08 Қараша, 2016

Әріптестігіміздің әлеуеті артып келеді

464 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
dulatҚазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше  және өкілетті елшісі Дулат БАҚЫШЕВПЕН әңгіме – Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Кореяға ресми сапар жасайды. Осы сапардан не күтуге болады? – Қазақстан мен Оңтүстік Корея бүгінгі таңда стратегиялық серіктестер болып табылады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына да ширек ғасырға жақындап қалды. Осы уақыт ішінде екі мемлекет те экономикалық даму қарқыны бо­йынша жоғары деңгейге қол жеткізді және болашақта да осы үдерістің сақталатынына күмәнім жоқ. Өткен кезең ішінде мемлекет­теріміз талай жайттарды бастан кешірді. 90-шы жылдардың басында бір-біріміз жайлы көп нәрседен беймәлім болдық, ал уақыт өте келе, екіжақты құқықтық-келі­сім­шарттық базаны қалыптастыра бастадық.осының нәтижесінде соңғы он жылда екі ел стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Астана мен Сеул халықаралық сахнада өзара ынтымақтасып, ха­лықаралық бастамаларды қол­дауға және жаһандық ағымдағы мәсе­ле­лерді шешуге белсенді атсалысуда. Екі ел арасындағы сауда-эконо­микалық қатынастардың қалай дамығанын еске алсақ, бірнеше кезеңді атап өтуге болады. Алғашқы жылдары негізінен, тек жеңіл өнеркәсіп тауар­ла­р­ының алмасуымен шектелдік. Уақыт өте келе, Қазақстан Кореядан электронды тауарлар мен автомобильдерді импорттаумен айналысты. Кейіннен Корея қызмет, қаржы, құрылыс, зауыттар, инфрақұрылым және табиғи ресурстарды өңдеу салаларына тұрақты түрде инвестиция салуды қолға алды. Бүгінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өзара тиімді және жемісті экономикалық ынты­мақтастық қалыпты үде­ріс­тердің біріне айналды. Қазіргі таңда қазақ­стандықтар корейлік тауарларды косметика мен тұрмыстық химия­дан бастап ұялы телефондар мен автомобильдерге дейін өзінің игілігіне жаратып жүр. Оңтүстік Корея үшін Қазақ­стан Орталық Азиядағы маңызды стра­тегиялық серіктес ел болып табылады. Сеулдің қызығушылық таны­т­уына себептер де баршы­лық. Олар – Қазақстанның геосая­си орналасуы, берік саяси және экономикалық жүйесі, минерал­дық ресурстарға байлығы, Еура­зиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты болашағының жарқын екендігі және тағы да басқа мәселелер. Корея Республикасының ерекше қызығушылығына мына бір маңызды фактор да оң әсер етіп отыр. Ол – үлкен де ықпалды корей диаспорасының болуы. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас белсенді түрде және жан-жақты дамуда. Жоғары деңгейдегі кездесулердің жиілігі екіжақты достық қарым-қатынастың дұрыс жолға қойылғандығының нәтижесі. Мемлекет басшылары арасындағы уағдаластықтар екі ел арасындағы түрлі бағыттағы байланыстарды тереңдете түсіп келеді. Біз Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Оңтүстік Кореяға сапарына, эко­но­ми­калық және саяси тұр­ғы­дан да, үлкен үміт артамыз. Корея Рес­пуб­ликасымен инвестициялық ын­ты­мақтастықты жалғастыру және нығайту көзделіп отыр. Баршаға мәлім, бүкіл әлем 4-ші өнер­кәсіптік революцияның табал­ды­­рығын аттаған шақта, озық тех­нологияның отаны саналатын Оңтүстік Корея біз үшін болашағы зор стра­тегиялық серіктес болып қала бермек. Сон­дықтан, екі ел президенттері арасында өтетін алдағы кездесудің нәтижесінде жоғары технологиялық ноу-хауды пайдалана отырып жасалатын жобалар бо­йынша өзара тиімді келісімдер екіжақты экономикалық қарым-қатынасты жоғары деңгейге шығаратынына үміт мол.  – Бизнес саласында екі ел арасын­дағы серіктестіктің болашағы қандай? Қазақстан мен Кореяның бірлескен жобаларын дамыту үшін барлық қажетті алғышарттар бар. Құқықтық база қолжетімді болғандықтан, ол инвестициялар үшін, салық саласы мен лицензиялау және басқа да міндетті рәсімдер тұрғысынан жақсы мүмкіндіктер береді. Қазақстанда іскерлік байланыстар мен шетел инвесторлары үшін қолайлы жағдайлар жасалып отырғанын және оларға қажетті қолдау түрлері бар екенін атап өткен жөн. – Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея мемлекеттері тарапынан көрсетілетін нақты қолдаулар қандай? – Оңтүстік Кореяда бизнестің, оның ішінде шетелдік бизнестің қолайлы болуы үшін барлық жағдайлар жасалуда. «Ең үздік Глобал Корея» жобасын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шетел бизнесінің дамуына оң ықпал етуде. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Корея арасында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Қазақстан нарығында Кореяның үлкен бизнесі, шағын және орта бизнесі жақсы жұмыс істеп тұр. Бүгінде Қазақстанда жұмыс істейтін бірлескен қазақ-корей кәсіпорындарының саны 400-ден асады. Мен бұл көрсеткіш, әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ аясында жаңа бизнеске мүмкіндіктер берілгенін ескере келгенде, өсе береді деп ойлаймын. Экономикалық ықпалдастық әр­қа­шан кәсіпкерлікті дамыту жолында оң рөл атқарды. Ал Корея – интеграциялық бірлестіктер тұрғысынан өте белсенді және тәжірибелі ел, сондықтан корей компаниялары 180 миллион тұтынушысы бар үлкен нарыққа енудің не екенін және оның артықшылығын жақсы түсінеді. Баршаға мәлім, осы жылдың жел­тоқсан айында ЕурАзЭҚ-тың жаңа Кеден кодексіне қол қойы­лады деп күтілуде. Кодекстің заңды түрде енгізілуі екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды айтарлықтай жандандырады деп ойлаймын. Өйткені, Кеден кодексі сыртқы саудамен айналысуды айтарлықтай жеңілдететіні анық. Болашақта Қазақстан мен Кореяның жеке секторлары бірлескен жобаларды жүзеге асырумен қатар, бірлесе отырып, белсенді түрде үшінші нарықтарды игеретініне сенімдімін. Бұл үшін барлық алғышарттар мен мүмкіндіктер бар. – Әрине, сауда-экономикалық қарым-қатынас саласы маңызды саналады. Дегенмен, басқа салалардағы ынтымақтастық жайында не айтуға болады? – Әрине, экономика – саясаттың өте маңызды құрамдас бөлігі. Бірақ біз, сондай-ақ мәдениет, білім және медицина салаларымен қатар, өмірдің тағы да басқа салаларындағы ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. Біздің мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасымыз қарқынды жалғасуда. Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен өзара қарым-қатынасты тереңдету жолындағы ықпалдастық алдағы уақыттарда да арнасын кеңейте түсетіні анық. Қазақстан Үкіметінің корей диаспорасына үлкен қамқорлық көрсетіп, көңіл бөлуі екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынасты нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді қолдауымен корей диаспорасы екі елді жалғайтын сенімді «көпір» рөлін атқарып отыр. Қазақстанда корей театры, Қазақстан корейлерінің қауымдастығы белсенді жұмыс істеуде. Келесі жылы Қазақстан Респуб­ликасы мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуын атап өтпекпіз. Осыған орай, бірқатар іс-шаралар жос­парланып отыр. – Мәдени-рухани байланыстардың мәні мен маңызы туралы не айтар едіңіз? – Менің ойымша, мемле­кет­тердің шынайы тығыз ынты­мақ­тастықта болуы­ның бірден-бір себебі, халықтардың ортақ тіл табысуымен қатар, дәстүр мен әдет-ғұрыптары жайлы өзара хабардар болуы. қысқаша айтқанда, мәдени бай­ланыстың ықпалы зор екенін атап өткім келеді. Биік лауазым иелері, мемлекеттік құрылымдар, дипломаттар, мемлекеттік органдар екі елді жақындастыру үшін бар күш-жігерлерін салуда, бірақ қара­пайым халықтың қолдауынсыз нағыз ынтымақтастыққа қол жеткізу мүмкін емес. Қазіргі жаһандану жағдайында дос­тарыңмен, сенімді серіктес­терің­мен бірге тек алға жылжу маңыз­ды. Қазақстан үшін Оңтүстік Корея – сондай достас елдердің бірі. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға үлкен үлес қосып келе жатқан халық­тарымызға таусылмас бақ-береке, таудай табыс тілеймін! – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА, журналист