04 Қараша, 2016

"Қытайға экспорт" қозғалысының мақсаты қандай?

610 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қытайға экспорт" қозғалысына қатысты бастама көтерді. Осыған орай бүгін "Атамекен" ҰКП қабырғасында қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына шығару мәселелеріне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев "Қытайға экспорт!" қозғалысының мақсат-міндеттері туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бұл қадам отындық ауылшаруашылығы өнімдерін және азық-түлік тауарларын өндірушілерге өз өнімін Қытай нарығына ұсынуға мүмкіндік береді. "Қытай нарығы біз үшін қазақстандық өнімдерді өткізу көлемін кеңейту жолы ғана емес. Бұл арқылы тауар өндірушілеріміз өз өнімін әлемдік деңгейдегі баға бойынша сатып, өзіндік шикізат өндірісін ынталандыра алады және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарының жұмыс ауқымын көбейтеді", - деді Нұржан Әлтаев. Естеріңізге сала кетсек, Қытай азық-түлік импорты тұрғысына Еуропа одағы мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұр. ҚХР дүниежүзіндегі ірі ауылшаруашылық өндіруші ғана емес, алпауыт импорттаушы да. Ал "Атамекен" ҰКП Қазақстан өнімдерін Қытай нарығына шығаруға қатысты жұмыстарды жүргізіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп белгілі бір шектеулер қойылған өнім түрлеріне байланысты кедергілерді жоюға белсенді атсалысуда.