Кеше Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен дәстүрлі апталық брифингі болып өтті. Онда еліміздің сыртқы саясатында таяуда жүзеге асырылатын шаралар туралы ақпарат берілді.
Брифингте 17 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуге жұмыс сапарын жасайтыны айтылды. Көршілес мемлекет басшылығымен өтетін келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты пішіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды деп күтілуде.
Ресми өкіл, сондай-ақ 17 наурызда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) Қазақстанның төрағалығы шеңберінде ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесі өтетінін атап көрсетті. Жиынға ШЫҰ Хатшылығының және Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның басшылары қатысатын болады. Алдағы отырыс барысында халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жолдарын талқылау жоспарланған.
Брифинг барысында журналистер тарапынан ресми өкілге Қазақстан мен Қытай арасындағы «құпия келісімдерге» қатысты сұрақ қойылды. Оған Асқар Абдрахманов былай жауап қайтарды: «Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернетте таратылып отырған Қазақстан жағы Қытай тарабымен «әскерлерді енгізу» мен «жерді жалға беру» жөнінде жасырын келіссөздер жасапты-мыс деген сөздерге байланысты министрлік аталған ақпараттың шындыққа мүлдем жанаспайтындығын ресми түрде мәлімдейді. Осы тектес ақпараттың таратылуы қоғамдық пікірге белгілі бір мақсатпен теріс ықпал етуді және арандатуды көздейді. Біз БАҚ өкілдерін мұндай ақпарат көздері мен осындай жалған мәліметтерді жариялауда аса жауапкершілік пен ұстамдылық танытуға шақырамыз. Президент сапарының барысында Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылған құжаттардың толық тізімімен министрліктің веб-сайтында танысуға болады».
Көрші елге таяудағы ресми сапар барысында қандай құжаттарға қол қойылғаны туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде де жан-жақты жазылғанын қаперге салғанды жөн көріп отырмыз. Ол келісімдер екі елдің де мүддесіне сәйкес келеді. Мұны бір десек, екіншіден, мемлекет басшылары деңгейіндегі келіссөздер барысында ешқандай да құпиялық болмайтынын ерекше атап көрсеткіміз келеді. Мұндай жалған, шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ақпарат таратудың өзін сатқындықтың ең сорақы түрі деп айыптаған жөн.
«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», дейді халық даналығы. Жалаға жол жоқ екендігін Сыртқы істер министрлігіндегі аталған брифинг барысында қайтарылған жауап тағы да көрсетіп беріп отыр.
«Егемен-ақпарат».