02 Қараша, 2016

Қазақстанда бүркітшілердің халықаралық турнирі өтеді

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
5-6 қарашада елорданың іргесінде танымал құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің Халықаралық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі  өткізіледі, деп хабарлайды egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Белгілі болғандай, турнирдің алғашқы күні  бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру және шырғаға салу сияқты сайыстар болады. Ал, соңғы күні бүркітті қоянға, түлкіге салу сынды аңшылықтың ең қызықты сәттеріне кезек берілмек. «Көзі тірісінде баптап салған қыраны тағы аңнан тайсалмаған құсбегі Күнтуған ақсақалды еске түсіруге арналған турнир биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл жарыс алғашқы  жылы республика көлемінде өтсе, биылғы жылы Халықаралық турнир деңгейіне қадам басты.  ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған бұл турнирге  биыл көршілес Моңғолия және Қырғызстан елдерінің бүркітшілері мен еліміздің барлық облыстарының құсбегілері  қатысады деп күтілуде. Жарыс өткізілетін жер - Астанадан Қоянды ауылы бағытына шығатын «Софиевка тас жолының» бойы»,-деп атап өтілген ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы баспасөз қызметінің мәліметінде. Еске салып өтсек, Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің алғашқы жылғы турнирінде  еліміздің тоғыз облысының құсбегілері бақ сынаған.  Бүркіттері бабында болып, бақтары жанған Тараз құсбегілері бас жүлдені жеңіп алған еді. Екінші орын Астана бүркітшілеріне, үшінші орын Павлодар облысының құсбегілеріне бұйырған болатын.