«Бұлақ көрсең көзін аш» деген қазақы даналықты берік ұстанған жетісулық ғалымдар Талдықорғанда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Мемлекеттік саясатқа сай өркениетке ұмтылу барысында бұл жолы Түркия, Ресей, Украина, Болгария мемлекеттерінен келген оқымыстылармен тәжірибе алмасты. Сөйтіп, «Заманауи сын-тегеуріндер мен қоғамның жаһандану жағдайында Қазақстандағы білім мен ғылымның инновациялық әлеуеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.
Пленарлық мәжілісті І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаев ашып, жүргізіп отырды. Ол халықаралық конференцияның мақсаты мен міндетіне тоқталып, маңыздылығын атап өтті.
Конференция жұмысына шетелдік ғалымдар және елімізге танымал ғылым докторлары мен профессорлар, университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері, барлығы 250 адам қатысты. Конференция мақсаты – ғылым мен инновацияның бірқатар теориялық және практикалық қиындықтарын және білім беру, экономика, ақпараттық технология, қоғамдық, әлеуметтік, техникалық ғылымдар дамуының өзекті мәселелерін талқылау болды. Әлбетте, Қазақстандағы білім мен ғылымның инновациялық әлеуетін арттыруға өзіндік үлес қосу екені тағы анық.
Пленарлық мәжілісте Ресейдің К.Д.Ушинский атындағы Ярославль мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Ольга Беляева: «Мектеп бітірушілердің кәсіби мамандықты анықтау кезеңінде оқу-тәрбие процесі субъектілерінің өзара әрекеті», Түркия Республикасы Гази университеті педагогикалық білімдер факультетінің PhD докторы Мехмет Акиф Сөзер: «Оқытудың жаңа тәсілдері», әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ораз Сатыбалдиев: «Техникалық жоғары оқу орны студенттеріне математикалық пәндерді оқытудың жаңа моделі» тақырыптарындағы баяндамаларын оқыды. Түркия, Ресей және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарынан келген ғалымдардың баяндамалары өзектілігімен ерекшеленіп, кон-
ференцияға қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды. Баяндамашыларға білім беру, экономика, ақпараттық технология, қоғамдық, әлеуметтік және техникалық, жаратылыстану ғылымдарының дамуы жайлы көптеген сұрақтар қойылып, пікірлер айтылды.
Конференция жұмысына 230 адам ғылыми мақалаларын ұсынды. Оның ішінде Болгария, Түркия, Ресей, Украина елдері жоғары оқу орындарынан 36 мақала, еліміздегі жоғары оқу орындарынан 18 мақала, мектептер мен колледждерден 35 мақала, ал І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер, магистранттар мен докторанттары 140 мақала ұсынды.
Конференция екі күнге созылды. Пленарлық мәжілістен кейін: «Білім беру мен қолданбалы зерттеулердегі жаңа ақпараттық-математикалық және жаратылыстану-ғылыми технологиялар», «Қазақстандық және әлемдік экономиканың өзекті мәселелері», «Жаһандану жағдайындағы гуманитарлық білімдердің өзекті мәселелері», «Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру», «Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің инновациясы мен дамуы» бойынша 5 секция жұмыс істеді. Конференцияның екінші күнінде іс-шара қорытындыланып заманауи сын-тегеуріндер мен қоғамның жаһандану жағдайында Қазақстандағы білім мен ғылымның инновациялық әлеуетін арттыру бойынша нақты ұсынымдар жасалады. Қорыта айтқанда, осыған дейін бұйығылық танытқан университет ғалымдары мен студенттері бұл күні тың қадамдар жасауға ұмтылғаны қуантты. Шетелдік ғалымдармен өзара пікір алмасып, ой бөліскен жас ғалымдар қадамы тың серпіліс тудырды.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ТАЛДЫҚОРҒАН