11 Қараша, 2016

Жетісуда туризмді дамытуға Алакөлдің мүмкіндігін пайдалану керек - Мамин

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматы облысында болды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысқан Асқар Маминнің жұмыс сапары Талдықорғанның оңтүстік-батысындағы тұрғын үй кешенін көруден басталды. Мемлекеттік бағдарламаның даму бағыты бойынша өңір басшысы Амандық Баталов мағлұмат берді. Алматы облысы бойынша іске асыруға бекітілген 69 жобаға 27,9 млрд теңге бөлінсе, бүгінгі күнге сол қаражаттың 93,4 пайызы игерілген. А.Мамин білім беру саласы ғимараттарының инфрақұрылымын дамыту, жылумен, сумен қамтамасыз ету және жөндеу, тұрғын үй инфра­құ­рылымында инженерлік-коммуни­ка­циялық желілерді дамыту және облыс аумағын газдандыру мәсе­лелерімен мұқият танысты. «Нұр­лы жол» бағдарламасы бойынша Тал­дықорғанда салынып жатқан тұрғын үй кешендерін енді мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізу керектігін атап көрсетті Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Асқар Мамин «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, бітуге таяған Алматы – Талдықорған күре жолы бойында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын да көрді. Алматы облысында бүгінгі таңда 6 индустриялық аймақ бойынша жұмыс жүргізілуде. Соның үшеуінің даму мүмкіндігі өте зор. Нақтылай түссек, Алматы – Талдықорған күре жолының бойында, Қапшағай қаласы мен Іле ауданының арасында орналасатын G4 city қаласындағы Береке, Талғар ауданындағы Қайрат Талдықорған индустриялық аймағы болып саналады. Талдықорған индустриялық аймағы инфрақұрылымының құрылысы толығымен биыл аяқталып, келесі жылдың алғашқы күндерінде тапсырылады. Бөлінген қаражаттың 85 пайызы игерілді. Мұнда тоғыз кәсіпорын жұмысын бастап, Талдықорған өңірінің барлық қажеттілігін өтейтініне сенім бар. Сөйтіп, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылып, мыңға жуық жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Келешекте осында жоспарланған 20 кәсіпорын түгелдей ашылса Талдықорған өңірі тұрғындары үшін жұмыс орындары көбейе түспек. Ал Береке индустриялық аймағында Елбасының Алматы қаласының азық-түлік белдеуін ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес көкөніс өсіретін жылыжай, мал сойып, ет өнімдерін өндіретін комбинат, сүт өнімдерін өңдейтін зауыттар іске қосылмақ. Онда Ресейдің, Германияның, Голландияның әлемге іскерліктерін дәлелдеп, жақсы қырынан танылған инвесторлары қаржы салатын болады. Асқар Мамин Жетісуда туризмді дамыту барысымен танысып, Алакөл мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану үшін Үшарал әуежайы мен көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізінің Алматы Қорғас арасындағы жекелеген учаскелерінде болып, осы жолдың бойында салынып жатқан көпірді, атқарылып жатқан басқа да жұмыстарды көрді. Сонымен қатар, облыстық әкімдік тарапынан Панфилов ауданында салынып жатқан көп қабатты екі тұрғын үй мен «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы қаржыландыратын жатақхана құрылысымен танысты. Осы күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Құрғақ портта дәнді дақылдарды қабылдау, кептіріп, сақтау нысанының да қазығын қақты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы