03 Қараша, 2016

«Талан» фильмі не туралы?

2928 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
talan Ерте көктемде қарағайлы шатқал баурайындағы сарышұнақ індеріне су құйып, қақпан қойып, мықшыңдап жүрген жүдеу өңді қос бала – Тағай мен Керім. Қолындағы меспен өзеннен су алып келмек болып, жүгіре жөнелген Керім кенет әлі толық ери қоймаған қардан аяғы тайғанап, жыра түбіндегі шұңқырға құлап түседі. Бастапқыда тереңдеу шұңқырдан өзі-ақ секіріп шықпақ болған Керімнің көзі абайсызда көз алдындағы көрініске түсіп, жанұшыра шыңғырып жібереді... Кейінгі тағдырлары да дәл осы қараңғы шұңқыр ішіндегі қорқынышты көрініске ұқсаған қос бала не көрді екен, не көрмеді екен? Қазан айының аяғында-ақ ақ көрпесін жамылып, мүлги қалатын таулы аймақтың бірде ылдиға түсіп, бірде өрге ұмтылған жіңішке жолын ұзақ қуалаған тілшілер көлігі қазақ-қырғыз шекарасының маңына барып бір-ақ тоқтады. Жан-жағын қалың қарағайлы тау қоршаған сұлу шатқалдың қақ ортасына киношылар қосыны жайғасыпты. Сәл әріректе 40-шы жылдарды елестететін тапал тамдар шашырай орнаған. Қараңғы батып, жапалақтап қар жауып жатқанына қарамастан киношылар тобы жұмысқа беріле кірісіп кетіпті. «Қазақфильм» АҚ-ның ұйымдастыруымен бір топ журналистер Алматы облысы Райымбек ауданының шалғайдағы Құрметі ауылына сапарлап қайтты. Сапар мақсаты – режиссер Болат Қалымбетовтің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап түсіріп жатқан «Талан» толықметражды көркем фильмінің түсірілім алаңын көзбен көріп қайту еді. Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» повесінің желісі бойынша сценарийі жазылып, осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған фильм жұмысы қаржы мәселесіне байланысты біраз уақытқа тоқтап қалған екен. 30-шы жылдардың аштығын бастан кешіп, ата-аналарынан айрылған Тағай мен Керім атты екі баланың тауқыметі мол жеке тағдырларын сипаттау арқылы режиссер ұлт басына түскен ауыр кезеңдерді, кер заманда тірі қалу үшін адамдардың қандай құн төлеуге мәжбүр болғанын көкірегі ояу, көзі қарақты көрерменге терең оймен астарлай жеткізгенді жөн көріпті. «Тарихи фильм болмаса да, тарихи шындықтарды астарлы түрде бейнелеуге ұмтылып жатырмыз. «Талан» – тағдыр сөздің синонимі. Фильмдегі талайлы тағдырлар арқылы азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың арманы – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінуге болады. Адам мен табиғаттың бір-бірімен үндестігі болуы үшін осы бір көрікті орынды әдейі таңдап алдық», – дейді режиссер. Сценарийін Ғазиз Насыров пен режиссердің өзі жазған фильмдегі кейіпкерлерді сомдауға Ерік Жолжақсынов, Шынар Жанысбекова, Ержан Нұрымбет, Ұлан Нүсіпәлі сынды танымал актерлермен бірге, қырғыздық белгілі актриса Жамал Сайдахматова, сонымен қатар, Жасұлан Әйтенов, Аян Өміржан, Асан Қырқабақов, Қаршыға Әлибеков сияқты жас актерлер түсуде. Бұған дейін де көрерменге «Тамшы», «Айналайын», «Последние холода», «Сардар» сияқты туындыларымен танымал болған тәжірибелі режиссер Болат Қалымбетов тілшілер арқылы: «Кино – өнердің қиын саласының бірі. Сондықтан, кейде кемшіліктер орын алып жатады. Ол кемшіліктерді болдырмас үшін не істеу керек? Меніңше, Кино туралы заң қабылдау керек. Бір өкініштісі, бізде әлі күнге дейін ондай Заң қабылданбаған. Бірақ әлі де кеш емес. Заң қабылданса, бәрімізге жақсы болар еді», – деген тілегін жеткізді. 2017 жылы наурыз айында көрерменге жол тартады деп жоспарланып отырған «Талан» көркем фильмі отандық кинонарықта тәлейі ашылған жауһарлар қатарын толықтырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленеді деп сенеміз. АЛМАТЫ    
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20