Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігінде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы мен Жапонияның дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату туралы вербалды нотамен алмасу рәсімі өтті, деп хабарлайды egemen.kz
Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Екі елдің лауазымды тұлғаларының визасыз сапарлары Қазақстан мен Жапония арасындағы саяси байланыстың одан әрі нығаюына және сауда-экономикалық ынтымақтастығын жандандыруға септігін тигізетін болады.
«Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми іссапарымен бір мезгілде, біз 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап екі елдің дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату туралы вербалды нотамен алмастық. Бұдан өзге, Мемлекет басшысының қазақстандық дипломатияның экономикалық бағытын нығайту туралы тапсырмасы бойынша 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жапонияның ұлттық төлқұжаты бар азаматтарына 30 күнге дейінгі мерзімде визасыз режим орнатылады. Бұл екі елдің инвестициялар, жаңа технологиялар және туризм саласындағы бизнес құрылымдары арасындағы іскери байланыстың қарқындылығын арттыруға мүмкіндік береді», - деді ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев.
Оның айтуынша, вербалды ноталармен алмасу Қазақстанның барлық азаматы үшін визасыз режимді жеңілдету жолындағы алғашқы қадам болып табылады.
Қазақстандағы Жапония Елшілігінің кеңесшісі Ясумаса Идзима бүгінгі оқиға екі елдің саяси, экономикалық салалары мен екі ел азаматтарының сапары саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға септігін тигізетін болатынын айтты.
«Біз Қазақстанның барлық азаматы үшін визалық режимді жеңілдетуге әрі қарай талпынатын боламыз», - деді жапон дипломаты.