11 Қараша, 2016

Жарты шақырым жол қинап тұр

271 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ақтөбе қаласындағы «Оңтүс­тік-Батыс-2» ауданының №242-251 және №293-301 учаске (әлі күнге дейін көше аты жоқ екен, сондықтан «учаскелер» деп аталады) тұрғындары өздерінің мәселелеріне құлақ түріп, қолдан келер көмек берер деген үмітпен Парламент Сенатының депу­таттары Е.Сағындықовтың, М.Тағымовтың, Парламент Мә­жілісінің депутаттары Қ.Қаре­кен­нің, А.Смағұловтың, Г.Щеге­ль­скийдің аттарына хат жол­­даған екен. Төменде соны на­зар­ларыңызға ұсынып отырмыз: «Бірінші мәселе – бізді жол мәселесі әбден діңкелетіп бітті. Біз, жоғарыда көрсетілген учас­ток тұрғындары 2005 жылы мау­сым айында қалалық әкім­шіліктің шешімімен 10 сотықтан жер телімдерін алып, сол жылы-ақ құрылыс жұмыстарына кірі­сіп кеттік. Біреуіміз үй салдық, енді біріміз кішкене жазғы үй салдық. Сол жаздың өзінде көшедегі бүгінгі 18 үйдің 10-ы салынды. Үй салу бірталай әбі­герге түсірді. Себебі, ал­ған­ жеріміз бұрын қаланың кү­ре­сінін төгетін топырақпен қор­шалған, биіктігі 3-4 метрлік клет­калар болып шықты. Әркім әліне қарай жерді тегістеумен айналыстық. Соның себебімен көшеміздің бір жағы қыр жақ бет­те, екінші жағы ой жақ бет­­те. Қар ерісе де, жаңбыр жау­­са да қыр жақтағылар ой­ жақтағыларды судың астын­да қалдырады. Ойпаң жеріне жи­налған судан үлкен көліктердің өзі әзер өтеді. Ал біздің көше­мен жүретін №20 жалғыз мар­ш­руттық автобустың өзі жүре алмай әлекке түседі. Жолмен жүру мүмкін бол­маған соң олар онсыз да езі­ліп жатқан үйлеріміздің ал­ды­­нан жол салып, сонымен жү­реді. Талай рет автобус жүр­гі­зушілерімен айқайласып, тіп­ті, төбелесуге дейін жеттік. Олар­дың айтатыны – мен уақыт­ымнан кешігіп келе жатырмын деу. Оның үстіне, көшеде кіш­кен­­тай балалар баршылық, со­лар­­ды қағып кете ме деп уайым­дап болдық. Бұдан 3 жыл бұрын асық­қан автобус жүр­гізушісі кіш­кентай оқушы қыз­­ды есікке қыс­тырып, сүйреп кет­кен. Құдай сақтағанда аман қал­ды. Сондай-ақ, көшемізде ауру-сырқаулы, алды 80-нен асқан зейнеткерлер де, ау­ған соғысының ардагері де тұ­рады. Адам ауырып қалған кез­де жедел жәрдем машинасы балшықты кешіп әзер же­теді. Мектепке сабаққа баратын балаларымызға да оңай болып тұрған жоқ. Көктем, күз кезіндегі жаңбырлы уақыт­ты, көктемгі қар еритін кез­ді айтпағанның өзінде жаз күнін­де 1-2 сағат жаңбыр жауса бол­ды, көлік, түгілі жаяулап үйі­міз­ге жете алмаймыз. Ал кө­лік­те­рі­мізді асфальтталған көше­лерге қалдырып кетуге мәжбүр боламыз. Мәселе, осы екі көшенің арасынан өтетін бар бол­ғаны 500 метрді алатын жол азабы болып тұр. Міне, осы жерде өмір сүріп жатқанымызға биыл 12 жаз, 11 қыс болды. Бірақ жол мәселесі әлі шешілмейтін түрі бар. Басқа жылдарды айт­па­ғанның өзінде, биылғы жыл­дың жазында бірнеше жер­ге жағдайымызды айтып бар­ған­быз. 26 шілде күні ЖКХ-ның басшысына бір хабар білмекші бо­лып барған едік, ол болмаған соң Төреғали Руслан деген орын­басарына кірдік. Жас жігіт екен, бірақ ол мардымды ештеңе ай­тпады. Біресе «біз ол көшені К-700 тракторымен тегістеп бер­генбіз», біресе «өздеріңіз те­гістеп, асфальттап алмайсыздар ма, қаражат жоқ» деген сияқты жауаптар берді. Ақыр аяғында «біздің қолымыздан ештеңе келмейді, бәрін акимат шешеді» деп тынды. Ал қала әкімінің орынбасары Ж.Байрханов мырза әуелі қара­жатты қаланың бас көше­ле­рін жамап-жасқауға жұмсай­мыз дейді. Сонда қаланың басқа кө­шелері бәз қалпында, тұр­ғын­­дар өз мәселесімен өздері қала берулері керек пе. Сонда әкім­­шіліктегілер кім үшін жұ­мыс жа­сайды? Ж.Байрханов мыр­за жол мәселеміз түгілі, біз­дің тұ­рып жатқан жерімізді де біл­мейді-ау деген ойға кел­дік. Әкімдер, олардың орын­баса­рлары келер-кетер, ал көше­міз­дің тұрғындары болса өз мәсе­лесімен өзі осылай қала бермек пе? Екінші бір мәселе – осы біз­­­­­дің көшені электр жары­ғы­­­­­мен қамтамасыз ететін транс­­­­форматор мәселесі. Ол шұң­­қырға орналастырылған. Астын­­дағы іргетасы да аласа. Әсі­­ресе, көктемде қар ерігенде желі­леріне су тиіп істен шы­ға­ды. Ал оны жөндейтін тиіс­ті мекеме қызметкерлері ке­ліп іске қосқанша, апталап жа­рық­­сыз отыруды да басы­мы­з­дан өткіздік. Ақтөбе қа­ла­лық ЖКХ өкілі Хасен мыр­заға осы трансформаторды айт­қа­ны­мызда, оның жауабы «біз тра­нс­форматорларға жауап бермейміз, оны қарайтын тен­дермен ұтып алған бас­қа мекеме» деді. Біз, өз қара­жатымызға астына биік іргетас қояйықшы, тек сіздер рұқсат беріңіздер, кранмен көмектесіңіздер деп өтініп едік, одан да ешқандай нәтиже жоқ. Көріп отырғандарыңыздай жер­гілікті әкімшіліктерден қай­ран болмаған соң өздеріңізге үл­кен үмітпен хат жолдап отырмыз. Ең бастысы, ұзындығы бар болғаны 500 метрлік асфа­льт жол салып беруге кө­мек­те­­су­леріңізді өтінеміз. Ең болма­са, осыған қаржыны ке­­лесі жыл­дың бюд­жетінен қа­рас­тырса дұрыс болар еді. Әйт­песе, ширек ға­сыр ішін­де еліміз әлемдегі 50 ел­дің қата­ры­нан көрініп жатқан тұ­ста ақ­төбеліктердің жарты ша­қы­р­ым жолды асфальттай алмай отырғаны масқара емес пе?! Көше тұрғындарының атынан өтініш жолдаушылар: С.КӨБЕГЕНОВ, Қ.ҚАЛИЕВА, О.ҚҰДАБЕКОВ, Б.ШӘПИЕВ және т.б.