08 Қараша, 2016

Биыл Павлодар облысында 125 жоба қаржыландырылды

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
20161108082725 «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы биыл Павлодар облысында 2 млрд. жуық теңгеге 125 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, жыл басынан бері өз кәсібін бастауға ниет білдірген 3558 адамға кеңес берілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры Ерқанат Әбенов ашық есік күні шарасы барысында мәлім етті. «Бір адамға 30 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Жер телімдерін игеру бойынша құжаттарды дайындауға көмектесе аламыз. Сонымен қатар, Астана қаласындағы Назарбаев университетіне оқуға және АҚШ, Германия елдерінен тәжірибе алуға жібереміз. Ең бастысы, кәсіп істеуге деген құлшыныс пен нақты бизнес жоспары болуы керек. Сонымен қатар, несие ресімдеуге келмейтін бірнеше жағдайды атап өткен жөн. Несие шарты бойынша азаматтың басында салықтық қарыздары, банкке төленбеген несиелері болмауы керек. Несие алушының тапсырысын алдымен банк қарайды. Егер банктен рұқсат берілсе, құжаттарды тексеретін өңірлік үйлестіру кеңесі соңғы шешімді шығарады», - дейді Ерқанат Әбенов. Аталмыш қаржы орталығына шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген кәсіпкерлер және бизнестерін енді бастағалы отырған азаматтар келіп кеңес алды.