02 Қараша, 2016

Бозымбаев: Алдағы 7 жылда Қазақстанда АЭС салынбайды

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алдағы жеті жылда Қазақстанда атом электр стансасының құрылысы қарастырылып отырған жоқ. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі жалпы отырыстан кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты. «Өздеріңіз білесіздер, бүгінде Қазақстанда электр энергиясының профициті қалыптасып отыр. Осы ретте жазда 5 мың мегават, ал қысқы жүктемеде шамамен 3,5 мың мегаватқа жетеді»,-деді министр. Оның сөзіне қарағанда, ұзақ мерзімді баланс ғылыми институтпен, КЕГОК-пен әзірленіп, ҚР Энергетика министрлігімен бекітілген және ол жеті жылдық болжамға негізделген. «Жеті жылдық кезеңде біз тапшылық байқалмайды деген тұжырымдамыз. Сондықтан да аталған кезеңде атом стансасы секілді қандай да бір жаңа қуаттарды көріп отырғамыз жоқ»,-деп атап өтті Қ. Бозымбаев. Айта кетейік, соңғы бірнеше жылдан бері Қазақстанда атом электр стансасын салу тақырыбы қызу талқыланып келеді. Алайда, бұл станса қай уақытта салынатындығы туралы нақты шешім жасалған жоқ.