08 Қараша, 2016

Моноқаладағы Дельфий ойындары

455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
snimokҰлттық Дельфий ойындарының тұңғыш рет шағын қалада өткізілуі Степногорск шаҺары мен облыс тарихындағы елеулі оқиға саналады. Сондай-ақ, шараның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында ту көтеруі әлем назарындағы ойындардың маңызын арттыра түсті. Биылғы зияткерлік жарыстың тағы бір ерекшелігі, мұнда алғаш рет ән мен  хореографиялық шеберлікті ым-қимылмен сынға салатын парадельфийлік фестивальдің ұйымдастырылуы дер едік. Сондықтан болса керек, әсем қаланың думан жасауы бұрынғыдан да жарқырай түскендей әсер қалдырады. Ұлттық Дельфийлік комитет Қазақ­стан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен өткізген ойындарға еліміздің 14 өңірі мен 2 қала­сынан 556 өкіл қатыст­ы. Олар екі жас дәрежесінде 17 аталым бойынша бәсекеге түсті. Ал степногорлықтар алаңға жеке команда шығару құрметіне ие болды. Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев ХІІ Ұлттық Дельфий ойындарын ашық деп жариялап, оған қатысу­шылар шаһардың бас Ту тұғырында Дельфий алауын жақты. «Бірлігіміз жарасқан!» ұранын көтер­ген ХІІ Ұлттық Дельфий ойында­рының ресми ашылу салтанаты «Горняк» мә­дениет сарайында қатысушылар шеруі­мен басталды. Онда іріктеу сындарынан сүрінбегендердің таныстырылым рәсімі, қазылар алқасының ант қабылдауы мұндай шараның биік деңгейін және жарыстың тартысты өтетіндігін аңғартып тұрды. Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген Халықаралық Дельфий ойындары комитетінің директоры, Ресей Ұлттық Дельфий ойындары кеңесі атқару комитетінің төрағасы Влади­мир Понявин, Ұлттық Дельфий ойындары комитетінің директоры Құралай Тұспекова, Ақмола облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Ринат Галлямов аталған шара­ның елді ұйыстырудағы, жас талант­тардың жолын ашудағы маңызына тоқталып, үміткерлерге табыс тіледі. Бағдарлама аясында құрметті қонақ­тармен интерактивті сұхбат жүргізілді. Қазылар алқасының мүшесі, актер, продюсер, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әнуар Нұрпейісов Дельфийлік ойындар барысында Степногор қаласы шахмат фе­дерациясының қызметі туралы қысқа метражды фильм түсірілетінін айтса, Тұңғыш Президент Қоры­ның бас менеджері Ерлан Сатаев Қор мұндай шараны бірінші болып қолдағанын, Қырғызстан Дельфийлік қозғалысы комитетінің директоры, 2002 жылғы ойындардың төрешісі Рафаил Сарлықов пен Петропавл қаласындағы студенттердің театр тобының жетек­шісі Айнұр Бекманова биылғы зияткер­лік жарыстың жоғары деңгейде ұйым­дастырылғанын атап көрсетті. Сонымен бірге, белгілі өнер және эстрада жұлдыздарының концерті де мереке шырайын аша түсті. Әсіресе, «Астана Опера» театрының әншісі Альфия Кәрі­мованың, Алмас Кішкенбаевтың, Ринат Малцаговтың әуелі де әуезді әндеріне көрермен риза көңілмен қол соқты. Шығармашылық байқаулары Степ­ногордың 17 мәдени алаңдарында өткі­зілді. Таңдаулылар 17 дельфийлік және 2 парадельфийлік аталым бойынша сынға түсті. Ән айтуды ым-қимылмен шебер орын­даған қызылордалық Сағи Мұхамбет жеңімпаз атанды. Ал хореография жанрында Петропавл қаласынан келген «Sensitive» ансамблі үздік шықты. Ақмолалықтар бұл жолы 12 медальды қоржы­нына салса, бұның төртеуі степногорлықтардың еншісінде. Атап айтсақ, Шыңғыз Русин алтын, Хамидолла Шерхан мен Әбілхайыр Байманбетов күміс, Махаббат Әбділманова қола медальды жеңіп алды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы Суретті түсірген Ермұрат Досымов