Халқымыз ежелден «бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналықты ұрпақтың санасына сіңіріп келген. Бұл тіршіліктің қайнар көзін бітеме, жақсылықты жалғастыр, өсуге жол аш деген мағынамен қазіргі біздің ұғымымыздағы «дамуды қамтамасыз ет» дегенге саяды.
Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерінің бірі судың тапшылығы екені айтылған.
Қазақстан суы тапшы елдер қатарына жататынын ескерсек, су көздерінің есебін жүргізу, қорғау саласында мемлекеттік тұрғыдан жан-жақты шаралар алынуы керек деп санаймыз. Соның ішінде, бұлақтардың жағдайына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Қазақстанның ішіндегі өзендердің негізгі көзі – көктемде еритін қар сулары мен бұлақтар. Мысалы, Ақтөбе облысының Мұғалжар тауларынан бастау алып, Атырау облысының Жылыой ауданы арқылы Каспий теңізіне құятын ұзындығы 700 шақырым Жем өзені 14 сағалық өзен мен бұлақтан құралған. Осы өзен бастау алатын нақ Егіндібұлақ ауылында 200-ден астам бұлақ болған. Алайда, қазір осы бұлақтардың басым көпшілігі бітеліп қалған.
Екінші мысал айтатын болсам, осы өңірлерден өтетін ұзындығы 800 шақырымдық Ойыл, ұзындығы 511 шақырымдық Сағыз өзендері де бұлақтардан нәр алып, ағынын жалғастырып келеді. Дегенмен, бұлардың бойындағы көптеген бұлақтар да бітеліп қалған.
Бұлақтардың бітелу себептерінің қатарына табиғи жайлармен қатар, Кеңес Одағы кезіндегі шаруашылық жүргізуде экологиялық талаптарды ескермеу жатады. Ауыл шаруашылығы үшін су алу мақсатымен өзен арналары техниканың күшімен топырақпен бітеліп қалған. Екінші себеп, бұлақтардың мемлекет тарапынан қорғалудан тыс қалғандығы. Өкінішке қарай, сол үрдіс Тәуелсіз Қазақстанда да жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін елімізде бұлақтарға жауапты мемлекеттік орган анықталмаған. Осыған байланысты еш жерде бұлақтардың есебі жоқ. Демек, бүгінгі күні елімізде қанша бұлақтар бар, олардың жағдайы қандай деген сұраққа жауап беретін бірде-бір мемлекеттік орган жоқ.
Осы орайда біздің заңнамаларда бұлақ мәселесіне байланысты жетіспеушілік бірден көзге түсті. Атап айтқанда, қолданыстағы Қазақстан Республикасының Су кодексінде «бұлақ» түсініктемесі мүлде берілмеген. Бұлақтар Кодекстің 5-бабындағы су нысандарының құрамында да көрсетілмеген. Су кодексінің 13-бабында жер асты су нысандары бекітілген. Осы баптың 4-тармағына сәйкес «жер асты суларының құрлықта немесе су астынан табиғи шығуы» жер асты су нысанына жатады делініпті.
Шет елдердің заңнамаларында бұлақтар туралы нақты нормалар бар. Мысалы, біз қараған Ресей Федерациясының, Қырғызстанның заңнамаларында ол арнайы қарастырылған. Оларда бұлақтар жер үсті су нысандарына жатқызылған және олар су шаруашылығына жауапты мемлекеттік органның құзырына берілген. Сондықтан мен Үкімет басшысына сауал жолдап, онда төмендегілерді жасауды ұсындым: Қазақстан Республикасының Су кодексіне «бұлақ» анықтамасын нақтылайтын норма енгізу; халықаралық тәжірибені зерделеп, бұлақтарды жер бетіндегі су нысандарына жатқызуды қарастыру; Бұлақтарға жауапты мемлекеттік органды анықтау; Мемлекеттік су кадастрын жасау үшін тиісті қаржы бөлу және басқа да ұйымдастыру жұмыстарын іске асыру.
Осындай мәселелер шешілмесе, еліміздегі бұлақ көздері бітеле беретін түрі бар. Олардың кейбірінен шыққан мөлдір, минералды сулардың емдік қасиеттері де бар екені белгілі. Олардың да сапасын анықтап, қорғалуға алынуы керек. Бұл еліміздің аумағында туризмді дамытуға да өз ықпалын тигізер еді.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Сенат депутаты