Әрбір тың туынды еріксіз елең еткізеді. Ол және поэзия әлемінің сұлу сазынан сызылып жеткен әуен болса десейші. Ырғағынан жан дауасы сезілер ме екен? Ой қанаттанып, көңіл көншір ме? Көркемдігі қай деңгейде? Бұрынғы сүрлеу шиырланбап па? Жаңалығы не? Қалт басқаны қайсы? Өзіндік үнімен қазақ оқырмандарының ыстық ілтипатына бөленіп жүрген белгілі ақын Қорғанбек Аманжолдың кезекті «Мешітті ғалам» жыр жинағын қолымызға алғанда, кимелеп кеткен ойлар легі осы тектес болатын.
Асау ой тежелмесе, тегеурінімен тарпып тастайды. Жосықсыз байбалам жолды бөгейді. Алдымен сана сарабына салу керек. Ол үшін жүгіртіп оқу жеткіліксіз, жүгініп, жанып-суып, кейде кіжініп оқу керек. Бұл – уақыт еншісіндегі шаруа. Сап-сап көңіл, сабаңа түс. Осындайда қамытқа иліктірер әдіс – кітаптың өн бойын қызықтап қарап, құмарды алдарқату екен. Сөйттік. Өлеңдер, поэмалар мен балладалар жинағы Алматыдағы «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясынан жарық көріпті. Кітаптың Алматы облысы әкімдігінің бағдарламасы бойынша шығарылғаны және қадап көрсетілген. Рухани әлемі аса бай, нағыз зиялы жанашыр, облыс басшысы С.Үмбетовтің ұлт мүддесі жолындағы осынау үдерісі көңіл тоғайтады. Бәрі осындай болар ма еді, әкімнің, дегізеді еріксіз. Жә, бұл жол-жөнекейгі желдіртпе сезім желпінісі ғой...
Бастауында – «Сағыныш» өлеңі тұр. Адамға тән ұлы сезім. Қай қырынан жырлапты? Сағынышсыз өмір тұл екен-ау! Сағынбай қайтіп жүрмексің. Өмірде мынау – күлмексің. Сағыныш та сәбимен бірге туады екен. Алғыр ақын жаратылыс сырын былайша байытады: «Өмірге мына келгенде, Өріліп менің кеудемде, Өрнегін салып жаныма, Сағыныш туды бір демде», – деуінен өмірге деген нәрестелік іңкәрліктің терең мағынасы ашылады. Фәни есігін жай ашпапты, сағынышпен ашыпты. Сағынып келгенді кім жатсынсын. Бауырына қысыпты. Одан әрі шаранадан демін әрең алып жатып: «Жазылған, бәлкім, пешенем: Туа бір сала сағындым», – деп сағынышпен мына өмірге алақан жаяды. Бұл қызылшақаның тегін еместігі көрініп тұр. «Саябыр таппас салтыммен, Сағынып өлем – өлсем де» – деуінде де өмірге жай келмегені сезіліп тұрған жоқ па?! Міне, ақындық астарлы ой!
Ақынның үмітті үні, кейде барлығып, кейде күркіреген жан даусы қоғамның құндылықтары мен қайшылықтарынан сезім тербелісіне үздіксіз түсіп жататын секілді. Өлең диапазоны кең. Оның бұйра толқынында ыза мен ырзалық, қатыгездік пен қайырымдылық, қынжылыс пен құмарлық, тіпті түсіністікке илікпейтін жүгенсіздік арпалыса ойнақшып жатқанымен, бәрібір қоғамның бүгінгі ахуалы мен ыссы деміне қарықпай тұра алмайды. Міне, осы тұста ақын жолының қаншалықты ауырлығы сезіліп, иығына артылған мың батпан жүк одан әрмен мысын баса түседі. Бірақ ол мысын басқызған ба! Өртке оранған өр кеуде көрікше қуаттанып кетеді. Егер ақынды қым-қуыт қоғам тіршілігінің тыныс алу мүмкіндігімен теңесек, расында да, ол от ауызды оралымдылығымен, орақ тілді шешендігімен ойқастап шыға келеді. Жалындаған жырлары көп сыр ұққызады. Және жадта ұстарлық нәрсе: егер ақынның туған бесігі мен нәр алған ортасының ерекшеліктерін сәл ескермейтін болсақ, оның ойын толық түсіне қоюымыз да екіталай. Бұл бұлжымайтын заң емес те шығар. Дегенмен, ақын демі – алғаш жұтқан ауасына ажырағысыз деген ұғымды да ескерген жөн-ау.
