10 Наурыз, 2011

Халықтың жайын басынан кешкендер түсінеді

964 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Халықтың жайын басынан кешкендер түсінеді немесе әкім неліктен мәшине итерді? Апта бойына тақым аттан босамады. Арал ауданынан басталған сапар Қазалыда жалғасып, одан Қармақшыға өтіп, жолай Жалағашқа соғып, Сырдарияда нүктесі қойылды. Қанша шақырым жол жүргеніміз белгісіз. Белгілісі – Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов осы сапар барысында 42 елді мекеннің тұрғындарымен жолығып, оның сыртында 14 кездесу өткізді. Мақсат – елдің жай-күйін көзімен көріп, қандай мәселелердің барын өзі біліп, соны ретіне қарай шешу еді.

«Бар проблема газет атын өзгерту болса, мен бақытты болар едім...»

Арал. Тағдыр қасіреттің сорын қалың еткен аймақ. Теңізі тартылып, табаны көрін­ген, қайығы қайырылған, аулары ауада қал­қып қалған мекен. Елбасы сая­саты­ның ар­қа­сында ғана Аралдың таба­ны­на су келді. Кіші Аралды көзімізбен көрдік. Көріп қана қой­ған жоқпыз, кіші Аралды айнала қонған елді араладық. Талай зобалаңды бастарынан өт­кер­се де, Арал жұрты қайсарлығынан айы­рыл­мап­ты. Туған жер, кіндік қаны тамған құтты мекенді қалай қастерлеу керектігін өзге жұрт осы аралдықтардан үйренуі керек шығар. Өйткені тіршілікте тірліксіз қалу­дан артық қайғы жоқ. Аралдықтардың қайығы жағада қайырлағанымен, қанаты қайырыл­мапты. Олар теңіздің қайта ора­латынына бек сенеді. Сондықтан туған то­пырағын басқа жұмақ мекенге айыр­бас­тамайды. Жел ыс­қы­рып, құм суырып тұр­са да, оларға Аралдан артық жер жоқ. Арал ауданын Қамыстыбас ауылынан бастап араладық. Ауылдан ауылға өтіп, түс­тен кейін Қаратерең елді мекеніне жеттік. Одан Көкарал бекетіне өттік. Бұған дейін жол тақтайдай екен. Көкаралдан соң жол бұзылды. Түйеге мінгендей шай­қа­л­ып, сең соққан балықтай мең-зең күй­ге түстік. Тартылған теңіздің табанында үйір-үйір жылқы жайылып жүр. Бізді мазақ қылған­дай алдымызды орай шаба­ды. Моторында ондаған аттың күші бар джиптер қазақтың қазанатынан оза алмай әлек. Оқыранған, ойқастаған тұлпарлар біз­бен біраз жерге дейін жарысып, ақы­рында жолсызда жеткізбейтіндерін білді ме, қайдам, құйрықтарын аспанға шан­шы­ған күйінде бір төбені айналып, көзге көрінбей кетті. Өркениеттің өркешіне жармасып келе жатсақ та кейбір елді мекендерде бала оқитын мектептің маңдайы шылқып тұр­ма­ғанын көрдік. Аманөткел деген ауыл­дың мектебі апатты жағдайда екен. Қа­быр­ғасы қамыстан көтеріліп, сырты бал­шық­пен сыланған. Оның өзін 1970 жылы ауыл тұрғындары өз күштерімен салып алған. Содан бері ауылда мектеп салынбаған. – Бәріңізге белгілі, Елбасының «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз» атты Жол­дауында ауыл шаруашылығына баса мән бе­ріліп, елді мекендердің жағдайын жақ­сарту­ға қатысты мәселелер айтылып, ауыл хал­қы­ның әл-ауқатын көтеру қажет­тігі ай­тыл­ған. Енді біз осы бағытта жұмыс жа­сай­тын бола­мыз. Биыл