Жақында «Kazakh TV» арнасы жаңа пішімде шықты. Телеарнадағы өзгерістердің себебі мен алдағы жоспары туралы «Kazakh TV» арнасының директоры Андрей Тараковпен әңгімелескен едік.
– Таяуда ғана Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен жаңарған «Kazakh TV» арнасы ресми түрде іске қосылды. Он төрт жылдық тарихы бар телеарнаның бұл маусымда қандай жаңалықтары бар?
– Жаңалық өте көп. Өзіңіз айтып өткендей, біздің арнамызға биыл 14 жыл толды. Телеарна үшін бұл қысқа уақыт, алайда осы кезеңде қандай биіктерге қол жеткіздік, Қазақстанды әлемге таныту барысында қандай жұмыстар атқарылды деген сұрақтарды ой елегінен өткізсек, жүріп өткен жолымыз өте жемісті болғанын түйсінеміз. Естеріңізде шығар, «Kazakh TV» 2000 жылдары «Caspionet» атауымен құрылды. Сол кезеңде Қазақстан үшін мұндай телеарна ашу алдағы уақытқа серпінді қадам жасаумен тең еді. Себебі, ол кезде кез келген мемлекеттің спутниктік арна құруға мүмкіндігі болмады, тіпті, көпшілік «спутниктік таралым», «спутниктік теледидар» деген түсініктің өзін енді-енді ғана біліп жатты. Телеарналардың сигналдары спутникке көтеріліп, оны тек халықаралық ақпарат агенттіктері мен телерадиокомпаниялар өз қызметтері үшін ғана қабылдады. Қарапайым халықта мұндай мүмкіндік болмады. Кейін, нарық нақты жүйеленіп, көрерменнің талғамына сай – табиғат, жануарлар әлемі, тарих, мәдениет және басқа салаларға бағытталған арнайы арналар пайда бола бастады. Бұл «Caspionet» арнасының алғашқы кезеңі еді.
2012 жыл арна үшін маңызды жыл болды. Телеарнада ребрендинг жүргізіліп, ауқымды істер атқарылды. Көптеген халықаралық келісімдер мен маңызды құжаттарға қол қойылды. Біздің арна әлемге үш тілде хабар таратты. Олардың арасында Солтүстік және Орталық Америка, Батыс және Шығыс Еуропа, Австралия, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік Кавказ елдері бар. Сонымен қатар, сол жылы телеарнаның атауы «Kazakh TV» деп ауыстырылды. Бұл да Қазақстанның атын әлемге әйгілеу жолындағы игі бастамалардың бірі еді. Эфирде берілетін бағдарламалардың барлығы дерлік еліміздің имиджін қалыптастыруға бағытталды.
Оң өзгерістердің бірқатары осы жылы да жалғасты. Ақпарат саласында техникалық мүмкіндіктер артқан сайын, телевизияның да мүмкіншіліктері едәуір өрге басты. Осы артықшылықтарды пайдалана отырып, жаңа маусымда телеарна эфирін жаңаша безендіріп, логотипті өзгерттік. Енді, логотипте дала қыраны бейнеленген. Бұл қазақ халқы үшін ежелден еркіндіктің, рух асқақтығының, өрліктің, батылдықтың, мақсатқа жетудің мағынасын білдіреді ғой. Сондықтан бізге дәл осы құсты логотипке енгізу маңызды болып көрінді. Сонымен қатар, «Kazakh TV» сөзі руна жазуымен жазылды. Яғни, Тәуелсіз Қазақстан үшін қыран жаңа белестерді бағындыру мағынасында болса, арна үшін – телевизия кеңістігінің шыңдарына ұмтылу, сол жолда қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттаудың нышаны болмақ.
Қазір телеарнадағы бағдарламалардың барлығы Қазақстанның бай мәдениеті, әдебиеті мен өнерін әлемге танытуға бағытталған. Жаңалықтарда мәдениет және өнер қайраткерлеріміздің шет мемлекеттерде немесе елімізде өткізілетін премьералары, сонымен қатар өңіріміздегі экономикалық мәселелер қамтылады.
