05 Қараша, 2016

АҚШ-та келесі президент кім болады?

279 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
dubir-1Қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген сөз бар. Алдағы сейсенбіде мәресіне жететін АҚШ-тағы президенттік сайлаудың әңгімесі, даңғазасы, айқай-шуы, сірә, соған келеді. Бір жарым жылдан аса уақыт жұрт назарын аударған бұл саяси науқан кезінде не айтылмады дейсің! Президент сайланғаннан кейін бұл даңғаза сабасына түсер, басылар, бұрынғыдай қызық болмас. Расында да, бұл сайлауда кімнің айы оңынан туатыны әзір белгісіз. Егер Хиллари Клинтон жеңсе, ол ел өміріндегі алғашқы әйел президент болмақ. Ал Дональд Трамп Вьетнам соғысының ардагері, оның да жеңістен үміті бар. Жұрт тағы да бәйгеге қосылып отырған екі үміткер: Либертиандық партияның көсемі Гари Джонсон мен Жасылдар партиясының өкілі Джилл Стайнды есепке алып отырған жоқ. Әлемдік саясатқа ықпалы тиетін ұлы державаның басқару тізгінін кім ұстайтынына әлем жұртшылығының назар аударатыны заңды. Жұрттың сондағысы – әлемдік тыныштыққа септігі тиетін, ұлы елді басқалармен ынтымаққа бастайтын, оның орасан зор әлеуетін кейбір кесапаттарды ауыздықтауға бағыттайтын тұлға таңдалса екен дейді. Сайлау науқанын қадағалап отырғандардың осынау негізгі екі үміткер жайында көптеген мағлұматтарды естіп, олардың өміріне, ұстанатын бағыт­тарына қаныққаны да даусыз. Олардың бір-бірін сынап емес-ау, ғайбаттаған сөздерін де есітіп, талайлардың төбе шашы тік тұрғаны да бар. Шындық, әрине, олардың бір-бірін ғайбаттағанындай болмас, америкалықтар өздерінің көңілінен шығатын тұлғаға тоқтар. Осынау екі қайраткердің прези­денттікке қайсысы лайық дегенде, әркімнің өз пікірі бар. Және ол АҚШ-тың өзінде ғана емес, бүкіл әлемде кең талқыланып жатыр. Тіпті, оған кей жерлерде мемлекет деңгейінде мән беріп отырғаны да белгілі. АҚШ-тың өзінде бұл сайлауға Ресейдің ықпал еткені жайлы әңгіме көп. Мәскеуге партиялардың құпия поштасын аштың деп айып тағуы да тектен тек емес. АҚШ Сенатындағы демократтардың лидері Гарри Рид үміткер Трамптың Ресей билігімен байланысы барлығы дәлелденген деуі және бұл ретте ФББ-ның директоры Джеймс Комиды айыптауы біраз шу тудырды. Ал бұдан бұрынырақ Ресей президенті Вла­димир Путиннің «Мәскеу үміт­кер Трампты жақтайды деуі –  сандырақ» дегеніне қарамастан, Ресейге айып таққан пікірлер әлі де оқтын-оқтын естіліп қалуда. Әрине, ешкімнің аузына қақ­пақ қоймайсың. Бір елдердің ақпа­рат құралдары АҚШ-тағы сайлауды өздерінің басты тақы­рыбының біріне айналдырып, белгілі дәрежеде өз елдері билі­гінің көзқарасын аңғартып жатады. Бұдан америкалықтардың пікірлері өзгере қоймасы да белгілі. Сайлаушыларға ықпал ететін сөз де, әрекет те олардың өз іштерінде. Трамптың әйелқұмарлығы, ал Клинтонның электрондық поштасы жайындағы сөздер үміткерлерге біраз таяқ болып тигеніне жұрт куә. Көп уақыт Клинтонның рейтингі Трамптан айтарлықтай жоғары болса, жаңағыдай дақпырт сөз олардың жағдайын теңестіріп те жібергені бар. Тіпті, соңында Дональд Трамптың рейтингі 5 пайызға көтерілді деген де ақпарат пайда болды. Сөйтсе де, дәл бүгін амери­калықтардың көңіл-күйі кім жағында екенін дөп басып айту қиын. Енді екі-үш күнде шындыққа көзіміз жетеді. Күтейік.   