атқарылатын жұ­мыс­тың барлығы жыл басында жоспар­ла­на­ды. Сондықтан, Елбасы тапсырмасына сәй­кес елді мекендерді аралап, ауыл хал­қының тыныс-тіршілігін көз­бен көріп, жыл­дық жоспарымызды осы бо­йынша тү­зу­­ге келіп тұрмыз, – деді Болатбек Қуан­дықов. Әкім­нің күнде ауылға келмейтіні бесенеден белгілі. Ауыл халқы об­лыс әкі­міне мұң-зарын ашық айтып жатты. Ал Бо­лат­бек Баянұлы әрбір айтылған мәсе­лені мұқият тыңдап, жауабын сол жерде беріп кетті. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дейді қазақ. Жолсызбен 60 ша­қы­рым қашықтықты 3 сағаттан аса уа­қытт­а жү­ріп, Ақбасты ауылына келдік. Баяғыда бір жеңгеміз «тірі әкімді бірінші рет көруім» деген екен сасқанынан. Сол секілді, бұл ауыл­дың облыс басшысын көрмегендеріне көп бо­лыпты. Ауыл ақса­қалдарының айтуын­ша, соңғы рет Сейілбек Шаухаманов әкім болып тұрғанында келіпті. Одан кейін бірде-бір об­лыс деңгейіндегі шенеуніктің та­ба­ны тимепті бұл ауылға. Мектептері құлау­дың сәл-ақ ал­дында тұр екен. Құрылыс-сапа мекемесі, Эко­номикалық сот секілді бір­неше құзырлы орындар мектепті әл­де­неше рет жауып тас­та­ған. Дегенмен ауылда бұдан басқа бала оқытатын жер жоқ. Сондықтан төбесі сал­бырап, қабырғасын бөренемен тіреп қой­ған мектепте балалар білім алып жатыр. Ауыз су мәселесі де тұрғын­дар­дың жүйкесін жұқар­тып біткен. 1967 жы­лы мұнай іздеушілер Ақбастыға келеді. Ауылдың іргесінен ұңғы­ма қазады. Олар­дың мұнай деп қазғандары су болып шы­ға­ды. Су болғанда да, тұщы су екен. Ауыл халқы сол суды жапқызбай алып қа­ла­ды. Екі жыл бұрын су бітелген. 40 жыл­дан аса уақыт бір ауылға су берген ұңғыма та­за­ланбаған. Сол себепті бітелген. Ақ­бас­ты ауылының тұрғындары өз күштерімен тазалай алмайды. Қысқасы, ауылдың сусыз отырғанына біраз болыпты. Жергілікті билік бірнеше рет таза су әкелуге талп­ы­нып­ты. Бі­рақ одан ештеңе шықпаған көрінеді. «Тікұшақпен келіп, тып-тыныш кетіп қалуыма болар еді. Бірақ ауыл халқының көргенін өзім көрейін, сезінейін деп әдейі жолмен келдім. Жол азабын барынша тар­тып келеміз. Сіздердің күйлеріңізді ба­сы­мыздан өткердік. Қабырғасына бөрене тіреп қойған мектепті бірінші рет көруім. Таңқалып отырмын. Ақеспеге 100 орын­дық мектеп, 50 орындық балабақша са­лып беруге уәде беремін. Ауыз су мәсе­ле­сін де шешеміз. Өздеріңіз айтып отыр­сыз­дар, қара­жолдың керегі жоқ, дамба үйіп бер­сеңіздер болады деп. Оны да ретімен жа­сай­мыз», деді облыс басшысы. Көкарал бекетіне қатысты бір-біріне қара­ма-қайшы екі пікір бар қазір. Бірі – бекетті бітеу керек десе, екіншісі бітемейік дегенді ай­тады. Ақбасты ауылының тұр­ғын­дары Көк­арал бекетін бітеу керек деген пікірді қол­дай­ды екен. Өйткені бекетті бітесе, кіші Аралдың көлемі кеңейіп, ауылға су келеді. Сумен бірге, балық та жетеді. Ал бұл тұрғын­дардың тұр­мы­сын арттыратын бірден-бір берекелі іс бол­мақ. Көкаралды көзімізбен көрдік. Кіші Арал­ды толты­ра­мыз деп тіртінектеп