10 Наурыз, 2011

Коммунистер құлшына кірісті

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның Коммунистік халық­тық партиясының Ақмола облыстық филиалы қоғам өміріндегі айрықша оқиға – Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына зор құлшыныспен кірісіп отыр. Мұндағы екпін түсіретін мәселенің бірі ҚКХП 14 ақпандағы кезектен тыс V съезінде Қазақстан Республикасының мемлекет басшы­лы­ғынан үміткер ретінде партия ОК хатшысы Ж.Ахметбековтің ұсыны­лып, оның Орталық сайлау комис­сия­сында тіркелуі дер едік. Жамбыл Ау­жанұлы Ақмола облысындағы Қор­ғалжын ауданының тумасы. Біз сайлауалды науқанының бары­сынан хабардар болу мақсатымен Ж.Ахметбековті қолдау жөніндегі облыс­тық штабқа келгенімізде, партияның облыстық филиалының хатшысы Нәй­ла Самигулина Қазақстан әйелдерінің съезінен оралған екен. – Менің осынау ірі форумға делегат болып сайлануымның өзі Тәуелсіз мемлекетіміздегі демократиялық ұс­тын­дардың мықтылығын дәлелдейді, – деді ол. – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кезектен тыс сайлау шақыру туралы шешімі де биылғы мәртебелі жылдың абыройын арттырады. Орталық комитет хатшысы В.Косаревтің қатысуымен Көкшетауда аудандық комитет хатшы­ларының, қала жұртшылығының жина­лысы өткізіліп, онда партияның саяси нау­қан кезіндегі міндеттері түсін­ді­ріліп, кандидатымыздың бағдар­ла­масы таныстырылды. Ерікті кө­мекшілеріміздің қатысуымен үміт­­керіміздің пайдасына 6200 қол жиналды. Облыстық және Зеренді, Бурабай, Сандықтау, Атбасар, Ақкөл, Жақсы, Есіл аудандарында штабтар құрылды. Нәйла Абдрахманқызының айтуынша, үгіт шарасы барлық аудандар мен қалаларды қамтиды. Еліміз үшін ең өзекті тақырып­тарды бейнелейтін насихаттық материалдар көптеп жеткізілген. Үгіт­шілер оларды облыс орталы­ғы мен елді мекендердің көрнекі жер­леріне орналастыруда. Пар­тия­ның халыққа үндеулері де жұртшылық назарында. Көкшетау қаласында айшықты билбордтар пайда болды. Өткен жұмадан ҚКХП Ақмо­ла облыстық және Көкшетау қа­лалық филиалы ұйымдастырған үгіт бригадасы облыс аймақ­та­ры­на сапарын бастады. Ол үш ке­зең­дік кестемен жүргізілуде. Бригада жетекшілерімен бірге, об­лысқа белгілі азаматтар пар­тия­ның мақсат-мүдделерін, президенттіктен үміт­кердің сай­лау­алды бағдарламасын түсіндірсе, танымал өнерпаздар ел ішін ән мен жырға бөлеп жүр. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.