Грузиндер парламентте орын бөлісті dubir-2 Тыныш елде сайлау да тыныш өтеді. Грузиядағы парламенттік сайлау да бұл елдегі жағдайды аңғартты. Сайлау екінші турға созылып, оның нәтижесінде миллиар­дер Бидзина Иванишвилидің «Грузия арманы» партиясы биліктегі өз орнын сақтап қалды. Оппозицияның айқайы естіліп жатыр. Алғашқы турда жүз мандат иесін тапса, екінші турда 50 мандат иесі анықталды. Сөйтіп, «Грузия арманы» партиясы Парламенттегі 115 орынға жайғасып, конституциялық көпшілікті қамтамасыз етті (бұл үшін 113 орын жеткілікті). Енді бұл партия конституцияға қалаған өзгерістерді енгізе алады. Қай елде де оппозиция болады. Партиялар күресіп жатады. Оны қалыпты жағдай дейсің. Кейбір елдердегідей, Грузияда да билік пен оппозиция арасындағы күрес қатқылдау. Мұнда екінші жақтың пікіріне түсіністікпен қарау деген жоқ, шамалары келсе, бір-бірін тұқыртуға тырысады. Кешегі Михаил Саакашвили президент болған тұста біраз теперіш көрген саяси күштер бүгін билікке келгенде, ескі қарсыластарын аяғысы жоқ. Бұрынғы президент елге оралар болса, оны түрмеге жаппақ, оның «Бірегей ұлттық қозғалыс» партия­сына қолынан келгенше қысым жасамақ. Ал оппозицияның қазір саяси айқайдан басқаға қолы қысқа. Сайлауға 19 партия және 6 сайлау блогы қатысқан. Бұл да елдегі саяси тартыстың ауқымын аңғартады. Содан үш партия ғана 5 пайыздық цензден асып, парламентке өтті. Мұнда 150 мандаттың 77-сі партиялық тізіммен сайланса, 73 орын жеке мандаттық округтерде айқындалады. Алғашқы турда «Грузия арманы» партиясы партиялық тізім бойынша – 44, ал жеке мандаттық округ бойынша 23 орын алса, «Бірегей ұлттық қозғалыс» 27 орынмен шектелді. Жұртты таңдандырып, ресейлік бағыттағы «Грузия патриоттарының альянсы» партиясы 5,01 пайыз дауыс жинап, 6 мандатқа ие болды. Екінші тур Иванишвили партиясының басым­дығымен өтті – олар 50 округтің             48-ін­де жеңіске жетті. Дауыс берудің нәтижесіне кө­бірек тоқталып отырғанымыз – ол саяси күрестің арасалмағын ай­қын көрсетеді. Бұл сайлау экс-пре­зидент, қазіргі кезде Украинаның Одесса облысының губернаторы Ми­хаил Саакашвилидің және оның пар­тиясының ойсырай жеңілісін аңғар­тып отыр. Бұрын олардың парламентте 65 орны болса, қазір – 27 ғана. Билік бір партияның қолында. Бұл жақсылық па, жоқ кері кеткендік пе? Әр түрлі пікір айтылып жатыр. Бір партияның дегені болса, басқалардың пікірлері ескерусіз қалады деген сөз айтылады. Дегенде, көпшілік сенім артқан партия өз ойларын жүзеге асырып жатса, ол халықтың мүддесінен алшақ кете қоймас. Екіншіден, оппозицияның да өкпелейтін жөні жоқ. Ең алдымен, халықтың сеніміне ие болу парыз. Сарапшылар, байқаушылар, бұл елдегі жағдайға көз қырын салып отыратын АҚШ мемдепартаменті де «сайлау талапқа сай өтті, кейбір ұсақ-түйек болмаса, бұрмалаушылыққа жол берілген жоқ» деген пікірде. Халықтың ықыласы ауғандарға парламентте көбірек орын тиді. Атап айтарлық бір жайт: бұл елде батыстық және ресейлік бағыт туралы сөз көп айтылса да, ресейлік олигарх Иванишвилидің «Грузия арманы» партиясы Мәскеуге біржола бағыт бұрды деп айту қиын. Олар әрқашан Батыспен кірігуді мақсат ететіндерін мәлімдеп келеді. Сайлау өте салысымен Ресей Мем­думасының бір депутаты Леонид Калашников дегеннің «екі ел парламенті арасында үнқатысуы болады» деп соған орай грузин оппозициясы шу көтергенде де, биліктегілер Тбилисидің оған бармайтынын, ол тек Мәскеу Абхазия мен Оңтүстік Осетияны танудан бас тартқанда ғана мүмкін екенін мәлімдеді. Демек, билік пен оппозиция арасында үлкен от тұтана қоймас. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист