«Еңбек етсең емерсің», «Әлемнің әміршісі – еңбек»... Осындай мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді бала күнімізде ата-анамыз да, ұстаздарымыз да жиі-жиі айтушы еді ғой, естеріңізде ме? Сол құлағымызға сіңіп қалды. Санамызда жатталып қалғаны соншалық, жоғары сыныптың оқушылары жазғы демалыс дегенді білмеуші едік-ау, сабақ біте сала етек-жеңімізді түріп, еңбекке араласып кететінбіз.
Шілденің шыжыған шіліңгір ыстығына қарамастан, ала жаздай мақта алқабында еңбек еттік. Тапқан табысымыз мектеп киімдері мен құрал-жабдықтары былай тұрсын, ата-аналарымыздың керек-жарағын, қыстық отын-суын сатып алуға да молынан жететін еді. «Жігіт болды деген осы!» деп әкең арқаңнан қағады, «Қолғанатым менің!» деп анаң аялы алақанымен маңдайыңнан сипайды. Көңілің көтеріліп, мерейің өсіп қалады. Осындай сәтте керемет бір көңіл-күйге бөленетінбіз. Осының бәрі еңбектің құдіреті. Маңдайың шып-шып тершіп, ойын баласы кезіңнен бастап ақ-адал еңбектің дәмін сезіп өсесің. Өмірге бейімделесің, басқаға арқа сүйемей, өзің табыс табу мен күнкөрістің жолын меңгересің. Еңбек шыңдайды, еңбек тәрбиелейді. Тәрбиенің төресі – еңбек.
Еңбек дегеннен шығады, Павлодар қаласының тұрғыны, дәрігер Салтанат Дүйсенбайқызының мынадай әңгіме айтқаны бар еді. Салтанат кешегі кеңестік кезеңде кеңшар басқарған директордың қызы. Жасырып қайтеміз, ол уақытта шаруашылық директорларының көбі өздері ғана емес, бала-шағалары да шалқып өмір сүрген жоқ па? Олар жазғы демалыста балаларын қара жұмысқа әсте жібермейтін. Ал Салтанаттың әкесі дүркіреген шаруашылықтың директоры бола тұра, оқу жылы аяқталысымен бес қызын бірдей ауылдан әжептәуір алыс жүгері алқабына жеткізеді екен. «Әкеміздің көлікпен таңертең апарып, қас қарая алып кетуге мүмкіндігі болды. Бірақ, әрі-бері тасымалдау шығын әрі сөз болады деді ме екен, әйтеуір жаз бойы бір үйдің қыздары жүгері алқабының басында боламыз. Аптасына бір рет ас-суымызды әкеліп береді. Айдала. Жарық жоқ. Азық-түлігімізді сақтау қиын. Жертөле қазып, сонда сақтайтынбыз. «Директордың қыздары ақша табу үшін жүгері алқабына шығыпты», деген әңгімені де естідік. Бірақ, әкеміз айтты: «Өз нандарыңды өздерің табуға дағдыланасыңдар. Маңдай терлеріңмен тапқан нан тәтті болады. Ең бастысы, еңбек етуге төселесіңдер», деді. Әкеміздің айтқаны – заң. Орындадық. Пайдасы тиді. Қазір біз қыз бала болсақ та, төрт түлік малды балта тигізбей жіліктеп бере аламыз. Оны көрген ер-азаматтардың өзі таң қалып жатады», дейді Салтанат.
Міне, тәрбие. Еңбек арқылы тәрбиелеу дегеніміз осы.
Ал қазір қалай? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, балалар мектеп тәрбиесін көргенімен, еңбек тәрбиесін көрмейді. Оқу-білімнен «шаршаған» баламызды жадыраған жаз айы басталса болды, «тынығып келсін» деп шетелге жібереміз, демалыс орындарына жөнелтеміз. Дұрыс қой. Баласының жазғы демалысының жақсы өтуін ойлаған ата-анаға ешкім де кінә арта алмайды.
Біздің ойымыз – үш ай жазғы каникул кезінде балаларды еңбекке баулуға да мән берсек, дұрыс болар еді-ау. Балалардың құқын қорғау ұйымдары «Бұғанасы қатпаған бүлдіршіндерді еңбекке тартудың қажеті жоқ», деп дау айтатын да шығар. Келісеміз. Ал жоғары сынып оқушылары жадыраған жаздың үш айында демей-ақ қояйық, бір айында еңбек мектебінен өтсе, артық болмас еді. Бұған қалай қарайсыз? Қазір еңбек нарығында қарапайым мамандық иелері тапшы. Қалада да, ауылда да осындай жағдай. Жоғары сынып оқушылары мектеп қабырғасынан бастап сол мамандыққа дағдылана бастаса қайтеді? Әлде, балаңыздың мектеп бітірген соң қарапайым еңбек адамы болғанын қаламайсыз ба? Жастардың бәрі жоғары оқу орнына ұмтылғаны жақсы ғой. Ал сонда қара жұмысты кім істейді? Басқа елден келгендер ме? Өзіміз жұмыс күшін қалыптастыра алмаймыз ба сонда? Міне, еңбек тәрбиесімен тікелей байланысты осындай сансыз, сабақтас сауалдар туындайды. Бұлар – ойлануға тұрарлық сауалдар.
«Мектептердің жанында еңбек лагерьлері бар, жаз айларында оқушылар сонда демалады әрі еңбекке үйренеді» деп пікір айтатындар да табылатын шығар. Мектеп ұжымдарының көңіліне келмесін, мұндай лагерьлер жас ұрпақты өз бетінше еңбек етуге тәрбиелейді деп айту қиын. Оның үстіне, оған барлық оқушы қамтылып отыр деп те айта алмаймыз.
Рас, Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің жанындағы жылыжайлар оқушыларды еңбекке тәрбиелейді. Олар өз қолдарымен гүл отырғызады, көкөністерді баптайды, бау-бақшалық жұмыстың қыр-сырына қанығады. Бірақ, бұл оңтүстікте ғой. Бәлкім, республиканың басқа да аймақтарындағы кейбір мектептерде бар шығар жылыжай. Бірақ, жаппай өріс алып отыр деп айту қиын. Сондықтан жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеудің осындай да жолдары мен мүмкіндіктерін қалт жібермегеніміз абзал.
Ғалым
Омархан,
«Егемен Қазақстан»