Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың респубикалық қоғамдық штабының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Ақтөбе облысында жалғасты. Кеше «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында кандидаттың республикалық штабының мүшелері, «Нұр Отан» ХДП бастамасымен құрылған, құрамына саяси партиялар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мүшелері кіретін «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының өкілдері облыс активімен, жоғары оқу орындары ұстаздарымен, кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлерімен, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесуде сөз алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішіндегі саяси тұрақтылық пен экономикалық дамуды Н.Назарбаевтың есімімен байланыстыра әңгімеледі. Нұрсұлтан Әбішұлының демократиялық мемлекет құрудағы, еліміздегі экономикалық қайта құрулардағы ерен еңбегінің нәтижесінде Қазақстанды әлем мойындағанына дәйекті дәлелдер келтірді.
– Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне жиырма жыл толғалы отыр. Осы уақыт ішінде біздің еліміз бүкіл әлем таныған мемлекет болып қалыптасты, татулық пен бірліктің, ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Алда тұрған асқаралы міндеттер мен жоба-жоспарларды тек Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге жүзеге асыра алатынымыз айдан-анық. Сондықтан, алдағы болатын ел президенттігіне сайлауда халықтың таңдауы Нұрсұлтан Назарбаев болатынына кәміл сенімдіміз. Алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруда көшбасшылар қатарында келе жатқан облыс халқы алдағы сайлауға белсене қатысып, Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасын бірауыздан қолдап дауыс береді деп ойлаймын.Сіздерді тура осындай таңдау жасауға шақырамын, – деді ол.
Кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлын қолдауға үндеп «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев сөз сөйледі. Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиындықтарды жеңе отырып, Н.Назарбаевтың елімізді әлемдік қаржы дағдарысынан да әдемі алып шыққанын жеткізді. Ол ақтөбеліктерді Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс беруге шақырды. Атақты спортшы, бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов пен «Қазақстан студенттері альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ербол Шыма да елімізде жастар үшін жасалып жатқан игі істерден хабардар етті. Сондықтан жастардың сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлын қолдайтынына сенімділік танытты.
Сол күні Нұрлан Нығматулин бастаған коалиция мүшелері үш топқа бөлініп, халықпен үш жерде кездесу өткізді. Нұрлан Нығматулин бастаған топ «Ақтөберентген» акционерлік қоғамының ұжымымен жүздесті. Коалиция мүшелерін кәсіпорын ұжымы риясыз көңілмен қарсы алды. «Біз Елбасыға дауыс береміз», «Біздің таңдауымыз – Нұрсұлтан Назарбаев» деген үндеулер ұстаған жұмысшылардың Н.Назарбаевты қолдайтындықтары анық аңғарылып тұрды.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев, «Атамекен» одағының төрағасы Азат Перуашев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаевтың сөздері де еліміздің қол жеткен табыстары төңірегінде тоғысты. Кәсіпорын жұмысшылары атынан сөз алған Ақжарқын Омарова өздері үшін Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа таңдау болмайтынын айтты. Фрезерші Оразбай Саймағамбетов алдағы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтындықтарын білдірді.
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осы салтанатты сәтті пайдаланып, Оразбай Саймағамбетовті туған күнімен құттықтап, гүл шоғын және бағалы сыйлық тапсырды. Ол ұжымның тең жартысы болып табылатын қыз-келіншектерді өткен мерекелерімен құттықтуды да ұмытпады.
Қалған екі топтың біреуі Алға ауданы тұрғындарымен, екіншісі, қаладағы «Достық» үйінде этномәдени бірлестіктер, шығармашылық интеллигенция өкілдері және мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.