11 Наурыз, 2011

Еңбек өнімділігі —өркендеу кепілі

912 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста жаңа өндірістерді құруға, кәсіпорындарды жаңар­туға және техникалық қайта жабдықтауға бағытталған 103 инвестициялық жоба іске асырылуда. Инвестициялардың жалпы көле­мі 933,1 млрд.теңгені құрайтын болса, осы бағытта пайда болған жаңа жұмыс орында­рының саны 12659-ға жетті. Ал, өңір бойын­ша 13 жоба индустрияландыру карта­сына енгізілді.          Өткен жылы жалпы құны 102,1 млрд. теңге тұратын 30 жоба пайда­лануға берілсе, биыл тағы да осындай мөлшердегі жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылдары пайдалануға берілетін маңызды инвестициялық жобалар­ды іске асыру бүгінгі күннен бастау алуда. Барлық жобалар мерзімінде, кестеге сәйкес іске асырылуда. Мысалы, «Өнімділік-2020» бағ­дар­ла­масына тоқталатын болсақ, көпке белгілі, облыста еліміздің барлық өнеркәсіп өндірісінің 7,3 пайызы жинақталған. Облыс электр, жылу энергиясын, ферроқорытпа, алю­миний, саз балшық, көмір өндіру және жіксіз құбырлар шығару бойынша алдыңғы қатарда келе жатыр. Өңірдің жалпы өнер­кәсіп өндірісі көлемінің 85 пайызын осы сала бойынша жүйе құраушы 15 кәсіпорын қамта­ма­сыз етеді. Үдемелi индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасы өткен жылы енгізілген инвестициялық жобалардың санын екі есе арттыруға, инвестицияның өсімін 3,7 есе ұлғайтуға жақсы мүмкіндік берді. Жаңа өнді­ріс­тер пайдалануға берілді, кәсіпорындар жаңартылды және техникалық жағынан қайта жабдықталды. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісі, еңбек өнімділігі арта түсті. Бүгінгі күні облыс кәсіпорындарында ең­бек өнімділігі жұмыспен қамтылған бір адам­ға 11,7 миллион теңгені, агроөнеркәсіп кешенінде 630 мың теңгені, өндірістік сектор­дағы шағын және орта бизнес субъекті­лерінде 7,5 миллион теңгені құрап отыр. Өңірде өңдеуші сала жоғары қарқынмен дамуда. Мысалы, «Қазақстан алюминийі» АҚ-тағы №8 цехта пеш жолына жүргізілген қайта жөндеу және жаңарту, электролиз зауы­тының екінші кезегін іске қосу, «Казэнер­гокабель» АҚ-та алюминий созбасын өн­ді­руді ұйымдастыру, «КSP Stell» серіктестігінде болатты вакуумдауға арналған құрылғыны іске қосу, Ақсу ферроқорытпа зауытында агломерациялық фабриканы пайдалануға беру және осы өндіріс орнында қолданыстағы электр пештерін жаңарту есебінен еңбек өнім­ділігі бұрын­ғы жылдарға қарағанда,­ едәуір арта түскені байқалды. Сонымен қатар,  Екібастұздағы «Бо­гатырь» кенішінің көмір тасымалдайтын көлік сызбасын қайта жөндеу жобасы іске асырылды. Бұл үздіксіз көмір тасымалын қам­тамасыз етті, оның өзіндік құнын қыс­қарт­ты және еңбек өнімділігін арттыруға әсер етті. Одан кейін, энергетикалық салада бұрын қолданыста болған қуаттарды қайта қалпына келтіру және электр энергиясы өсімін қам­та­масыз ету жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Өндірісті Ақсу қаласындағы «Еуразия­лық энергетикалық корпорация» АҚ-та № 2 блок қайта қалпына келтірілуде. Бұл  жоба стан­саның жалпы қуаттылығын 2100 МВт-дан 