жиған судың далаға ағып жатқанына куә болдық. Ол судың қай­да кетіп жатқаны да белгісіз. «Үлкен Арал­ға құйып жатыр» деушілер де табы­лар. Дегенмен Көкаралдан аққан су үлкен Аралды тол­тыра алмайды. Оған әлеуеті жет­пейді. Көк­аралдан кеткен су құмға сі­ңіп жатыр. Әңгі­ме­нің ашығы осы. Сумен бірге қаншама балық да­лаға ағып кетті. Оны да ойлау керек. Тоқе­терін айтсақ, Көк­арал бекетін бітеп, кіші Арал­ды 47-ші белгіге дейін көтеру қажет. Ал екі деңгейлі теңіз жасау идеясы халыққа аса тиімді дей алмаймыз. Сол күні Ақбастыға түнедік. Таң­бозы­нан тағы атқа қондық. Бағытымыз Ақеспе ауы­лы. Ақеспеде де мектеп қираудың сәл-ақ ал­дын­да тұр. Әлсін-әлсін құм көшкіні жүретін көріне­ді. Соның салдарынан ауыл­дың ішін құм ба­сып қалған. Көшелерімен жүру қиын. Құмды тазартып тұру үшін техника керек. Ондай техника ауылда жоқ. Ақбастыдағы қат маман­дық­тың бірі акушер екен. Жалпы, аудандарды аралағанда халық санының жыл сайын артып жатқ­а­нына көз жеткіздік. Бала туу көрсеткіші ұлғайып келеді. Мысалы, Қос­жар ауы­лы­ның тұрғыны Гүлмира Нұры­мова үш жылда үш рет егіз бала тапқан. Құдайдың бергені деген осы. Аудан әкімі Нәжмәдин Мұсабаев алты баланың анасына жаңа баспана салып беруге уәде етті. Ақеспе ауылының жай-күйіне қа­ныққан әкім тиісті мекеме басшыларына сол жерде тап­сыр­ма берді. Ауылға жаңа мектеп салынып, көшені басқан құм көктем шыға тазаратын болды. Келесі барған ауылымыз Қосаман еді. Ол ауылдың балалары да жақын арада жаңа мектепке барады. Мектеппен жапсарласып балабақшада салынады. Қосаманнан шыққанда ат құлағы көрін­бей­тін ақтүтек боран басталды. Аралдың адуын желі ысқырып, бет қаратпайтын суық­пен бетпе-бет келдік. Тас төселген жол­мен жүрсек бір сәрі еді. Тағы да жол­сыз­бен келеміз. Б­а­ғыт-бағдарды анықтай алмайсың. Бір сы­зық­тың бойымен келе жатқан көлік-керуені тоқ­та­ды. Сөйтсек, жол бастап келе жатқан әкім мінген көлік омбы қарға кіріп кетіпті. Темір тұлпар ышқынып алға ұмтылғанымен жүр­­мей­ді. Әкім көлікті итеріп жүр. Қара­пайым­­дылық деген осы шығар-ау. Әйтеуір көптеп көмектеп жүріп, көлікті омбы қардан аман алып шықтық. Көлік-керуені қайта жал­ғас­ты. Сексеуілге жеткенше сілелеп біттік. «Биыл жалпы республика бойынша 41 халыққа қызмет көрсету орталықтары ашы­ла­ды. Соның 27-сі Қызылорда облы­сы­ның еншісінде. Бұл үлкен жетістік. Ол ауыл хал­қы­ның бір қағаз үшін ауданға са­былуын тыяды. Енді «бір терезеден» қыз­мет көрсету орталық­тары ауылдарда орна­ласатын болады». Сексеуілдегі кездесуді Болатбек Баянұлы осылай бастады. Биыл Сексеуілде 150 орындық мектеп, осындай көлемдегі мәдениет үйі салына­ды. Соны­мен қатар ауылдың ішіндегі 5 ша­қырым жол жөнделеді. Осы арада айта кететін бір жәйт, биыл Қызылорда облысы ауыл кө­ше­лерін жөндеу үшін 1 миллард теңге бө­ліп отыр. Әрине, бұл қаржы барлық ауыл­дың жо­лын жөндеуге жетпес. Дегенмен жол аза­бын тартқан ауылдардың көзі ашыла­тын болды. Аудан орталығына келгенімізде қызық жағдайға кезіктік. Біз келгенде аудандық мәдениет үйінде тұрғындар кеше ғана тү­сірілген «Жоқтау: 20 жыл өткенде» фильмін тамашалап болыпты. Әкім мен аудан жұрты­ның арасындағы әңгіме тәп-тәуір өрбіп келе жатқан. Залдың ортасынан шоқ­ша сақалды бір кісі атып тұрды да, сұрағы барын айтты. «Осы аудандық газеттің аты «Толқын». Жоқ толқынды аңсап не керек? Соның атын өзгерткен мақұл. Менің ұсынысым: газеттің атын «Арал сыры» деп қояйық». Зал күлкіге көмілді. «Оу, одан басқа проблема жоқ па?» деп ішін ұстайды жұрт. «Бар проблема газеттің атын өзгерту ғана болса, онда мен бақытты болар едім» деді Болатбек Қуандықов. Күн әлдеқашан ұясына батып кеткен. Төңіректі түн құшағына алып жатыр. Ал біз әлі ауыл аралап жүрміз. Арал ауданы бойын­ша баратын соңғы ауылымыз – Жақ­сы­қы­лыш. Бұл «Аралтұзды» шығарумен аты әлем­ге жайылған ауыл. 6 мың халық тұратын ауылдың тұрғындары жыл сайын артып келеді. Сондықтан балабақша мә­се­лесі басты на­зарға шығып тұр. Әкім ауыл­да 140 орын­дық балабақша салын­атынын айтты. Жалпы, Арал ауданындағы ауылдардың проблемалары бір-біріне ұқсас. Ең бас­тысы – мектеп пен жол. Сосын бала­бақша. Ал ауыз су ауылдардың 90 пайызына жеткен. Аяқ­су­дан да таршылық аса байқал­майды. Жо­ғары­да сөз болған екі мәселе шешілсе, Ра­йым ауылындағы ақсақал айт­пақшы «елдімекендер гүлденудің алдында тұр» екен.

Ауыл «Сыбағадан» несібе күтеді

Аралдағы екі күн арпалыстан кейін Қазалы ауданындағы сапар туристік дема­лыс сияқты көрінді. Жолы тақтайдай. Ауыл­дардың арасы да аса қашық емес. Барлығы күрежолдың маңайына орналас­қан. Сон­дық­тан қатынаста да қиындық жоқ. Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауыл­­­дарына ортақ проблема – көпір мәсе­лесі болып шықты. Тұрғындар егін шаруа­шы­лы­ғы­мен айналысады. Ауыл мен аудан­ды Сыр­дария бөліп жатыр. Көктем мен күз­де дария­ның арнасынан асып аға­тыны белгілі. Осын­дай кездерде қаты­нас қиын­дайды. Аталмыш екі мезгілдің шаруа үшін ең оңтайлы мезет еке­ні анық. Сол себепті ауыл тұрғындары Әл­сейіт өткеліне көпір салып беруді сұрады. Бұ­ған қоса кіші Аралдан ауланатын балық­тың ба­сым бөлігі Қазалыға жеткізілетін көрінеді. Ол да осы өткел арқылы өтеді екен. Қожа­ба­қы ауы­лы­ның мұңы да осындай. Су тасқыны кезінде дарияның арғы бетіндегі елді мекендер Басықара көпірі арқылы қаты­най­ды. Ал бұл – жол 150 шақырымға дейін ұзайды деген сөз. Қазалы ауданының барлық ауылдарына дерлік ауыз су барған. Тіпті кей ауылдарда үйлеріне су кіріп тұр. Сонымен қатар телефон байланысы да реттелген. Жаңадан салынған мәдениет үйлері мен меди­цина­лық бекеттер, Ардагерлер алаңын да көр­дік. Қазалы ауыл­дары Тәуелсіздіктің 20 жылдығына жақсылап дайындалып жатыр. Әрбір ауылда азаттықты айшықтайтын сая­бақ­тардың, жастар аллеясы­ның құры­лы­сы басталғалы тұр. Бұл да елдің еңсесін көтеретін, Тәуелсіздік атты тәтті ұғымның қадірін арттыратын