10 Қараша, 2016

Бағыты – денсаулық, мақсаты – Универсиада

311 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Күздің де соңғы айы өтіп жатыр. Қылышын сүйретіп қыстың келетін шағына тым жақын қалды. Осы ретте көкейге «Спорт нысандарының қысқы маусымға дайындығы қандай?» деген сауалдың оралатыны да рас. Сондықтан біз осы сұраққа жауап алуды аймақтардағы тілшілерімізге тапсырған едік. Бүгін солар бойынша әзірленген алғашқы мақаланы жариялап отырмыз. Қостанай мемлекеттік педа­го­гикалық институтындағы дене тәрбиесі, туризм және спорт фа­культеті мектептер үшін денешынықтыру пә­нінің мұғалімдерін дайындайды. Факультет жанын­дағы спорт клубы теориялық білім алып жүрген студенттерді спорттың түр-түріне баулиды. Мұнда спорттың қай түріне де шектеу жоқ, мүмкіндік толық жасалған. Дегенмен, елі­міздің солтүстігінде қар ұзақ жататындықтан, қысқы спорт түрлерін жастар ұна­тады. Қалалық, облыстық шаң­ғышылар жарыстарынан педагогика институты шет қалған емес. – Биыл қысқы спортқа дайын­дығымыз жаман емес. Спорт­пен айналысу үшін ма­териалдық база жеткілікті болуы тиіс. Біздің институт осыдан біраз жыл бұрын алған шаңғылардың тозуы жетіп жүр еді. Биыл 100 шаңғыға сұраныс беріп қойдық, жақын уақытта қолымызға тиіп те қалады, – дейді білім ордасы спорт клубының жетекшісі Аманжол Төлегенов. Педагогика институты бол­ған соң, әрине, студенттердің басым көпшілігі қыздар. Әдетте, білім ордасында спорт­­тың бұқаралық болып са­налатын екі түрі бар. Қыздар волейболды ұнатады, ал жі­гіттердің футболға көңілі ауып тұрады. Осы екі спорт түрі де қыс айларында да ешқандай бәсеңсімейді. Өйткені, инс­титуттың спорт кешенінде волейболды да, футболды да, баскетболды да студенттер кең залда ойнай береді. Спорт залға осыдан бірнеше жыл бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. – Әр нәрсенің өзінің ың­ғайы бар ғой, институт бас­шылығы спортклубқа биыл шаңғы алып беруді жөн көрді. Барлығы да қар­жыға тірелетін болған соң, жөн­деу жұмыстары келесі жылға қалды­рылды. Көңілдің жақ­сыны қалап тұрары болмаса, спорт залдың жағдайы жаман да емес, – дейді Аманжол. Спорт клубта спортты жанына серік еткен студенттер қатары кем емес. Әсіресе, жі­гіттер жа­ғы күрестің бар­лық түрімен айналысады. Ауыр атлетикадан, пауэр­лифтингтен, конькимен сыр­ғанаудан, шаңғыдан Қостанай мемлекеттік педагогика инс­титутының студент­тері облыс бойынша алдыңғы орындардан көрінеді. 2013 жылы республикалық универсиада Қос­танайда өткен болатын. Сонда институт командасы екінші орынды иеленді, ал өткен жылы Алматыда өткен универсиадада төртінші орынды алды. Оның сыртында об­лыс­та қысы-жазы өтіп жататын об­лыстық, қалалық жарыс­тардан студенттер тыс қал­майды. Қазір институттың республика құрама ко­ман­дасының сапына енген 5 спортшы-студенті ал­дағы Алматыда өтетін дүние­жүзілік Универсиадаға қызу дайындық үстінде екен. Спорт клубының же­текшісі Аманжол Төлегенов алдағы жылдың басында елімізде тұңғыш өте­тін Уни­версиадаға институт спорт­шыларының қа­тысуы үлкен дәреже екенін айтты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