Осы реттен келгенде, кітапқа атауы таңылған «Мешітті ғалам» өлеңі алуан астарлы, күрделі дүние. «Мейірім ғана маздаған, Мешітті ғалам үйімде», деп имандылық тұнған ортасын меңзегенде, ақын өз шеңберінен шығып, тұтастай жаһанға имандылықтың өшпес нұрын себезгілегісі келеді. Түңілмейді. Тебіреніспен терең мәнге жетелейді. Сол себепті де: «Мешітті менің ғаламым, Мен сені қайдан табамын?!» деп көкірегін жалынға орауы табиғилығымен тәнті етеді. Көзін ашысымен өз ұясы – жұмағында періште көңіл пәктікті сезіне өсіп, өмірге кең құлаш ұрғанда, кейде келеңсіздігімен кеміріп кететін бұл алмағайып, алаңғасарлау заманның күйігіне налыған тұста: «Айналып мені толғанар, Айқабақ жандар мол еді-ау. Бауырға бүйрек жалғанар, Бағзының жолы сол еді-ау» – деп аңсайды сол мейірленген қабақты – мешітті ғалам маздағын. «Бауырға бүйрек жалғанар» – неткен тапқырлық, сәттілік! Жалғыз бауыр. Қос бүйрек. Қысылтаяңда қосақталғаннан қымбат не бар? Мағынасына үйдей ойлар үйелеп тұр. Асылы, ғаламның мейірленуі – қоғамның берекеленуі ғой.
Поэзияны сөз сазы десек, Қорғанбектің жүрегінен құйылған лағыл жырлардың ойлылығы мен ойнақылығында құлаққа жағымды сарын еседі. Жан-дүниені елжірететін ежелгі муза құдіреті бар болмысты билеп алады. Тіпті қаны тамшылаған жарадар жүректің жалғыз шипасы – махаббат уілін құлақ түбіне сызылтып қойғанда, тәтті де саумал сөздерден адам түгілі, тіршілік біткен дүр етіп серпілер, құмарлыққа мас болар. Ендеше, мына сырлы әлемнің жұмбағына бірге жұбаныңызшы: «Жапырып шалғын көгалын, Махаббат төсек салғандай», «Шапақтай кешкі қызарған... Көлеңке – күнә ұзарған», «Қолымнан келе ме деп қорқа берем, Қондырмау қабағыңа бір мысқал мұң», «Жалпағынан жалғанды басқан, Қуаты қайда көктемнің. Қуанышымның күлкісі қашқан, Кезеңге қалай жеткенмін?!» Мұң, зар, сағыныш астаса келе ой тербейді. Өлең – сөздің ишарасы иіріміне тартады... Осылайша сезімнің де иін қандыруға болады екен...