іс-шаралар. Өркендеу ауылына жолымыз түсті. Қар­ға тамырлы қазақтың тарихында ерекше орны бар жер бұл. Себебі, осы ауылдың жанынан Жанкент қаласының орны табыл­ған. Ал Жанкент ежелгі Оғыз мем­леке­ті­нің астанасы болған. Негізі, Сырдың бо­йында қазақтың үш астанасы болған. Ол туралы Елбасы былай деген: «Қазақ тари­хындағы үш бірдей астана Сыр бойында жатыр. Оғыз дәуіріндегі – Жанкент, Ақ Орда заманындағы – Сығанақ, кеңестік ке­зеңдегі – Қызылорда. Осылардың қай-қайсысы да қазақтың мемлекеттілігін ор­нықтыруда өзін­дік із қалдырған қасиетті орын». Орда­ның ортасы болған Жанкент жанындағы қазіргі Өркендеу ауылы да өркендеп, өсіп келеді. Мектебі, бала­бақ­шасы, емханасы жаңадан салынған. Қазақ жастарының көсемі Ғани Мұрат­баев білім алған М.Горкий атындағы мектепте болдық. Алаш арысы отырған парта да сол күйінде сақтаулы тұр. Келер жылы аталмыш мектептің ашылғанына 100 жыл толады. Ақ патша әскерінің казармасы ретінде салынған мектептің сүйегі асыл екен. Әбден көнергенімен, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген». Дегенмен оны алдағы уақытта мұражай ретінде пайдаланбаса, бала оқытуға жарамсыз. Мектеп ұжымымен кездескен Болатбек Қуан­дықов келер жылы мерейтойға орай жаңа ғимарат салып беруге уәде етті. Қызылорда облысының басшысы осы сапарында Басықара су торабының жұ­мы­сымен де танысты. Көктемгі сең кезіндегі жұмыстарын пысықтады. Қазалы ауданы­ның орталық ауруханасының да тозығы жетіпті. 40 жыл бұрын салынған ғимараттың іргетасы мүжілген. Дәрігер­лер ауданда жаңа аурухана салу туралы өтініш білдірді. Іссапар Қазалыдан Қармақшыға жал­ғас­ты. Төретам кентінде жаңа мешіт са­лы­нып жатыр. Десек те, құрылыс жұмыс­тары баяу жүруде. Осыған орай әкім қа­таң тапсырма берді. «Мешіттің құрылысы 22 наурызға дейін бітуі керек». Тоқетері осы. Қармақшы ауылында ескі қонақ үй ғима­ратының негізінде спорт мектебін ашу жоспарланған екен. Әкім онымен де та­ныс­ты. Тиісті қар­жы­сын бөліп, спорт мектебін ашуды тап­сыр­ды. Осы ауылда 1940 жылы салынған желдиірменді тама­шала­дық. Оны іске қосу үшін 3 мың доллар көлемінде қаржы қажет. «Егер ел игілігіне жарайтын болса, керекті қара­жат­ты тауып беруге болады» деді Болатбек Баянұлы. Қармақшы ауданындағы про­бле­масы көп ауыл ретінде Тұрмағамбет елді мекенін айтар едік. Ауылдық клуб әбден қой бағып, жауыр болған аттың күйін елестетеді. Ортасынан опырылып құлаған. Балабақ­ша­ның да тозығы жеткен. Мектептің бір бөлігі күрделі жөн­деу­ді қажет етеді. Жөнделетін жол да бар. Қысқасы, Социалистік Еңбек Ері, көп балалы ана Сәлима Жұмабекова об­лыс әкіміне ауылдағы бар проблеманы ашық айтты. Әкім тиісті шаралар жасалып, қор­да­ланған проблеманың шешілетінін жеткізді. «Интернатта оқып жүр талай қазақ бала­сы» дегендей, Көмекбаев ауылындағы мек­теп-интернаттың күйін көзбен көруді жа­зып­ты. Интернат деген аты ғана. Ғи­ма­раттың сапасы сын көтермейді. Осы ин­тер­натқа 600 шақырым жерде жатқан елді мекендерден балалар келіп оқиды. Одан бөлек, көрші Өз­бек­стан еліндегі қандас­тарымыз да бала­ла­рын осы жерге жібереді. 