Жақында Риддердегі «Шаңырақ» қазақ мектеп-гимназиясы өзінің 20 жылдық мерейтойын шәкірттер мен ұстаздардың есінде қалатындай мәнді де сәнді атап өтті. Ең алдымен сахна төріне мектеп-гимназияның директоры Сәуле Шаяхметова шығып, қара шаңырақтың өткені мен бүгіні туралы әсерлі етіп айтып берді. Бір кездері білім алған қазақ, орыс, украин, т.б. ұлт өкілдері білім ордасында бас қосып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Тіпті, қазақша білім алып, қазір Германияда тұрып жатқан Светлана деген қыз жеделхат жолдап жіберіпті. Шәкірттер ән айтып, би биледі. Алпыс адамдық қыздар және ұлдар хоры ел тәуелсіздігі жайлы ән шырқады.
Алғаш тәуелсіздік алған жылдары мектеп ұжымының ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, ұзақ жылдар ұмыт болған Наурыз мерекесі Риддерде тұңғыш рет тойланған болатын. Ол кезде 70 мыңнан астам халық мекендейтін қалада бірде-бір қазақ мектебі болмаған. Бұл мектептің іргетасының қалану тарихы да сонау 1989 жылдан басталды, қалада ең алғаш рет «Шаңырақ» қоғамы ретінде заңды түрде тіркеліп, 1991 жылы «Шаңырақ» жексенбілік мектебі, 1993 жылдан «Шаңырақ» орталау мектебі, 2001 жылдан бастап «Шаңырақ» орта мектебі болды. ШҚО әділет департаменті Риддер қалалық әділет бөлімінің 2007 жылғы 13 сәуірдегі №13 бұйрығы негізінде «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназия» мемлекеттік мекемесі болып құрылды.
Қай білім беру ордасы болсын, білім беру үрдісіндегі сан тарау сара жолда мектептің атақ-даңқын шығаратын директор екені анық. Олай болса мектептің тұңғыш директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, «Нұр Отан» ХДП қалалық саяси кеңесінің мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, екі қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған үлгілі ана – Шаяхметова Сәуле Мәдиқызының еңбек жолына тоқтала кетсек.
Сәуле Мәдиқызы Ресейдің Алтай өлкесіндегі Благовещенск ауданында 1955 жылы 25 маусымда дүниеге келген. Жастайынан орыс, татар тілдерін еркін меңгеріп, халқымыздың ауыз әдебиет үлгілерін жатқа біліп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандаған екен. Сол балалық шағындағы арманы шынайы орындалып, 1972 жылы Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, 1976 жылы үздік дипломмен бітірді. Алғашқы еңбек жолы 1976-1987 жылдары Алматы облысы Қапшағай қаласының орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ал 1987 жылы Риддер қаласы М.Горький атындағы орталау мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, содан кейінгі келесі жылы Риддер қаласы №2 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет атқарады. 1989 жылы қалада ең алғаш рет «Шаңырақ» қазақ тілі қоғамдық ұйымын құрды. Ол уақытта қала тұрғындарының 4 пайызы ғана жергілікті ұлт өкілдері болатын, осындай ортаға қарамастан, мемлекеттік тілді оқып-үйренуде, қазақ халқының салт-дәстүрін қайта жаңғыртуда алғашқы батыл қадамдар жасады.