«Өлеңде берген уәдемді, Өмірде бұзып қоймайын», – деп ақынның өзі айтпақшы, ол осынау шығармашылық ұзақ та сәтті жолында антына адалдық қалпынан айнымай келе жатқан бірегей дарын иесі. Оның толғанысынан туған бірқатар портреттік өлеңдер кітаптың ажарын ашып, мазмұнын байытып тұрғандай. Оған дәлеліміз – «Мағжан мұңы» ( М. Жұмабаев), «Сәкенім – шерім» (С. Сейфуллин), «Хамит тағы» (Х. Ерғалиев), «Естай Мырзахметов», «Мақтай – маршал» (М.Сағдиев), «Қасиет қазығы» (Б.Жанғалов) туындылары тың өрнекпен, шындық шырағымен жазылған. Бүкпесіз ақиқат– айтар ойының тамызығына айналған. Адамнан жасырғанды тарихтан бүркемелей алмайсыз. Ақын бұл өлеңдерінде нәзік лирикадан гөрі батыл пафосты тегеурінді теңеулеріне ерік береді. Сөйтіп, қоғам дамуындағы идеялар қақтығысының биліктік басымдықтарына бұрынғысынша иліге бермей, тарих таразысына мәңгілік татырлық тәбәрік тартады. Сөзіміздің дәлелі мынадай – Мағжанға қатыстысын алсақ: «Мен Мағжанның мұңыменен уанам, Мағжан мұңы болғанына қуанам. Мағжан-рухпен көк бөрі боп қайтадан, Тұранымда көк түрік боп туа алам». Тәуелсіздік таңы атпаса, ақын ойы осындай бейнелі, бедерлі сөзбен сурет салмаған болар еді-ау. Немесе, «Мағжандайын ұраншысы болмаса, ұрпағына айтар еді ел несін», деп ұлы ақынның бағасын асыруы да Қорғанбектің азаматтық әрі өмірлік кредосына ұстанымының мығымдығын айғақтайды.
Ащы шындық запыран құстырады. Амал нешік, ақын жасқанбайды. Безенген тілі безгектей қариды. Тарих алдында бұлаң мінезден ада. Өйтпесе: «Арман емес, Тажалдан, Шер Сәкеннің өлгені. Сол өкініш, сол арман – Сұм дұшпанға сенгені», – деп кесіп түсер ме еді? Сөйте тұра халық пен ақын арасына араағайындық жасауды парызым деп білген Қорғанбек: «... Халқы бірақ перзентін, Қалдырар ма қапада?! Сәнін бер деп Сәкеннің, Айналды ақ батаға», деп біртуар ұлдың ұраншысына айналып кетеді. Бәрібір шындық беті – аршыған жұмыртқадай ғой... Ойға ересен күш салып қайтеміз. Ақын ырқына көнеміз де...
Абыз ақын Хамит Ерғалиев Көкшетауға келген бір сапарында Зеренді көлінің жағасындағы табиғат-шебер жасаған тақталы түйе тасқа қонжиып бір отырып, дем алса керек. Содан ол тас «Хамит тағы» деп аталып кетіпті. Өкінішке қарай, бүгінде бұл жайттан жұрттың көбі бейхабар. Соны еске салғысы келген ақын «Хамит тағы» деген өлеңінде: «Хамиттің тағы – жыр тағы, Көкшеге келсең көргейсің. Келешек жырдың ұрпағы, Ұмытпай сәлем бергейсің», деп зейін аударады. Жалпы, дара тұлғаларды дәріптеп, есте қалдырудың дәйекті мысалдары елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері берік орныға бастаған сыңайлы. Бұл жақсы үрдіс. Кешегіні әспеттеу келешектің шырайын шығарады. Ұрпақ сабақтастығы ұраннан көрі ұрымтал, ұлағатты нақты істермен ұғынықты болмақ. Зердеге іліккен зерлі нақыш, әсіресе, ол поэзия тілімен бедерленсе, рухани мол олжалы күйінде кеуденің күмбір сыңғырына айналмақ. Осыны жете сезінетін ақын тарихи тұлғаларға қатысты жыр төккенде, қазақ жерінің қасиетті атауларының сырын ашып, көркемдікпен жадқа құйып отырады. Осы жинақта да сондай ілкімділік басым екен. Бұл, әрине, кітаптың танымдық салмағын сындарлы етпек. Яғни, ақын олжасы.
Бір сүйсінерлігі сол, Қ.Аманжолдың сәл бір елеусіздеу көріністен оқиғалы ой түйіндеп, оқырмандарын кесекті көркем дүниемен табысқандай әсерге бөлеуі – талант қырының қарымдылық белгісі іспетті. Сөзіміздің дәлелі – «Аю туралы пікірталас» және «Зообақтағы аюлар» деп аталатын сюжетті екі өлең. Тіпті екеуі де балладаның жүгін көтеріп тұр. Алғашқысында, жазушы Асқар Алтайдың «Әспеттеп бұлай жыр қылғаныңыз, Алтайдың аюы шығар, Көкшеде аю болып па екен өзі?» – деп әзіл тастауынан ақын шамырқанып, шабытына мінеді. Шындық шиыршық атады. Алаштың туын тіктеген арыстардан қалған құт-мекенде «Көкшеде аю жоқ деген, Көкезу қайдан шықты екен?» – деп әзілімен астарлап ойын жеткізуге бекінген ақын «Абылай ордасын тіккенде аюың тұрмақ арыстаның да өріп жүрген» деген сыңайда желдіртіп алып: «Жолбарыс жорытқан жонымды, Қорсылдап доңыз басса да, Торуыл қаптап жолымды, Басымнан дұшпан асса да...», – деп кеңестік дәуірдің кембағал кезеңдерінің кесапаттарын меңзей келе сонау алмағайып заманның алыптары хан Кене, би Қанай, Ақан серілерден төмен сырғып, Мағжан, Мәлік, Сәкен сері, Қасым, Оралхан, Қалиханды құшағына орап, Асқарды да қонжықтан өскен аюсың дей келе, оған былайша наз тастайды: «Асқаржан, бізге бәрі ортақ: Алтайдың аюлары да, Көкшенің көкжалдары да, Арыстар армандары да...» Иә, бәрі ортақ... Сол ортақ құндылықтарды ақпейіл ақын Қорғанбек моншақтай мөлдіретіп, мойыныңызға алқа етіп тағады. Қандай әсем моншақ, жылт-жылт етіп, көз суырады. Алмастың өзіндей екен, ақынның сөзіндей екен. Демек, бұл өлең жай емес, мазмұнға бай өлең екен. Және де идеялық тереңдігімен жол нұсқайтын сиқырлы сөз сарасы боп шығыпты. Бәрекелді, абзал ақын, табысыңмен!
Екіншісі – «Зообақтағы аюлар» өлеңі дедік қой. Мұның сюжеті де тосын оқиғаға құрылған. Мәскеу зообағының қызметкерлері зерттеу мақсатымен, бір топ аюды еркіндікте қорегін тауып, күн көре алар ма екен деп, орманға босатып жібереді. Олар тіпті аңқау екен, жабайы қандастарының жейтін жеміс-жидегін теріп талғай алмай, баяғы тордағы әдетімен қос алақандарын жайып, бастарын изектетіп, ауыздарын аша береді. Тіліне тәтті үйірткен адамдардың қимылына әбден көндігіп кеткен ғой. Өз беттерінше еш амалға бармайды. Жұрт аюлар босап кетіпті, қырып тастайды ғой деп, дүрлігеді, жедел қарулы күштер шақырылады. Ал аңқау аюлар тіске басар мол жемістің ортасында қос қолын жайып, дәметіп тұрады. Араны үшін адамдарды тарпа бас салып, қызыл-жоса қан қылу қаперлеріне де кірмейді... Осы тұста ақын: «Жапырып, жайпап дүлей күш, Қайтер ек салса қырғынды. Білмейді кейбір күнкөргіш, Ізеттілікті де бұл құрлы», – деп санаға түрлі ой салады.
Қорғанбектің жүрегінде қорытылған жыр қорғасынын кәдімгі бала күнгі бармағымыздың арасына қысып, көздегенімізге дөп тигізетін сақаға құйып алса ғой, мергендіктің көкесін көрсетер едік-ау. Ал мына сондай сақамыз ойымызға салмақты ой қосуымен дараланады. Осындайда мынадай түйсік сананы шарлайды. Егер ақын сезгендерін елестетіп, ойының дұрыстығын ақыл елегінен өткізе алса, содан соң шабыттан туған сырлы ойлар сөйлем боп өрілгенге дейін ой бастапқы күйінде сақталса, бұл шығарма ұзақ уақыт оқылатын болады деген тұжырым бар. Олай болмаған жағдайда, өлең деп ұсынғанымыз асыл тастың жез жүзіктен немесе көмірмен оюлаған алмастан айырмашылығы болмайтын секілді... Қорғанбек поэзиясына осы талап тұрғысынан қарайтын болсақ, оның жүрегінен жарып шыққан жыр дестелері көздің жауын алады, жүректің нәзік те берік қылын шертеді. Өмірге құмарландырады, іңкәрлікті еселейді. Махаббат мұңының өзінен тәтті ләззат сорғызады. Қысқасы, өмірдің қуанышы мен қайғысын дәлме-дәл безбендеу арқылы қате басқанды түзетеді, дұрыс жолдағыны құлшындырады. Өмір ахуалына ақындық септесу деген осы болар.
Осы айтқандарымыздың айғағы – «Шошала тас» балладасы. Ақын қиялы ғажайып ертегі іспетті оқиғаны ғашықтық пейілдің ақ туындай етіп алып, мәңгілік желбіретеді. Ағайын-туыстан пана таба алмайтынын сезген екі ғашық бір түнде шалғай шепке зыта жөнеледі. Қуғыншылар соңына түседі. «Ғашықтарды ақ отау құшағына алыпты, Құдіреттің күшімен тас боп қатып қалыпты. Қияметтен құтқарып ғашықтардан бата алған, Содан бері ақ отау Шошала тас аталған», деп ақын риясыз ақ махаббатқа пана болған Шошала тастың да жүрегі иіп, жібігенін жан күйзелісімен баян етеді. Таза сүйіспеншілікке қатер жоқ екен! Немесе жыр тіліне іліккен мына оқиғаны алайықшы. Көркінің кемістігі үшін қызын атастырудан айныған болашақ қайын атасына әкесінің әдейі жіберіп: «не бауыздап кел, не бауыздалып қал» деп берген алмас пышағын болашақ күйеу: «салыңыз маған пышақты», – деп бұйырғанда, қайын енесі екеуін де райынан қайтарып, ақыр соңында қызын әйелдікке алып кете барыпты. Бұл әфсана-қисса «Шақантай батырдың құдалығы» деп аталады. Мұндағы түйініміз – ақын сезімінің ақыл елегінен сәтті өткізілуі. Естіп, білмеген қатал оқиғаны салқын сабырға жеңдіріп, үстемдік жырын шынайылықпен әдіптей білуі еді. Міне, шеберлік сырын әділдіктен іздеудің ақиқаты осында жатыр екен.
Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің санатына сеніммен қосуға болатын Қорғанбек Аманжол ел тәуелсіздігі тақырыбын жырлауда өзіндік қолтаңбасы бар талғампаз ақын екендігін мойындатып үлгерді. Осы он тоғыз жыл ішінде оның қаламынан туындаған шығармаларда тәуелсіздік шапағаты алтын шуақ болып төгіліп келеді. Оңайдың оңғақ, қиынның қымбат болатыны секілді, ақын үнемі тың ізденісімен, жалықпайтын жанқиярлығымен, азапты еңбекшілдігімен қуантуда. Тәуелсіздік – сан қырлы толғаныс, қозғалыс тетігіндей аса күрделі тақырып. Бір демде ыстық сезіммен қан қыздырып, ой ойнатып жырлай салуға келмес. Мәні мен мазмұны, сапасы мен сарабдалдығы айқын бедерленуі үшін ақын өз жанын жегідей жемей дәнеңе өнбейді. Ал Қорғанбектің ақындық болмысынан ондай жанкештілік мінез әбден байқалады. Егілмей, езілмей, ерінбей – дәнеңе өнбейді. Өзінен азаматтығы, көзінен ақылдылығы, сөзінен оқырмандарына қажеттілігі сезіліп тұратын жасампаз ақынның кезекті асқаралы шыңға шыққанын күтіп жүргенбіз. Енді сол асуға көтерілгенін көріп, көңілімізді көншіттік. Тәнті еткен жыр биіктігі – «Қанай – Абылай» поэмасы еді.
Бұл поэма – осы кітаптың алтын қазығы іспетті. Эпиграфқа алынған Мағжанның: «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай», – деген өткір де шыншыл сөзі жүрекке қашап жазылғандай екен. Қанай – тарихи тұлға. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Жанталас» романында қытай әскерімен шайқастың бір сәті былайша суреттелген. «Абылай тұрған қыземшек биік шоқының басынан көз жететін адыр-қырқа беттері тегіс көрінеді. Оның қасында қазір төрт-ақ адам бар: Қанай, Бекболат, Тәтіқара және Сырымбет батыр. Өзге батырлардың бәрі де майдан даласында...» Енді Қорғанбектің: «Халқына туғызбаққа күн мен айын, Көтеріп ақ киізге Абылайын, Алашқа алтын заман орнатысқан, Дариға, ұмытсын кім би Қанайын!?» – деп қорғасындай салмақты ойынан ұтырылған дерекке қаныққанда, Қанай бабаның тарихи миссиясы одан әрмен тұғырланып, асқақтай түседі. Халық не айтса да дөп айтады. Ақын дәнекерлігінен мынаны білеміз: «Қалың қол жер қайысып дабылдаған, Жақын-ау дүбірлеткен сарын маған. Мәңгілік бесікте де Қанай-Абылай, Дариға, қатар жатып дамылдаған». Иә, екі алыптың да мүрдесі Түркістанда жерленген. Поэманың: «Асуда алмағайып қорғаламай, Алашым, аса бергей алға қарай. Асқарға Абылайды өрлеткендей, Қамкөңіл қазағыңды қолда, Қанай!» деп өр дауыспен ширыға түйінделуі бүгінгі азаттықтың тағдырына мығым болуды әр жүрекке ұғындыра жеткізгендей ме! Міне, үздік туындының тура да төте мәні осылайша ұлтшыл ұланды селт еткізіп, ұйқысынан оятарлықтай жойқын леппен өріліпті. Иә, Тәуелсіздік жаннан қымбат! Оны жақындатқандар ардан қымбат! Соны көркем сөзбен, сиқырлы сазбен мүсіндей білген ақынның ақылы сұлу-сымбат! Бұл поэманың өміршеңдігі де осындай қасиеттерімен дараланып тұрмақ. Аталмыш поэманы қазақ поэзиясына қосылған сүбелі үлес деп бағалауға әбден болмақ.
... Талант сан қырымен тамсандырады. Қорғанбек таланты да сондай даралығымен сүйсінтеді. Оның «Зеренді қарағайлары», «Бірәлі-дастан», «Сабат» жыр кітаптары оқырман жүрегін баураған келісті дүниелер. Сондай-ақ «Ғибрат пен зұлмат», «Біржан бұрмалары» жинақтарына топталған толғамдар оның деректі, көркем прозадағы шалымды қадамына куәлік еткендей. Ал аударма саласындағы ізденістері мен нәтижелері өз алдына әңгіме арқауы боларлық. Бесаспап дарынның дара бағыты елеңдетіп, қызықтыра түседі.
«Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын әсіресе, биікте көп», деген екен Ғ. Мүсірепов. Сондай көп орынға бәрі емес, бірегейлер ғана көтеріліп жайғасатыны өмірден тағы белгілі жайт. Кез келгені шырқауға қанаты талмай жетіп, қонақтай алмайды ғой. Бұл ретте Қорғанбектің әлді де әлеуетті қос қанатына сенеміз... «Өлеңімдегі өртімді, Өшіріп, сірә, алмайын», – деп өзі киелі музаның алдында серттескен ол, «Өмірім өрге өрмелер, Өлеңім болар өмірдей», – деп үміт етеді. Жаратылысынан жалғыз ақынға жақтас кім? Әрине, халық. Ендеше, көп қолдауы – қанағатты істің толғауы десек, Қорғанбектің жыр-шабытына тояттай берерміз, әлі!
Қайсар ӘЛІМ.