320 бала құлағалы тұрған ин­тер­­натта жатыр. Аталған ауылда 300 орын­дық мек­тептің құрылысы бас­тал­ған. Енді соның жанынан жаңа интернат са­лы­натын бол­ды. Мектеп-интернаттың ди­ректоры үріп ауызға салғандай жас қыз екен. Аты-жөні Ақзира Қасымова. Шал­ғай­дан қа­ты­найтын балаларды өзі тасып, өзі әкелетін көрінеді. Енді соған үлкен автобус керек екен. Жас директор әкімге мектеп-ин­тер­наттың жайын жасырмай жеткізді. Ай­тыл­ған мәселелер өз шешімін табатын болды. Жағалай жүріп Жалағашқа да жеттік. Аудан орталығына емхана мен аурухана­ның ке­ректігі көзге ұрып тұрды. Емханада бір бөл­меде бірнеше дәрігер отырып, адам қа­был­­дайды. Ал ауруханаға адам сый­май жа­тыр. Орталық аурухана 1999 жы­лы асар әді­сі­мен салынған екен. Ар­найы қаржы бө­лі­ніп салынбағаннан кейін, оның жағдайы да мәз емес. Еңбек ауылына барғанымызда бізді «Батыр аналар» ансамблі қарсы ал­ды. 72 жастағы Рахия Жұбатқанова шыр айналып билегенде аяғы жерге тимейді. Өзі тың. Сергек. Бұл ансамбльдің басқа аналардан құрал­ған топтан өз ерекшелігі бар. «Ба­тыр аналар­дың» қатарындағы аналардың барлығы көп бала тапқан, ұрпағын өсіп-өндірген әже­лер­ден тұрады. Сапар соңы Сырдария ауданымен тү­йінделді. Бұл ауданның ауылдары мал ша­руашылығымен, егіс егумен ай­на­лы­са­ды. Республикалық «Сыбаға» бағдар­ла­ма­сын естіген ауыл тұрғындары, қазір соның қамында жүр. – Біз биыл 90 фермерлік шаруашылық ашуымыз керек. Ауылда жұмыссыз жүр­мін деген адамға таңқаламын. Елді мекен тұр­ғындарының тың идеяларын қолдау үшін «Қызылорда» әлеуметтік-өнер­кә­сіп­­тік кә­сіп­орнын ашып отырмыз. Сол бо­йынша ауыл­дық жерлердегі шаруа­шылықты қар­жы­ландыруды қолға аламыз. Байқаймын, Сырдария ауданы «Сыбаға» бағдар­ла­ма­сы­на білек сыбана дайындалып жатыр екен. Олай болса, асыл тұқымды мал өсіре­сіз­дер ме, егін егесіздер ме, біз қар­жы­лан­дыруға, идеяларыңызды іс жүзінде жүзеге асыруға дайынбыз,– деді әкім. Іңкәрдария, Ақжарма, Шаған ауыл­дары шаруашылыққа тас-түйін дайын екен. Былтырдың өзінде Іңкәрдария ауы­лы егін егудің арқасында 30 миллион тең­гедей таза пайда тауыпты. Ал бұл ауыл үшін үлкен қаржы. P.S. Жағымпаздық емес. Жақсының жақсылығын айту деп қабылдаңыз. Қызылорда облысының әкімі Қуандықов осы сапарында ерге тән мінез танытты. Өзі айтпақшы, «қиырдағы ауылға тікұшақпен барып, тып-тыныш қайта салуына» болатын еді. Бірақ елдегі адамдардың қандай күйде екенін өз басынан өткеру үшін жолмен барып, жол азабын тартып қайтты. Әр ауылдың проблемаларымен жеке-жеке танысты. Ал бұл қанша жылдан бері қордаланып қалған проблеманы шешудің төте жолы. Әдетте «әкім бол, халқыңа жақын бол» деп бата беріп жатады ақсақалдар. Әкімнің халыққа жақындауы осылай болуы керек шығар. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.