Бояудың құдыретін түсіну үшін нағыз суретшінің картинасын көру керек. Бояу арқылы табиғаттың сырын, адам болмысын, өмірдің мәнін түсіндіруге ұмтылатын суретшілер бояуды әрқашан орынды қолданады. Бүгінгі көрмеде дәл сондай тамаша туындылардың куәгері болдық. Қытай мемлекетінің атақты суретшілері Гуань Хончэнь мен Шао Пу «Жібек жолы экономикалық белдеуі» атты жеке көрмелерін өткізді. Көрме елордадағы Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде ашылды.
Алдымен Гуан Хончэнь туралы бірер сөз. Оның картиналары Америка мен Еуропаның, сондай-ақ, Шығыс Азияның бірқатар елдерінің музей, галереяларында, жекелеген коллекционерлердің қолында сақтаулы. Суретші бүгінде Шэнь Ян университетінің профессоры. Табиғатпен етене сырласатын өнер иесінің күз бен көктемге деген құштарлығы ерекше. Күзде салынған ақ қайыңы бөлек сыр айтса, көктемде бейнеленген ақ қайыңдары басқаша әсер қалдырады. Қайың емес, құдды адамдар сияқты сыр айтысады, мұңаяды, күлімсірейді. Гүл ашқан өрік ағаштары, сыңсыған орман-тоғайлар, егіндік даласы, ауылдағы үйлер, жайылып жүрген сиырлар мұның бәрі суретшінің жеке қолтаңбасымен қанық бояумен бейнеленген.
Ал, Қытайдың үлкен ақыны, атақты суретшісі Шао Пу картиналарына тән ерекшелік – күңгірт бояудың басымдығында. Суретші жан жалғыздығын, адамның мынау үлкен кеңістікте кішкентай ғана нүкте екенін ұтымды бейнелейді. Оның негізгі объектісі – тау-тастар, өзен-сулар. Аспан мен жерді тұтастыра алады.
Қытайдың қос суретшісінің көрмесі Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-музейі мен «Мұрат жолы» мәдени-қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
Айгүл СЕЙІЛОВА
Фото: Ерлан ОМАРОВ