1990-1991 жылы «Қазақ тілі» қоғамының негізінде Сәуле Мәдиқызының ұсынысымен «Шаңырақ» жексенбілік мектебі ашылды. Бастапқыда 35 бала қабылданып, қазақ тілін үйрететін топтар ашылуымен басталды. Осы жылдары «Шаңырақ» қала көлемінде танылып, өзге ұлты басым қала қауымы арасында өз орнын тапты. Яғни, өзге ұлт өкілдерін бұл ортаға тарта білді. Іскерлігінің арқасында алғашқы бастамадан бастап-ақ Сәуле Мәдиқызы Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының орындалуы барысында қалалық әкімдікпен және қалалық білім беру бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істеді. 1994 жылы Өскемен қаласында өткен аймақтық ғылыми-практикалық конференцияда Сәуле Шаяхметова «Лениногор қаласындағы «Шаңырақ» жексенбілік қазақ мектебінде халық педагогикасын қолданудағы іс-тәжірибе тақырыбында баяндама жасап, мектептің тәжірибесімен бөлісті. Мектеп жетістігі облыстық тіл комитетінде тыңдалып, тәжірибесі бойынша кітапша шығарылып, республика көлемінде насихатталды. Ол еңбексүйгіш, жоғары мәдениетті, тағылымы мол шебер ұстаз.
Әрине, мектеп басшысы болу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Педагогикалық қызметіндегі басты қағидасы – жеке тұлғаны шығармашылыққа баули отырып, қазақ халқының мәдениетіне, әдебиетіне және ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру. 1990 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін әр түрлі ұлт өкілдері бар жүздеген оқушылар мектепті табысты аяқтады, ең таңдаулы деген шәкірттері республикалық, облыстық олимпиадаларда бірнеше дүркін жүлделі орындарға ие болды. Бүгінде тілді жетік меңгерген талантты да қабілетті түлектерінің қатарында Марина Бухарина Президент Әкімшілігінің аппаратында жұмыс істейді, кезінде Риддер қаласының әкімшілігінде ішкі саясат бөлімінің бастығы болған Ольга Скоморохинаны, агротехникалық колледждегі аудармашыларды басқарған Раиса Байтуминованы, Ольга Худякованы, Олеся Козыреваны, Наталья Волкованы, Павел Кокоринді және т.б. атауға болады.
Мектепте Сәуле Мәдиқызы шәкірттерінің шығармашылық әлеуетінің өсуіне жағдай жасауға көп көңіл аударады. Осы мақсатта құрылған тек облыс көлеміне ғана емес, республикаға танымал ұлдар хоры соның айғағы. 2007 жылы ұлдар хоры ШҚО ІV облыстық көркемөнерпаздар ұжымдары байқауының дипломанты атағына ие болды. Сәуле Мәдиқызы Ресейдің үздіксіз креативті білім берудің халықаралық ғылыми орталығында «NFTM-ТРИЗ көпдеңгейлі үздіксіз креативті білім берудің педагогикалық жүйесінің негіздері» курсынан өтіп, өзінің басшылығымен бастауыш сыныптарда оқушылардың шығармашылық ойлауын үздіксіз дамыту әдістемесін тәжірибеге енгізді. Қалалық “Үздік директор” атты байқаудың жүлдегері. Оның іс-тәжірибесі қалалық, облыстық, республикалық семинарлар мен ғылыми-практикалық конференцияларда таратылды.
Мұғалімдер С.Қайдарқызы, Р.Байжұмақызы, А.Тушабайқызы, Ж.Қажимолданова, С. Тұрсымбекова, К.Қанапиянова, А.Шаяхметова өздерінің бір әңгімесінде алғашқы мектептің көрінісін еске алып: “Ол кішкене ғана мектеп болатын. Парта, үстел-орындықтар жан-жақтан жиналған, жазатын тақта жетіспейді, жөндеу жұмыстары жоқ болатын”– дейді. Сол уақыттағы қаладағы белсенді ата-аналар А.Астамбаев, Т.Шишеков, т.б. мектеп ісін жандандыруда көп көмек көрсетті. Қазір мұнда 600-ге тарта оқушы білім алуда. Оларға 48 мұғалім дәріс беруде. Ұстаздардың 93 пайызы жоғары білімді. 20 жыл ішінде осы мектеп 7-ші рет түлектерін ұшырды. Мектептің материалдық-техникалық базасы да жыл санап нығайып келеді. 5 әдістемелік бірлестік жұмыс істейді. 5 интерактивті тақта алынды.
Білім берудің ізгілікті жолына көшкен мектепте зерттеуші, педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген, білікті, жан-жақты білімді ұстаздар баршылық.
ХХІ ғасыр бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын ғасыр екенін ескерсек, ертеңгі күні ел тізгінін ұстайтын жастарға бәсекеге қабілетті білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан білім ордасының ұстаздары жоғары талапқа сай. Дегенмен, мектептің үлкен жетістіктерге жетуі – әкімшілік пен мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар ұжымы арасындағы ынтымақтастық пен ауызбірліктің арқасы. Сонымен бірге, мектеп қабырғасында тәжірибелі мұғалімдерден нені үйренуге болатыны, қандай жаңа технологияны пайдаланатыны жөнінде үнемі пікір алмасулар, әдістемелік бірлестіктер кеңестері өткізіліп тұрады. Жас ұстаздардың кәсіптік-педагогикалық бейімделуін жетілдіру мақсатында «Жас ұстаздар мектебі» құрылып, әдістемелік-тәлімгерлік жұмыстар ұйымдастырылған. Мұғалімдер болса педагогикалық шеберлігімен талантын шыңдап, алуан түрлі сайыстар, әдістемелік отырыстар, тренингтер, тәжірибе алмасулар ұйымдастырып, қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, бүгінде білім берудегі озат іс-тәжірибелерін насихаттап, таратып келе жатқан білікті ұстаздар қатарында десек, артық айтпағанымыз. Олардың ішінде қалалық және облыстық, республикалық деңгейде өткізіліп жатқан «Жыл мұғалімі» атты педагогикалық байқауда 2010 жылы Гүлжанат Кеңесбаева сынды ұстаз III орынға ие болып жүлдегер атанды. Білім бәсекесі, өнер, спорт, «Қазақша күрес», «Тоғызқұмалақ», «Жас ғалым», «Интеллектуалдық марафон», т.б. білім сайыстарында үздік нәтижелерге қол жеткізген Д.Тоқтарбаев, Қ.Сағатбаева, М.Маткаримова, Ж. Берғалиева, А.Заманбеков, А.Аманов, М.Муздапаров, А.Ыбраева, Г.Айтмағанбетова, С.Айдарбекова, Ж.Қаймулдинова, О.Нұрлан. Қ.Сайлаукенов, Е.Зейнелқанов, Н.Берғалиев, М.Садықбек, Б.Қанапиянов, А.Хамзаева, Е.Амангелдинов сынды шәкірттерді атауға болады.
Алдыңғы оқу жылынан бастау алған қаламыздың мектептерінің арасындағы «Президенттік сынып» атты байқау ұйымдастырылғаны баршамызға аян. Бұл игі бастаманың көшбастаушысы болып екі жыл қатарынан «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы жеңімпаз атанғаны қуантарлық жайт. Бүгінде мектеп өміріндегі мәдени іс-шаралар мен ағымдағы болып жатқан істерді шешуге белсенді түрде атсалысып, игі істердің ұйытқысы болып отырған білім ордасы ертеңгі күнге батыл қадам жасап келеді.
Мектепте ата-аналардың қатысуымен отбасылық спорттық жарыстар, зияткерлік сайыстар өтіп тұрады, әр тоқсан сайын өткізілетін жалпы мектептік ата-аналар жиналыстары оң нәтижелі. 20 жылдық тарихында «Тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу-білім – ұстаздан дариды» демекші, талай ұрпақтың жұлдызы жанып, мәртебесі биіктеген сәттер де аз емес. Міне, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Сәуле Мәдиқызы жетекшілік ететін «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының ұжымы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына осындай толымды табыстармен келіп отыр.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы.
Суретте: мектеп-гимназия директоры Сәуле Мәдиқызы білім ұясының ұстаздарымен.