Қазір Еуропаға «HotBird 13B», Азияға «AsiaSat 5» және Солтүстік Америкаға «Galaxy 19» жерсеріктерінің көмегімен 118 мемлекетке тараймыз. Осы жылдар аралығында арнамыздың жобалары көптеген халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, халықаралық «Со-Творение» журналистер байқауында екі жобамыз қазылар алқасының басты сыйлығын және Гран-приді иемденді: «Кішігірім жұлдыздар» («Малые звезды») аталымында Сәкен Сейфуллинге арналған «Faces of history» жеңсе, «Шекара және уақытқа қарамай» («Сквозь границы и времена») аталымында «Беймәлім Достоевский» тақырыбымен «Reflections on history» бағдарламасы үздік деп танылды. Менің ойымша, «Kazakh TV» он төрт жылдық тарихында әлемдік ақпарат кеңістігінде Қазақстанның ұлттық мүддесін танытатын телеарнаға айналды.
– «Kazakh TV» және «Білім және мәдениет» арналары бірікті. Жеке өмір сүрген екі арнаны бірге тоғыстырудағы басты мақсат қандай?
– Арналарды біріктіру «Хабар» агенттігіндегі трансформация аясында жүргізілді. Себебі, екі арнаның контенті ұқсас, яғни екі телеарнада берілген хабарлар көрерменді қазақ халқының мәдениеті, дәстүрі, тарихы және туризмі жөнінде ақпараттандырып отырды. Сол себепті шетелдік және қазақстандық аудиторияны қызықтыратын әмбебап жобалар дайындауды көздедік. «Білім және мәдениет» арнасының сапалы және үздік ақпараттық-танымдық, қазақтардың рухани мұрасын насихаттайтын маңызды бағдарламалары «Kazakh TV» арнасында көрсетілімін жалғастыруда.
– Жаңарған арнаның контентіне тоқталайықшы. Көрермен қандай бағдарламалар тамашалауда, шетелдік аудиторияға тарайтын жобалардың ерекшелігі қандай?
– Осы маусымнан бастап біз республика көлемінде қазақ және орыс тілдерінде хабар таратсақ, халықаралық көрсетілім қазақ және ағылшын тілдерінде тәулік бойы эфирге шығуда. Контентіне келер болсақ, барлық көрерменге қызықты дүниелер жасағымыз келеді. Әрине бұл бағдарламалардың барлығы әлем мемлекеттері алдында Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі жоғарылата түседі деген ойдамыз. Бизнес өкілдері Қазақстандағы өндіріс орындары, ал саяхатшылар еліміздің көрікті мекендері жөнінде мағлұмат алады. Мысалы, «Саяхат» хабарында шетелдік азаматтар Қазақстанды аралап, еліміздің әдемі, сұлу жерлерін тамашалайды. Өздерінің әсерлерімен бөлісіп, байтақ мемлекетімізді кеңінен таныстырады. Екінші бір бағдарлама «Қазақстанның қорықтары» жөнінде. Хабарда сирек кездесетін жануарлар мен құстар, өсімдіктер мен сұлу табиғаты туралы ақпарат беріледі. Яғни, арна әртүрлі жанрдағы бағдарламалар легін ұсынады.
Біз Қазақстанды тек туризм немесе бизнес алаңы ретінде көрсетпей, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық құндылықтарына да мән береміз. Сол себепті эфирде дархан даланың асыл мұраларын насихаттайтын жобалар көрсетілуде. Мысалы, «Ұлттық энциклопедия». Бұл – қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері жайлы танымдық бағдарлама. Сонымен бірге, «Дала әуені», «Біздің кино», «Аңыз әңгімелер» сынды қазақ ұлтының төл мәдениеті мен тарихына үңілетін бағдарламаларды тамашалауға болады.
– Арнаның болашақтағы жоспары қандай?
– Арнамыздың барлық хабарлары отандық туынды, яғни Қазақстанда жасалған деуге болады. «Kazakh TV» арнасының көмегімен шет елдегі көрермен мемлекетіміз туралы көбірек білсе, ал отандастарымыз Қазақстанды жаңа қырынан таныса деп ойлаймыз. Келешекте де ақпараттық-танымдық бағыттағы сапалы дүниелерді шығаруға өз күшімізді саламыз. Әрине, жоспар өте көп, олардың барлығын алдағы уақытта эфирден көретін боласыздар.
Әңгімелескен
Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