Tengri Bank акционерлік қоғамы 1992 жылдың қазан айында «Данабанк» жеке банк ретінде құрылған еді, ол 2010 жылы Қазақстанда Үндістан бизнесі мен қаржы институттарының мүддесін білдіретін PNB-Қазақстанға өзгертілді, бұл үкіметаралық келісімдер аясында Үндістан үкіметінің шешімімен байланысты болды. Банк 24 жыл бойы банк нарығында қаржылық қызметті және Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында көзделген өзге де қызметтерді табысты іске асырып келеді, ол нарыққа өтумен байланысты экономиканың күрделі өзгеруі барысында және қаржы қызметі нарығындағы бәсекелестік тартыс жағдайында да барлық сынаққа төтеп берді. 2015 жыл Банк қызметінде өтпелі кезең болды, ол кезде негізгі даму стратегиясының бағыттарын өзгерту және Банк командасын жаңа менеджментпен күшейту туралы шешім қабылданды. Ал 2016 жылы Банкті ребрендингтеу туралы шешім қабылданды.
Біз бүгін Банк басқарма төрағасының орынбасары Динеш КУМАР мырза мен Қазақ-Үнді іскерлік кеңесінің тең төраға орынбасары Ажмат АЛИМОВТІ сөзге тарттық.
– Кумар мырза, өзіңіз басшылық ететін Tengri Bank туралы нақтырақ ақпарат берсеңіз?
– Tengri Bank – Қазақстан Республикасындағы коммерциялық банк болып табылады және заңды тұлғаларға, сондай-ақ жеке тұлғаларға түрлі банк қызметтерін көрсетеді. Біздің банк 24 жыл бұрын, яғни 1992 жылы құрылып, содан бері банктік қызмет нарығында қаржы қызметін табысты атқарып келеді. Бүгінгі таңда Punjab National Bank банктің бас серіктесі болып табылады, оның акциясының үлесі 49% құрайды. Ол мемлекеттің қатысы бар, дүние жүзі бойынша 87 млн клиентке қызмет көрсететін Үндістанның екінші ірі банкі.
– Әр банктің стратегиялық мақсаты бар. Сол сияқты Tengriдің алға қойған мақсаты қандай ?
– Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – әмбебап, технологиялық банк атану. Біз өзімізге деген сенімділік деңгейінің артқанын және рейтингіміздің жоғарылығын мақтан тұтамыз. Қазіргі сәтте Tengri Bank қашықтан банк қызметін көрсетуді дамыту, бөлшек кредиттеу, карточкалық бизнес, қаржыландыру және инвестициялау жұмыстарын жемісті атқарып келеді.
Стратегияның тағы бір басты мақсаты – Үндістан республикасынан келген клиенттер мен компанияларға нарықтағы қаржы қызметтерін көрсету.
– Ребрендингті есепке алмағанда, банк жұмысында басқаша бір өзгерістерді көре аламыз ба? Қандай нақты нәтижелерді атай аласыз?
– Шындығында мақтанарлық жайттар көп. Tengri Bank қаржылық тұрақты әмбебап коммерциялық банк болғандықтан, қызметтің барлық түрін көрсетеді. Егер сандарды сөйлетсек, 2015 жылдың қазанынан 2016 жылдың қыркүйек айы аралығында банктің активтері 191 пайызға өскен. Ал кредиттік портфелі 450 пайызға ұлғайып, депозит 568 пайызға артты. Яғни, банк жұмысының көрсеткіштері күрт өсті. Оған қоса негізгі қаржы көрсеткіштері бойынша тиімділіктің оң серпіні байқалады.
Жеке тұлғалар арасындағы клиенттеріміздің саны 3 есеге артты, бұл өнім қатарының көбеюімен және технология мен бизнес-үрдістердің жетілдірілуімен тікелей байланысты. Осыған орай депозиттер де артып отыр.
Банк өз саясаты арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің толыққанды жұмыс істеуіне, нарықтағы үнді бизнесі өкілдерін қолдауды күшейтуге, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, жаңа жұмыс орындарының құрылуына атсалысып келеді және ШОБ-ті қолдау мемлекеттік бағдарламаларының белсенді қатысушысы болып табылады.
– Негізгі міндеттеріңіздің бірі – инновациялық банк құру дедіңіз. Банк құрылымында қандай жаңалықтар болады деп ойлайсыз?
– Иә, жаңашылдық – негізгі міндетіміз. Атап айтқанда – виртуалды банк құру. Виртуалды банктің негізгі қызметі – біз үйреніп қалған, дәстүрлі банк бөлімшесінің барлық, тағы қайталап айтам, барлық операция түрлерін көрсету. Біз азаматтарды тікелей кредиттеу, краудфандинг, қаржылық-кепілдендірілген мәмілелер, мәмілелерді онлайн кредиттеу секілді қолайлы қаржы құралдарын клиенттерге барынша қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізгіміз келеді. Қарапайым тілмен айтсақ, сатушыларды, сатып алушыларды, логистикалық компаниялар мен инвесторларды (жеке тұлғалар, шағын-кредит ұйымдары және бірыңғай қауіпсіз әрі сенімді алаңда өздерінің қаржылық қызметтерін көрсеткісі келетін өзге банктер) біріктіру үшін қаржы алаңын құру. Болашақта банк еш жерде баламасы жоқ тұтынушыларға қызмет көрсетудің ерекше жүйесін енгізуді жоспарлайды.
– Банк жоспары – қашықтан қызмет көрсетуді дамыту болса, оның артықшылығы неде? Инновациялық шешім ретінде не ұсына аласыздар?
– Клиенттерге қызмет көрсеткенде заманауи ақпараттық технологияны қолдану, сатып алушы мен сатушы арасында мәміле жасалған орындарда қаржылық қызметтерді жеңілдету әрі қолжетімді ету, қаржы құралдарын кеңейту, халыққа осы қаржы қызметтерін пайдалануды үйрету. Бұдан шығатын қорытынды – Tengri Bank әрқашан жаныңыздан табылады және кез келген клиенттің кез келген мәмілесіне әрқашан қаржылық қолдау көрсетеді.
– Кумар мырза, карталық сегмент жүйесі қалай іске асып жатыр?
– Ағымдағы карта жүйесінің дамуынан басқа, біздің клиенттер Tengri-PNB-де өзге банктердің карталарын және шоттарын пайдалану мүмкіндігіне ие болады (карта иеленушілерінің саны 10 есеге артады). Tengri Bank карталарының иелері еліміздің кез келген банкоматынан белгілі бір тарифтермен қолма-қол ақша шығарып ала алады, қолма-қол ақша алғаны үшін комиссия алынбайды. Банк ҚҮІК (Қазақстан-Үнді іскерлік кеңесі) құруға бастама көтергендердің бірі болды.
– Ажмат Камзаевич, ҚҮІК құруға бастама көтеруге не себеп болды?
– Соңғы уақытта Қазақстан мен Үндістан арасындағы коммерциялық қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілді. Екі елдің арасындағы іскерлік ынтымақтастықты талқыға салып отырған кезде екі елдің коммерциялық қатынастары мәселесін оңтайландыратын ұйым құру туралы шешім қабылданды. Әркім өз ісімен айналысуы керек. Сол сәтте Tengri Bankтің белсенді қатысуымен Қазақстан-Үнді іскерлік кеңесі құрылды.
– ҚҮІС қызметінде Tengri Bank-тің (PNB) рөлі қандай ?
– Tengri Bank үнді тарапымен қарым-қатынаста коммерциялық мүддені көздейді: тауар айналымының өсуі, қазақстандық және үнділік кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі. Біздің коммерсанттарымыздың үнді нарығына шығуында, тиісінше үнді коммерциясын біріктіруде және Қазақстанға инвестиция тартуда халықаралық іскерлік ынтымақтастықты жандандыру.
– ҚҮІК бүгінгі күні қандай келісімдер жасап және қандай ұйымдармен белсенді қарым-қатынаста екенін айта кетсеңіз?
– Кеңестің басты мақсаты – бірлескен іскерлік және коммерциялық қарым-қатынастардың болашағын ашып көрсету. Оның мүмкіндігі зор. Үндістан – алып нарық. Ол жақпен байланыста болмау – талай нәрседен құр қалу деген сөз. Үндістан экономикасы қарыштап дамып жатқан нарық.
Кеңестің базалық қорында Қазақстан Республикасында тіркелген жүздеген компанияның тізімі жатыр. Бір ғана Қазақстанда 317 үнді кәсіпорны жұмыс істейді. Біз құрылыс саласында жоғарғы технологиялық өңдеулер жөніндегі компаниялармен, кен-өндіру компанияларымен, IT-компанияларымен, медициналық, туризм мен машина жасау өндірісімен тығыз байланыстамыз. Қазақстан жағынан 25 серіктес компания кеңестің құрамына кіреді. Ал Үндістан жағынан кеңес Zydex Industries, IT-компания Intellect, Mahindra сияқты және басқа да көптеген субъектілермен байланысын жақсартып келеді. Кеңестің мүмкіндігі жоғары. Қазірдің өзінде алғашқы қадамынан-ақ оң динамика байқалады.
– Кумар мырза, биылғы жылдың шілде айында Қазақстанға Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди ресми сапармен келіп кетті. Премьер осы сапар барысында қандай мәселе көтерді? Қандай жетістікке қол жеткіздіңіздер?
– Расында Үндістан Премьерінің ресми сапармен келуі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болуына байланысты болды және екі ел арасында қалыптасқан әріптестік байланысты одан әрі ұзартуға және жаңа қарым-қатынастарды қалыптастыруға арналды. Еркін сауда аймағы туралы келісімді дайындау мүмкіндігі қарастырылды, бұл Қазақстан мен Үндістан арасындағы экономикалық байланысты кеңейту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Екі ел арасында тікелей әуе қатынастарын кеңейтуге күш салынуда.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Премьер Нарендра Моди ШЫҰ (Шанхай ынтымақтастық ұйымы) аясында ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісті.
Ал Қазақстан-Үндістан өзара қарым-қатынасының қаржылық негізіне келсек, өткен жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 1,3 миллиард долларға жетті, бұл 2013 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Ал үнді жағынан тартылған инвестиция көлемі соңғы он жылда 200 млн долларға дейін көтерілді. Бүгінгі күнде елімізде 500-ге тарта біріккен кәсіпорын тіркелген.
– Tengri Bank-тен жақын арада қандай жаңалық күтуге болады? Болашағымен бөлісе отырсаңыз?
– Әлбетте, банк осындай қарқынмен одан әрі өсуді жоспарлап отыр. Бөлшек бизнесті дамытып, микроқаржыландыру саласын кеңейтетін болады. Қазақстан-Үнді іскерлік кеңесінің жұмысына қатысып, Үндістаннан келген кәсіпкерлер мен клиенттерге банк қызметтерінің толық шоғырын ұсыну арқылы қол жеткізілген халықаралық келісімді имплементациялау үшін белсенді түрде жұмыс жүргізуде. 2017-2018 жылдары инновациялық сервистерді қадамдық іске қосу жүзеге асырылады.
Біз үшін ең бастысы – бұл клиенттердің бізге деген сенімін жоғалтпау. Қазіргі кезде біздің рейтингіміз жоғары, клиенттеріміз осындай даму кезеңіндегі банктің ұсыныстары мен мүмкіндіктеріне ризашылығын білдіруде. Және Банк бұдан әрі де осы биіктіктен түспеу үшін барлық іс-шараларды жасайтын болады.
– Тартымды әңгімелеріңіз үшін рахмет айтамыз.
Әңгімелескен
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»