Мен Уара Нұрсейітовпен 1960-шы жылдары танысқан едім. Ол кезде Городецкий орта мектебінің директоры қызметіндемін. Қаламы ұшқыр журналистің облыстық «Ленин туы» газетінде істейтінін сырттай білетінмін. Өткір сын, проблемалық мақалалары мен очерктері жиі жарияланып тұратын. Сөйлесе келе жібектей мінезіне, кішіпейілділігіне тәнті болдым.
Қарап отырсақ, Уәкеңнің жүріп өткен өмір өткелдері өзгелерге үлгі боларлық. Еңбек жолын ауаткомның іс басқарушылығынан бастап, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін 1935-1938 жылдары Алматы журналистика институтында оқиды. Оны үздік тәмамдағаннан кейін Қызылжар өңіріндегі жалғыз қазақша басылым – «Ленин туы» газетіне жауапты хатшы етіп жіберіледі. Кейін үгіт және насихат бөліміне жетекшілік етеді. Соғыс басталған кезде 101-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында «Отан үшін» атты қазақ газетін шығаруға атсалысады.Редактор етіп тағайындалып, көшпелі баспахана ұйымдастырады. Газет бетінде қазақтың халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің Мәскеудегі ерлікпен қорғаған 28 қазақстандық панфиловшылардың ерен ерлігі туралы дастаны жарияланып, жас жауынгерлердің Отанға деген патриоттық сезімін көтеріп тастайды. Кіші командир Мұзафар Әлімбаевтың да отты жырлары басылады. Саяси бөлім комиссары Уәкеңе газеттің редакторлық жұмысы партиялық тапсырма ретінде жүктелсе де, адал атқарады. Калинин, 1-ші Прибалтика майдандарында шайқастарға қатысып, қанды жорықтарды бастан өткереді. Ол туралы К.Әбеновтің «Операция «Марс». Казахи в «Долине смерти» деген кітабында жақсы баяндалған. Подполковник Хакім Бекішев те «Батальон, алға!» кітабында оның есімін сүйсініспен атайды.Уәкеңнің жиені Мағжан Қахарманов іздестіріп жүріп майдангердің наградаға ұсынылған құжатын тауып алады. Онда былай делінген: «В наступательных боях с 27 по 29 сентября 1943 года за населенные пункты Верховье и Сеньково Суражинского района Витебской области майор Нурсеитов проявил себя мужественным и отважным руководителем. Находясь все время в боевых порядках он умело руководил партийно-комсомольскими организациями и добивался авангардной роли коммунистов-комсомольцев в бою, в результате чего бойцы батальона не смотря на жестокие контратаки противника выбили его из занимаемых им выгодных в тактическом отношении рубежей населенного пунктов Верховье и Сеньково.
В этом бою Нурсеитов был тяжело ранен – потерял правую руку.Тов. Нурсеитов достоин правительственной награды ордена «Отечественной войны 1-й степени».
Соғыстан ауыр жарақатпен оралған жас жауынгерді Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы етіп тағайындайды. КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген соң Ақмола облыстық «Есіл правдасы», «Тың өлкесі», «Батыс Қазақстан», «Западный Казахстан» газеттеріне басшылық жасайды. Денсаулығына байланысты 1967 жылы елге оралып, еңбек жолын «Ленин туы» газетінде абыроймен жалғастырады. «Ол мәдениет бөліміне жетекшілік еткен тұста көптеген жас таланттардың тұсауын кесті. Білімділігіне қоса адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін», деп еске алады әріптестері. Қырық жылдай ғұмырын журналистика саласына арнады. Л.Линьковтың «Капитан Старой черепахи» деген кітабын қазақ тіліне аударды. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықса да, қол қусырып отыра алмады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. «Жаралы оң қолы жұмыс істемей қалғанда сол қолымен жазатын. Ол тіпті сол қолымен фортепианода ойнауды да меңгеріп алды. Қазақтың халық әндерін өте ұнататын. Анамыз екеуі қосылып «Балқадиша», «Маусымжан», «Екі жирен» тағы басқа халық әндерін нақышына келтіріп айтатын. «Қыз Жібек» операсының арияларын келістіріп шырқайтын», деп еске алады қызы Мира.
Абзал азаматтың соғыстағы ерліктері мен шығармашылық еңбектері жоғары бағаланды. І дәрежелі Отан соғысы және екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Оның есімі Ржевск қаласында орнатылған мемориалдық тақтаға жазылған.
Зайыбы Бикаш екеуі 6 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде орны ойсырап тұрған көрнекті журналисті, білікті редакторды туған туыстары, ұрпақтары, оны білетін жолдастары мен әріптестері еске алып, 100 жылдығын үлкен ілтипатпен атап өтті.
Қайролла МҰҚАНОВ,
өлкетанушы
Солтүстік Қазақстан облысы