Қазір елімізде жол салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тіпті, кең жолақты автобандардың құрылысы бірнеше бағытта бірден қолға алынғанын мақтанышпен айтуымызға болады.
Халықаралық маңызға ие «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралін былай қойғанда, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын «Алматы – Қарағанды – Астана», «Алматы – Талдықорған», «Талдықорған – Қалбатау», «Астана – Павлодар – Семей» бағытындағы күре жолдардың алды аяқталып, пайдаланылуға беріліп қойды. Ішкі жолдардың сапалы болуы қатынас қызметін жақсартып қана қоймай, жүк тасымалының артуына ықпал ететіні анық. Транзиттік хаб қалыптастыруға бел шеше кіріскен еліміз үшін жол құрылысының стратегиялық сипатқа ие болуы сондықтан.
Осы жол құрылысын жүргізетін мамандар арасында «Жол салу оңай, көпір салу қиын...» деген әзіл-шыны аралас әңгіме бар екен. Десе дегендей, кедергісіз жалғасып келе жатқан құрылыстың көпір салуға тиісті аумаққа келгенде кібіртіктейтіні жасырын емес. Әрі жол көпірлерін қайта жаңғырту мен жаңадан салу қыруар қаржыны тағы талап етеді.
– Экономикалық тиімділік пен сапа менеджементін үнемі арттыру жұмыстарына барынша көңіл бөлу арқылы көптеген мәселені шешуге болады, – дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Темірхан Меңдіғалиев. – Соның бірі – жол құрылысына қажетті өнім өндіретін кәсіпорындардың жұмысына инновациялық жаңалықтар енгізу. Ғылым мен озық технологиялық үрдістің отандық өндіріске енуі қаржылық жағынан да, сапа жағынан да тиімді. Мәселен, бүгін Алматы көпір конструкциялары зауытының базасында сынақтан өткен жаңа бетон тіректері өндіріске жолдама алып отыр. Бұл, бір жағынан, отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуының дәлелі, екінші жағынан, көпір құрылысына кететін шығынды 30 пайызға дейін үнемдеуге жол ашатын технология.
Маманның айтқанындай бар, Алматы көпір конструкциялары зауытының базасында сынақтан өткен жаңа бетон тіректері осыған дейін қолданылып келген көпір табандарын алмастыруда озық табыс болып отыр. Зауыт қабырғасындағы жаңа технологиямен құйылған темір-бетон жаймалары энергетикалық қуатты аз тұтынуымен құнды. Яғни, жаңартылған әдіс бойынша бетонның құйылуы мен дайын өнімге айналуына дейінгі аралық толықтай автоматтандырылып, шығын аз жұмсалатын болған. Мұның сыртында, тапсырыс берушінің сұранысына орай, арқалық тіреулер мен жол табандарының ұзындығы мен көлеміне өзгеріс енгізуге мүмкіндік туды. Мәселен, ескі стандарт бойынша бетон тіректер бір ғана ұзындықта құйылса, енді қазір 6 метрден 42 метрге дейін ұзынды-қысқалы етіп дайындауға болады екен.
– «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында зауытқа жаңа технология енгізу үстіндеміз. Мемлекет тарапынан қолдау бар, еліміздегі жол құрылысының қарқын алуы жұмысымызға серпін берді. Өнімдеріміздің бағасы қолжетімді. Соңғы қаржылық дағдарыстар еңбек өнімділігіне де, өнім бағасында да әсер еткен жоқ. Өйткені, біз таза жергілікті өнімді тұтынамыз. Бетон құюға қажетті цемент отандық, құм-тас іргемізден шығады, темір-терсек те қазақстандық өндірушінікі. Қайта, біздің дайын өнімге сырттан сұраныс көп. Қырғыз жолдарындағы көптеген көпірлерге біздің өнімдер пайдаланылды. Ресейдегі БАМ-2 жобасына да тапсырыс алып отырмыз, – дейді Алматы көпір конструкциялары зауытының директоры Шухрат Шардинов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы