08 Қараша, 2016

Жастарға жұмыс бар

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Облыс орталығында «Жастар. Павлодар.kz» тақырыбында өткен жастар форумына халықаралық олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары, спортшылар, ауыл, қалаларда тұратын белсенді жастар қатысты. Бұл шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды. Павлодар облысы әкімінің орын­басары Мейрам Бегентаев осы форумда: «Қазір жастардың әлеуметтік проб­лемаларын шешуге, олардың бастамаларын қолдауға, жұмыспен қамтылып, жұ­мыссыздық деңгейін төмендетуге баса назар аударылып отыр» деді. Қазір өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің арқасында жастардың 83,6 пайызы жұмыспен қамтылған. Өмірлерін ауыл шаруашылығы саласына арнағысы келген жастар Лебяжі ауданы орталығындағы  № 14 аграрлық-техникалық колледжде  дуальды оқу жүйесі бойынша білім алу­да. Олар «Рассвет», «Сапа», Жұмабек» шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 20 жас кәсіпкер несие алды. Биылғы жылы пайдалануға берілген 396 пәтердің 270-і жас отбасыларға бө­лінді. Бос жұмыс орындарының бірыңғай электрондық дерек қоры енгізіледі, онда жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері онлайн тәртібінде өзіне қажет мамандықты таңдай алады. Қазір өңірдегі 50-ге жуық колледжде 21600, жоғары оқу орындарында 15 мың студент білім алуда. Соңғы жылдары студенттерге арналып жатақханалар салынуда. Енді тағы да 2 жатақхана, бірі – түсті металлургия колледжінде, екіншісі монтаждау колледжінде бой көтермек. Алғашқысы ERG компаниялар тобына кіретін кәсіпорындар есебінен, ал екіншісі «Орталық-Азия отын-энергетика компаниясы» АҚ есебінен қаржыландырылады. Жоба құны – 612 млн. теңге. Жатақханалар жос­пар бо­йынша 2017 жылы тапсырылады. Екі колледжде 800-дей студент жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға келген студенттер Павлодар ауданының Черноярка ауылында фермерлерге күзгі өнімді жинауға көмектескен. Бұл – форум барысында айтылған ақпараттар. Сондай-ақ, осы жолы жасөспірімдер арасында бағдарламаларды үй­лес­­тіруден олимпиада өтіп, оған 30 оқу­шы қатысты. Барлық жеңімпаздар 2017 жылы мамыр айында өтетін халықаралық Сәтбаев олимпиадасына жолдама алды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған форумда аталған жеңімпаздардан басқа, халықаралық олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері, спортшылар, ауыл, қалаларда тұратын белсенді жастар қатысты дедік. Мысалы, Гонконгте математикадан өткен ха­лық­аралық IMO олимпиадасының жеңімпазы Әмір Мұхаммед-Әли, паратаэквондодан Еуропа чемпионы Карен Овсепян, медиабапкер, «Үздік блогер» аталымында «Нұр Сұңқар» сыйлығының иегері Яков Федоров, Кәсіпкер палатасының бизнес-бапкері Қуаныш Досмағұлов, халықаралық Miss Regal International сұлулық байқауының лауреаты Әмина Қожанова форумда сыйлық, марапаттарға ие болды. Форумда мемлекеттік жастар сая­сатының 6 бағыты бойынша форсайт-сессиялар, семинар, тренингтер өткізілді. Модераторлар ретінде Парламент Мәжілісінің депутаты Артур Платонов, Жастар конгресінің атқарушы директоры Айдын Сәбитов, «Зерде» жобалар холдингінің басшысы Қуат Сағадиев шақырылды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР