жүрген алаяқтардың іс-әрекеттеріне қатаң тосқауыл қоймай болмайды
Қоғамды жегі құртша дендеп, тамырын тереңге жіберген қылмыстардың бірі – алаяқтық. Өңірде олардың қатарын негізінен 21-40 жастағылар құрайтын көрінеді. Облыстық прокуратураның сараптамасы бойынша, өмір сүруге енжар, еш жерде жұмыс істемейтін, қоғамдық пайдалы еңбектен гөрі масылдыққа бой алдырған санаттағылар қылмыстың осы түріне бейім тұрады екен. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, алдап-арбауды негізгі табыс көзі етіп, «ағыл-тегіл нәпақадай» санайтындардың қатары кемудің орнына көбейіп бара жатқаны алаңдатады.
Зардап шегушілер арасында зейнеткерлер мен әйелдердің, балалардың жиі ұшырасуына қарағанда олардың аңғалдығын, сенгіштігін шебер пайдаланатын секілді. Адамның мінез-құлқын, көңіл-күйін, әлсіздігін, ішкі сырын терең меңгергендері соншалық, бермесін тартып алатындай сиқырлы күшке ие екенін айғақтайтын мысалдар да аз емес. Мәселен, Сара Тайжанова, Әлфия Жүкенова және Оксана Войдило құрған қылмыстық топ 2012-2015 жылдар аралығында 23 жәбірленушіге 94 миллион теңгенің материалдық шығынын келтірген. Бұлар тұрмыстық, әлеуметтік жағынан қиындықтар көріп, әлдебір «жарылқаушысынан» сүйеніш күткен әлжуаз, дәрменсіз жандарды жылы сөзбен иландыруды басты «қару» етіп отырған. Басқа да қитұрқы жолдарын қолданған. Мәселен, биліктегі «сенімді адамдары» арқылы кез келген мәселені сол заматта шешіп тастайтын болған. Темір екеш темірді де иілтетін мұндай алаяқтық қасиеттің түп-тамырына үңілудің орнына бірден елп ете түскендер еш сезіктенбестен қомақты қаражаттарын ұстата салады екен. «Үштіктің» арам ниеттері әшкереленіп, сот үкімімен әртүрлі мерзімге абақтыға жабылды. Бірақ мына мәселе ойландырмай қоймайды. Ол адамдардың құқықтық сауатсыздығына келіп тіреледі. Айтыңызшы, бастапқы ақшалай жарна төленсе, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жалгерлік тұрғын үйлерден төмендетілген бағамен пәтер алып береміз деген жалған ақпарат ешбірінде күдік тудырмауы қалай? Тиісті орындармен хабарласып, анық-қанығын біліп алса, сергелдеңге түспес еді.
Бүгінде жұмыртқадан жүн қырыққан пысықайлардың арбауына зейнеткерлердің жиі түсетіні еш талас тудармайды. 75 жастағы қария өздерін «әлеуметтік қызметкерміз» деп таныстырған екі бейтаныс келіншектің жүріс-тұрысына еш күмән келтірмеген. Олар болса, қолданысқа теңге купюралары шығатынын айтып, жаңаларына алмастыру көмегін ұсынған. 140 мың теңге қолға тиісімен табан жалтыратқан. Айдың-күннің аманында опық жеген кейуана ішкі істер бөліміне шағымданғанымен, өздерінің арам ниеттерін күнібұрын ойластырған әккі қулар ұстатушы ма еді? Мұның алдында облыс орталығының бір тұрғыны өмірі беті-жүзін көрмеген бейсауат жандарға 350 мың теңгесін ұстатып жіберген. Бұдан шығатын қорытынды, өңірде 432 алаяқтық фактісі тіркеліп, былтырғыға қарағанда 26 пайызға төмендесе де, ақшаны қарызға алып, бермей қою, мүлікті қайтармау, жалған құжаттар арқылы несие рәсімдеу сықылды қылмыс көріністері көп кездеседі. Қарызға ақша алу бойынша – 43, орындалмайтын келісімдік міндеттер жасаудың – 23, интернет алаяқтығының – 17, мүлікті қайтармаудың 39 фактісі тіркелген.
Алаяқтардың ойлап таппайтыны жоқ. Қостанай облысының екі азаматы Ғ.Мүсірепов ауданына келіп, жаңа дәріхана ашылатынын жариялаған. 19 мың теңге қосымша құн салығы төленсе, 70 мың теңгенің биореттегіш аппараты тегін берілетінін жарнамалаған. Оған тұрғындар иланып, сұраған қаржыларын берген. Абырой болғанда, учаскелік инспектор күдіктілердің құжаттарын, заттарын тексеріп, арам пиғылдарын әшкере еткен. Ал, Т. деген азаматшаның жалған құжаттар жасау арқылы сауықтыру лагеріне аспаз болып орналасуының ақыры 100 баланың тамақтан улануына соқтырған. Сөйтсе, ол бұған дейін дизентерия кеселіне шалдыққанын жасырған. Арнайы білімі жоқтығына қарамастан жұмысқа қабылданған. Тіпті, медициналық кітапшаға жалған бактериологиялық зерттеу нәтижесін жаздыртқан. Оған екі жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалған. Оның санитарлық қағидалар мен гигиеналық талаптарды өрескел бұзған әрекеттері жымысқылық мақсат-мүддеден туғаны аян.
Келтірілген мысалдардың қай-қайсысы болсын «біреудің ала жібін аттама» деген секілді адами құндылықтардың орнын алаяқтық пиғылдың жаулап бара жатқанын аңғартады. Мұндай алаяқтықтың ақыры неге соқтыратынын жастарымыз біліп өссе дейміз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы