының сапасымен бағаланатын бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексі. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, бұл бәсекеде еліміздің көрсеткіші соңғы 5 жылда 19 есеге көтерілген. Ал екіншісі, Дүниежүзілік банкпен 6 индикатор негізінде бағаланатын логистиканың тиімділік индексі. Бұл индикаторлар елдегі логистикалық климаттың өзгеруін бақылауға мүмкіндік тудырады. Соған орай қолға алынған шаралар соңғы екі жылда Қазақстанның өз позициясын 11 сатыға көтеруге мүмкіндік берген.   «Мың шақырым жерлерге күн жарымда барғызды» «Көлік инфрақұрылымында физикалық тосқауылдарды жою үшін соңғы бес жылда 5000 автожол қайта жөнделді. Темір жол желілері 1700 шақырымға ұзарды», деді Ж.Қасымбек баяндамасында. Оның айтуынша, елімізде жаңғыртуды қажет ететін 8 әуежайдың төртеуі қайта жөндеуден өткен. Ақтау теңіз портының өткізу қабілеті 20 миллион тоннаға дейін артқан. «Құрлықтық мемлекет болсақ та, жаңа xалықарлық дәліздерді салып, жүк тасымалдау үшін барынша қолайлы жағдай жасау арқылы транзиттік әлеуетімізді пайдалануы­мыз қажет. Бұл үшін шығыстан батысқа қарай 1000 шақырым жол қыс­қарды. Контейнерлік пойыз­дар­дың жылдамдығы тәулігіне 1100 шақырымға дейін артты», деді Ж.Қасымбек. Сонымен қатар, өткен жылы пайдалануға берілген ұзын­дығы 214 шақырымды құрайтын Ар­қа­лық – Шұбаркөл қатынасы тасы­малдың ара қашықтығын Орталық Қазақстаннан солтүстік өңірлерге орта есеппен 550 шақырымға және та­сы­малдау уақытын 1,5-2 тәулік­ке қыс­қартқан. Сәйкесінше, осы бағыт­тағы қазақстандық жүк жөнел­ту­шілердің көліктік шығындарының қысқаруы орта есеппен 30 пайызды құраған.   «Ірі-ірі жобалар талай жолды салғызды» «Көлік-логистика инфра­құры­лымын дамыту жөніндегі жоспар­лардың көбі бүгінде «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасы арқылы іске асырылады. Бағдарла­мада салаға қатысты 16 жоба көз­делген, олардың негізгі үлесінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жұмыстары қарастырылған. «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасындағы жобалардың 11-і автомобиль жолдары саласында қолға алынған. Әрине, мемлекеттік бағдарламаның жобаларын жүзеге асыру зор әлеуметтік маңызға ие. Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда осы шаралардың негізінде 75 мың жұмыс орны құрылған. Ал автожолдардың құрылысы барысында жергілікті қамтудың деңгейі 95 пайыз құрайды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін негізгі автожолдардың бойына ұлттық стандарт талаптарына сай келетін 260 қызмет көрсету нысаны орналастырылады. Қазір жергілікті атқарушы органдармен аталған нысандар орналасатын орынның сызбасы бекітілді», деді Ж.Қасымбек. Министрдің айтуынша, қазіргі жұмыс істеп жатқан қызмет көрсету орындарының көпшілігі ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейді. «260 қызмет көрсету нысанының 91-і қажетті қызмет түрлерінің барлығын көрсете алатын А-Б санаттарына сәйкес келеді. Қалған нысандар автотұрақ, тамақтану бекеті мен бөлшек сауда орындары қарастырылған С санатына сәйкес. Бүгінгі таңда республикада елді мекендерге жақын жерлерде орналасқан 2,5 мың қызмет көрсету нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың 80 пайызы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Жергілікті атқарушы билікпен олардың А, В, С, D санаттарының талаптарына сай келуін тексеріп, инвентаризация жүргіземіз», деді министр. Осы ретте, Үкімет басшысы Б.Сағынтаев әңгімеге араласып, жол бойындағы нысандардың стандартын өзгерту кезінде қарапайым халықтың мүддесін ескеру керектігін баса айтты. Бұрыннан келе жатқан қызмет көрсету орындарын сүріп тастау немесе жұрттың күн көріп отырған кәсіпкерлік нысанын алып тастау жағдайлары болмасын деп ескертті.   «Ақылы жолдар бюджетке қомақты қаржы түсірді» Инвестициялар және даму министрі 2020 жылға қарай ақылы жолдардың кіріс көлемі көбейетінін жеткізді. Бүгінде көптеген автомобиль жолдары жаңғыртылып, салы­нып жатыр. Сондықтан, жол­дар­ды сапалы күтіп ұстау және жолдардағы қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету мәселесі өзекті болып қала бермек. Мемлекеттік бюджетке жүктелімді төмендету әрі жол­дарды күтіп ұстау өзін-өзі өтеуін қамтамасыз ету мақсатында Аста­надан Щучьеге дейінгі ақылы жол үлгісінде жаңғыртудан өткен барлық автомобиль жолдарын ақылы жүйеге кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. «Мұндай шара 2020 жылға қарай ақылы жолдардан алынатын алым көлемін 33 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді», деді Ж.Қасымбек. Бұл жолдан биыл 1,2 млрд теңге жиналады деп күтілуде. Министрдің айтуынша, 2022 жылға қарай Қазақстандағы ақылы жолдардың ұзындығы 7 мың шақырымға дейін жететін болады. Осы ретте ол еліміздегі ең бірінші ақылы болған Астана – Щучье автожолының орташа жылдық қарқындылығы тәулігіне 8 мың көлікті құрайтындығын атап өтті. Бұл ретте түскен қаржының 30 пайызы жеңіл көліктен алынады. Ал қалғаны жүк көліктеріне тиесілі. Ал бізде тариф жеңіл автокөліктерге 1 теңге және жүк көліктеріне жүк көтергіштігіне байланысты орташа тарифпен шақырымына 15 теңгеден (5-25 теңге). Осы ретте Ж.Қасымбек еліміздегі қолданыстағы тариф шетелдермен, оның ішінде көршілес Ресей және Қытаймен салыстырғанда біршама төмен екен­дігін еске салды. Бұл елдерде жеңіл көліктер үшін сәйкесінше 5 және 15 теңгені құрайды. Жүк көліктері үшін тариф шақырымына орта есеппен 50 теңге», деді Ж.Қасымбек.   «Халықаралық әуежайлар адамды құстай ұшырды» Еліміздің әуе саласындағы жағ­дайы да оң өзгерістерге толы екен. Мәселен, қазір Қазақстан ұшақ­пен жолаушылар тасымалдауда ТМД елдері ішінде 2-ші орынға көте­ріліпті. Бұл ретте өткен жылы Астана әуежайы жолаушыларға қызмет көрсетуде 10-шы, ал Алматы 6-шы орынға кіріп, ТМД-ның ірі 10 әуежайының легіне қосылған. «Соңғы 5 жылда азаматтық авиа­ция саласында негізгі көрсет­кіштердің тұрақты өсімі байқалады. Тасымалданған жолаушылар саны 44 пайызға артып, 4,1-ден 5,9 млн адамға жетті. Соңғы жылдары қызмет көрсетілген жолаушылардың орташа жылдық өсім қарқыны 9 пайызды құрап отыр», деді Ин­вес­тициялар және даму минис­трі Ж.Қасымбек. Министрдің мәлі­меттеріне сүйенсек, бүгінде еліміз­дің 18 әуежайының 10-ында жолау­шылар терминалына, ал 14-інде ұшу-қону жолағына жаңғырту жүр­гізілген. Осы жылдың соңына дейін Петропавл қаласының әуежай тер­миналы мен ұшу-қону жолағы, 2020 жылға дейін Семей, Қостанай, Өскемен әуежайларының ұшу-қону жолағы жаңғыртылатын болады. «Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Астана қаласы 25 халықаралық бағыт бойынша 16 елмен әуе байланысын орнатқан. Соның ішінде 5 халықаралық қаржы орталығына тікелей ұшатын рейстер бар. Апта сайын Астанадан 415 рейс жасалады, оның 126-сы халықаралық, 289-ы ішкі рейстер екен. ЭКСПО-2017 көрмесіне дай­ын­дық жүріп жатқандықтан «Ашық аспан» қанатқақты жобасы ая­сында Астанамен арадағы халық­аралық бағыттарға шектеуді екі­жақты келісім негізінде ұзақ мер­зімге алып тастау көзделіп отыр. Осы ретте әлемнің 8 қаласына жаңа бағыттар ашылады деп жос­пар­лануда. Олардың қатарында Пра­га, Хельсинки, Вена, Варшава, Буда­пешт және басқа да қалалар бар. Сонымен қатар, туризмді дамыту мақ­сатында биыл Алматы мен Аста­надан Балқашқа, Алматыдан Үр­жарға және Ақтаудан Көкшетауға рейстер ашылған. Келесі жаз маусымында Астанадан Үржарға, Алматы мен Астанадан Үшаралға рейс ашу жоспарланып отыр. Осы ретте әуе инфрақұры­лы­мындағы игілікті шараларды жақ­сы бағалаған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев бұл саладағы тариф мәселесіне мән берді. «Авиация саласында ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Осы ретте транзиттік әлеует артып келеді, яғ­ни Астана арқылы көп рейстер шы­ғып жатыр. Бүгінде Еуропаға, оның ішінде Парижге қарай бағ­дарда көбінесе қытайлық туристер біздің рейстерді пайдалануда. Бұл өте жақсы көрсеткіштер, бірақ, сонымен бірге ел ішіндегі тарифтерге қатысты мәселе бар екенін байқап отырмыз. Әсіресе, Астана – Алматы бағдарына қатысты. Бұл тұрғыда Ұлттық экономика министрлігі тиісті зерттеу шараларына кіріскен болатын», деді Б.Сағынтаев. Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев кейбір бағыттар бойынша едәуір тарифтер өсімі бар екенін растады. Осы орайда ішкі әуе тасымалындағы Астана – Орал, Астана – Алматы бағдарларында осындай жағдай бар екен. Үкімет басшысы Б.Сағынтаев осы бағыттағы шараларды соңына дейін жеткізіп, заң бұзушылықтар орын алған жағдайда заңнамаға сәйкес, тиісті шешім қабылдау керектігі жөнінде тапсырма жүктеді.   «Алыс-алыс жерлерден жылдам тауар алғызды» «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев компанияның көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту бо­йынша іске асырып жатқан жобалары туралы баяндады. Компания президентінің мәлі­меті бойынша, Боржақты – Ерсай темір жол желісінің, «Қор­ғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағын­дағы құрғақ порттың және инфра­құ­рылымның құрылысы, Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары аяқталды. Биылғы жылдың соңына дейін Құрық порты мен Алматы –Шу темір жол желісінің алғашқы іске қосу кешендері пайдалануға беріледі. Компания ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Астанада әуежайдың жаңа терминалы мен жаңа вокзал кешенінің құрылыс жобаларын жүзеге асырады. «2018 жылға дейін жеке бизнеспен серіктестік негізінде Ақтөбеде, Өскеменде және Ақтауда заманауи көлік-логистика орталықтарын салу жоспарда бар. Сыртқы терминал желісі 2017-2019 жылдар аралығында Қытайда, Ресейде, Орталық Азия елдерінде, Түркияда, Парсы шығанағында, Үндістанда және Еуропада жүк ағындарының шоғырлану және дистрибуция орындарында өріс алады. Барлық аталған жобалардың іске асуы 22 мың жаңа жұмыс орнымен, соның ішінде пайдалануға беру кезінде 13,3 мың жұмыс орнымен қамтамасыз етеді», деді Қ.Алпысбаев. Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев соңғы жылдары елімізде көлік-логистика саласында халықаралық деңгейдегі өте ірі жобалар іске қосылып, жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. «Тәуелсіздік жылдарында еліміз­де 2 жарым мың шақырым темір­ жол, 75 мың шақырым автожол са­лынған. Бұл – үлкен жетістік. Осы­ның өзі елімізді Батыс пен Шы­ғыс арасындағы көпірге айналдырып отыр. Елбасының Үкімет­ке жүктеген үлкен тапсырмасы – Қазақстанның әлеуетін көтеру. Егер біз осы инфра­құ­рылымдар арқылы түсетін табысты 2020 жылға қарай 4 млрд долларға дейін жеткізетін болсақ, бұл тек бюджетке түсетін қаржы ғана емес, сол транзиттік жолдар бойындағы елді мекендердің өсіп-өркендеуі, табысының көбеюі деуге болады. Мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты», деді Үкімет басшысы. Үкімет отырысында сондай-ақ, геология саласы мен жер қойнауын пайдалануды дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Бұл бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Оған қоса Әділет министрі Марат Бекетаев Үкіметтің 2017 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары бойынша есеп берді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»