Таза жеңіс
Бұл күндері матчтар Ордабасы» – «Тобыл», «Шахтер» – «Қайсар», «Локомотив» – «Жетісу», «Восток» – «Қайрат», «Ақтөбе» – «Атырау», «Тараз» – «Ертіс» командалары арасында өтті.
Бірінші турдың ойындарында 9 гол соғылды. Барлық ойындар «құрғақ» жеңіспен бітті. Онда маусымның алғашқы голын өз алаңында Қостанайдың «Тобыл» клубын қабылдаған «Ордабасы» командасының шабуылшысы Азат Нұрғалиев соқты. Ол есепті 33 минөтте ашты. Ал тараздық қорғаушы Данияр Мемшевич 15 минөтте өз қақпасына гол салып, алғашқы автоголдың авторы атанды. Осы турда 3 голды ұлттық құраманың ойыншылары соқса, ойыншыларға 21 ескерту қағазы көрсетілді. Соның ішінде «Тобыл» мен «Ертістің» ойыншылары 10 рет тәртіп бұзып, әрқайсысы бес-бестен сары қағаз алды. Осыған қарап матчтың қызықты және тартысты өткенін көруге болады. Дегенмен, басқа да ойындардың қызықты өтуіне байланысты бұл турдағы болған орталық ойынды айту қиын. Тек «Жетісудің» Астанаға келіп, «Локомотивті» жеңгені болмаса, басқа сенсация деуге тұрарлық ештеңе болған жоқ. Соның ішінде былтырғы чемпион «Тобыл» мен суперкубокты иеленген «Локомотив» алғашқы ойындарын жеңілістен бастаса да сенсация деуге болмайтын сияқты. Тағы бір айтатын нәрсе, осы турдағы «Шахтер» мен «Қайсар» арасындағы кездесу Қарағанды алаңының Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сай келмегендіктен Астанада өтті. Мұндай жағдай екінші турда да қайталанатын болады. Яғни, «Атырау» мен «Шахтер» арасындағы матч Атыраудағы ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанаға ауыстырылады. Сөйтіп, «Шахтер» екінші ойынды да сырт алаңда өткізуге мәжбүр болып отыр.
Жалпы, бірінші турдың ойындары мынадай нәтижемен аяқталды. «Ордабасы» – «Тобыл» – 1:0. Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен бұл кездесуге 3 500 адам жиналды. Қазір шымкенттік команданың құрамына Фархатбек Ырысметов пен Азат Нұрғалиев қайтып келді. Сол Азат, жоғарыда айтқанымыздай, кездесудің 33 минөтінде чемпионаттың алғашқы голын соқты. Ал «Тобылдың» бұл жеңілісі кездейсоқ деп айта алмаймыз. Қостанайлықтар алғашқы матчта жеңілгенімен, жаңа маусымда чемпиондық атақты қорғауға тас-түйін дайын тұр. Бас бапкер Равиль Сабитовтің айтуынша, командада кадр мәселесі жоқ. Команда жаңартылып, жаңа ойыншылар алынды. Қазір солардың ішінде тек босниялық форвард Бекрич қана еңбек визасын алмағандықтан ойнай алмай жүр. Ал басқалары команда сапында дайындалуда.
«Локомотив» – «Жетісу» – 0:2. Бұл ойынды «Астана-Арена» стадионына келген 2 500 адам тамашалады. Матчта голды Серікжан Мұжықов пен Сергей Остапенко соқты. «Жетісудың» бас бапкері Асқар Қожабергенов кездесу соңында өткен баспасөз мәслихатында шәкірттерінің өнеріне риза екенін, қорғаушылар Ақжол Серікжанов пен Захар Коробовтың матчқа қатыса алмаса да басқа ойыншылардың жақсы қорғанып, ұтымды шабуылдар жасай алғанын атап өтті. «Теміржолшылардың» бас бапкері Холгер Фах болса, ойынға Андрей Карповичтің «Тобылмен» ел суперкубогы үшін өткен соңғы ойында ауыр жарақат алғанына байланысты қатыса алмағанын, ол енді бір ай бойы жарақатын емдейтінін айтты. Ал ойын туралы ол қарсыластарының жеңіске деген құлшынысын бағалайтынын жеткізді.
«Восток» – «Қайрат» – 1:0. Кездесуде жалғыз доптың авторы Саша Добрич атанды. Өскеменнің «Восток» стадионында 1 300 жанкүйердің көз алдында өткен бұл матчта жергілікті команда жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салды. Команданың бас бапкері Вахид Масудов та «тамағы ауырғанша» алаңның жиегінде тұрып, ойыншыларын қайраумен бүкіл уақытын өткізді. Жалпы, қазір жанкүйерлер арасында мынадай әңгіме жүр. Маусым басталар алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев команда құрамымен кездесіп, егер олар «Қайратты» жеңсе, футболшылар 1 млн. теңге көлемінде қосымша үстемақы алады деп уәде берген көрінеді. Ал «Восток» командасында алғашқы голдың авторы атанған ойыншыға қосымша 100 мың теңге сыйақы тағайындалатын болыпты. Енді Саша Добричтің үстемақымен бірге қосымша сыйақы да алатын түрі бар.
«Қайратқа» келсек, бұл кездесуге иығына алған жарақатына байланысты Руслан Балтиев қатыса алмады. Жалпы, алматылықтар биылғы маусымда алтылыққа енуді көздеп отыр. Егер бұдан да жақсы ойнайтын болса, үштікке ілігіп УЕФА жарыстарына қатысудан да кет әрі емес.
«Тараз» – «Ертіс» – 0:1. Тараздықтар бірінші турда «Локомативтен» кейін өз алаңында жеңілген екінші команда болды. Сөйтіп, «Жастар» стадионына жиналған жанкүйерлердің алғашқы үш ұпайды өз алаңымызда аламыз ба деген үміті ақталмады. Былтыр Воит Талғаевтің шәкірттері керекуліктермен үш рет кездесіп, тағы бір рет Қазақстан кубогы үшін жарыста жеңіске жеткен болатын. Енді «Ертістен» айласын асыра алмай ұтылып отыр. Бұл ойында көзге түскен бір футболшыны айтуға болады. Ол биылғы маусымда «Ертіске» керегі болмай қалған «Тараздың» қорғаушысы Вячеслав Соболев. Бүкіл ойын бойы ол Павлодардан кеткеннен кейін қарсыластарына қарсы жанын аямай ойнады.
«Ақтөбе» – «Атырау» – 2:0. Бұл көрші өңірлердің кездесуі әдеттегідей тартысты өтті. Статистикаға қарасақ, екі клубтың арасындағы ойындардың бәрінде көп голдар соғылады екен. Соған қарап, көрші жатқан облыстардың арасында бір бәсекелестіктің бары байқалады. Қазір айтары жоқ, бұл бәсекеде «Ақтөбенің» аты озып тұрғаны сөзсіз.
Осы жолғы кездесуге «Ақтөбе» толық құраммен шықты. Ал «Атырау» сапында біраз өзгерістердің жасалғаны көрініп тұрды. Пірәлі Әлиев, Руслан Сақалбаев сияқты ойыншылардың орнына жаңа футболшылар ойнады. Бұл жерде кезінде Мәскеудің «Спартак» командасында ойнаған тәжік бапкері Рамиз Мамедовтің легионерлерге арқа сүйейтінін аңғару қиын емес. Оған аргентиналық қорғаушы Леон Игнасио, голландиялық Хавбек Кираның команда құрамына қосылғаны дәлел бола алады.
Бірінші турдың ең соңғы ойыны 7 наурыз күні «Шахтер» мен «Қайсар» командалары арасында өтті. Кездесу 2:0 есебімен алғашқылардың пайдасына шешілді. Бұл ойында «Тобылдың» байқауынан өтпеген Рашкович пен Досмағанбетов гол соқты. Осы ойында қарағандылық команда биылғы маусымда алтылыққа ену үшін күш салатынын көрсетті. Ол үшін команда құрамына литвалық Хавбек Вичюс, босниялық Джидич, шабуылшылар Андрей Финонченко, Мақсат Байжанов, Қанат Әлиев, Қайрат Өтебаев, Вячеслав Эрбес шақырылып отыр.
Келесі тур 12 наурыз күні өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.