Бейнелеу өнерін түсінудің бір ерекшелігі – бояу арқылы ұғысуда. Бояу «тіліне» ешқандай аудармашының керегі жоқтығында. «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында өткізілген швед суретшісі Туве Крабоның жеке көрмесі Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 25 жылдығына арналды.
Туве Крабо «Түзелмейтін қателік: Алғашқы жарылыс» атты көрмесіне ядролық қарудан зардап шеккен орындарды бейнелейтін жұмыстарын қойды. Дүние жүзінде пиғылы бұзық, ниеті қарау адамдардың кесірінен күн сайын техногенді апаттардың орын алатыны нәзік жанды суретшіні қатты толғандырған сыңайлы. Швед суретшісінің Тұңғыш Президент музейінде ашылған көрмесі солайша барлық зұлымдықтардың артында жекелеген адамдар не қатал режім тұрады деген ойды айғақтап тұрды.
Көрмені Швецияның Қазақстандағы елшісі Христиан Камилл ашты. Ол өз сөзінде Швеция ұзақ жылдар бойы қарусыздану саласындағы белсенді іс-қимылдарға өз тарапынан күш салып келе жатқанын, Қазақстанның ядролық қарусыздануға бағытталған бастамаларын жоғары бағалайтынын жеткізді. «Биылғы жылы Швеция және Қазақстан мемлекеттері 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Қазақстанмен бірге біз де БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде қарусыздану және қаруды таратпау бастамаларын қолдаймыз. Астанада осы бірегей көрмені ұсыну арқылы ядролық қарудың және ядролық сынақтардың зардаптары жайлы ақпарат беру жұмысын жүргіземіз деген үміттеміз», – деді елші.
Ал көрме барысында суретшінің өзі мәтінмен жеткізу мүмкін емес нәрсені акварельмен, бояумен айтуға барынша күш салатынын әңгімеледі. «Менің өнерім кино сияқты. Онда драма, көңіл күй, сезім, жарық пен түнек бар. Көбіне өз образдарымды интернет желісінен аламын. Олардың басым бөлігі – адамзат трагедиясы мен экологиялық зардап шеккен жерлер. Қазіргі қоғамдағы апатты оқиғалар ағымы адамзатты мейірімсіз ете ме деп қорқамын», – деді ол.
Туве Крабо кино, проза, бейнелеу өнері тәрізді өнердің түрлі саласын меңгерген жан. Бір басына өнердің бірнеше түрін тоғыстырған Туве адамзатқа қасірет әкелетін құбылыстар мен оқиғаларды болдырмау үшін өнері арқылы адамдарға жанашырлық, түсіністік сезімдерін сыйлағысы келеді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»