10 Наурыз, 2011

Өнер ішіндегі өрнектісі

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан президенттігінен үміткер Ғани Қасымовтың киноға ықыласы ерекше Партиялық пайым-пікіріне сай Ғани Қасымов өзінің сайлау алдындағы саяси тұғырнамасында өнер-мәдениетті өркендету мәселелеріне үлкен көңіл бөлгені белгілі. Нақ соның айғағындай, әйелдер мерекесі қарсаңында президенттікке кандидат Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия­сын­да өтіп жатқан деректі кино фестивалінде болды. Патриоттар партия­сы­ның көшбасшысы киноның өнер ішіндегі ең маңыздысы деген қағидаттың ескірмейтіндігін ескеріп, халық мәде­ние­ті мен тарихи мұраны қайта жаң­ғыр­ту орайында шұғыл шаралар қол­дану қажеттігін айтып өтті. Қазақстандықтардың өз-өзіне, елдің үздіксіз өсу мүмкіндігіне сенуі, нағыз отаншылдар болуы өте маңызды. Мемлекетте достық, татулық пен келісім, барлық ұлттар мен ұлыстарды қолдау, сондай-ақ олардың мәдениеті мен ұлт­тық дәстүрлерін қолпаштау қамтамасыз етілуі тиіс, деп атап көрсетті Ғ.Қасы­мов киностудияда болған кезінде. Соңғы жылдары Қазақстанның кино өндірісі алға басып келеді. Алуан жанр­лы көркем фильмдерді шы­ғару қай­та­дан бел алып, жыл сайын мә­де­ниетке, му­зы­­каға, ғылым­ға және басқа та­қырыптарға арналған 30-40 шақты деректі таспалар түсірілуде. Президенттіктен үміткер келіп отырған жаңа деректі кино фестивалі Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде тұңғыш өт­кі­зіліп отыр. Апта бойы көрермендер аса көрнекті қазақ ғалымдарының, жазу­шы­ларының, саз­гер­лерінің қызметімен танысуға мүм­кіндік алды. Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, басқа да белгілі тұлғалар, сон­дай-ақ республика мәдениеті мен өне­рі­нің қайраткерлері жайындағы кино­туын­дылар ықыласпен тамашаланды. «Цезарь» кинотеатрында көрермен­дер­мен кездесуге фильм кейіпкерлері мен киногерлердің өздері келді. Осындай бір әредікте Ғани Қасымов атақты ғалым, академик Т.Шармановпен кездесті. Денсаулық сақтау ісіне қос­қан зор үлесі үшін оған Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымының жо­ға­ры марапаты табыс етілген. Режиссер Бақыт Қайырбеков жасаған «Әлем аза­ма­ты» фильмінде осы жағдай паш етілген. Президенттікке кандидат фильмді көргеннен кейін: «Біздің елімізде мақ­тан тұтуға лайықты әлемдік деңгейдегі заңғар тұлғалар еңбек етеді. Солардың ішінде Төрегелді Шарманов, Олжас Сү­лейменов, Салық Зиманов, Әбдіжәміл Нұрпейісов және басқаларын атар едім. Олар – ұлттың мақтанышы. Олардың қызметі біздің әрқайсымызды шығар­ма­шылық тұрғыдан өсуге талаптан­дырып, қияға қанат серметеді», деді. Сондай-ақ, Ғани Қасымов Қазақ­стан­ның ел даңқын асыратын дарын­дарға бай екендігін атап көрсетті. Осындай заңғар тұлғалар елді өркен­де­тіп, ғылым мен мәдениетте, қоғамның басқа салала­рын­да жауһар құнды­лық­тар жасайды. Міне, біздің елімізде бо­ла­шақта осындай адамдар тәрбиеленуі тиіс. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суретті түсірген Борис БУЗИН.
Соңғы жаңалықтар