2425 МВт-ға дейін ұлғайтуға, көмір шығы­нын және ауаға зиянды заттарды шығаруды төмендетуге мүмкіндік берсе, жоба іске қо­сылғанда еңбек өнімділігі де арта­ды. Бұдан басқа, алдағы жылдары Екібастұз ГРЭС-1-де тоқтап тұрған №3 энергия блогын жаңарту және іске қосу жұмысы қолға алынбақ. Осы ретпен, қайта қалпына келтіру және жаңа қуаттарды пайдалануға енгізу жөніндегі бар­лық жобаларды іске асыру алдағы жыл­дары экономиканың өнеркәсіп секторында еңбек өнімділігін жұмыспен қамтылған бір адамға 17,6 миллион теңгеге дейін арттыруға мүм­кіндік береді. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуда дайын металл өнімдерін және химиялық өнеркәсіп өнімде­рін, металл емес өнімдерді өндіру, жиһаз жасау, мәшинелер мен жабдықтарды жөндеу және орнату үлкен орын алады. Бүгінгі күні орта және шағын кәсіпкерлікте кәсіпорын­дардың жа­ңарту, іске қосу және өнді­рістердің жаңа түрлерін игеру бойынша белсенділіктің арт­қанын атап өтуге болады. Мысалы, «Kazak­stanProject» серіктестігінде қағаз орамалдар мен майлық шығару өндірісі іске қосылды, тұты­нушылар сұранысы да байқа­лады, Екібастұздағы «Формат Маш Компания» серіктестігінде марганец ерітіндісін құю­ды ұйымдастыру жөніндегі жоба іске асы­рылса, облыс орталығындағы «Казбыт­хим» өндірісінде сабын, сұйық жуғыш заттар шығарылуда, ал, «Гофротара» серіктестігінде қуаттылықты ұлғайту арқылы өндірістік жабдықтар жаңартылды. Сонымен қатар, экономиканың аграрлық секторы да белсенді дамуда. Өткен жылы ауыл­шаруашылық саласында 12 инвес­тиция­лық жоба іске асырылды. Олардың ішінде ең ірі жоба – Успен ауданындағы А. Ка­си­цын басқаратын «Галицкое» серіктестігінде 500 малға арналған тауарлы-сүт ферма­сы са­лынды, жаңа жұмыс орындары ашыл­ды. Сол сияқты, «Победа» серіктестігінде сүт фер­масын жаңарту және сиыр сауатын орындар салу да кәсіпорында еңбек өнім­ділігінің ар­туына мүмкіндік береді. Облыс орта­лы­ғын­дағы «Сүт» АҚ-та сүтті қайта өңдеуді қайта жабдықтау арқылы өнімдер сапасы жақ­сару­да. Бүгінгі күні ірі ауылшаруашылық құры­лымдар базасында 6 мал бордақылау алаң­дарын салу қолға алынды. Бұдан басқа, об­лыс орталығындағы «Рубиком» серіктестігі шошқа өсіру кеше­нінің өндірісін жаңарту жә­не кеңейту бойынша ірі жоба ұсынып отыр. Бұл инвестициялық жобаның жалпы құны 1,0 млрд.теңгені құрайды. Яғни, жобаны іске асыру шошқа өнімін жылына 1,5 мың тоннадан 3,5 мың тоннаға дейін арттыруға және экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Облыс экономикасының аталған салала­рында еңбек өнімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қосымша мемлекеттік қолдау да қажет. Кәсіпорындардың айналым қаражат­тарының жеткіліксіздігі және даму банктері мен екінші деңгейлі банктерден қарыз ре­сурстарын тарту қиыншылығы басты мәселе болып келеді. Бұл ретте «Өнімділік – 2020» бағдарламасы осы мәселелерді шешу­дің негізгі құралы болып табылуы мүмкін. Өйткені, бағдарламада мемлекеттік қолдау­дың өзекті бағыттары белгіленген. Бүгінгі күні әрбір маңызды инвестициялық жобаны Үкімет та­ра­пынан да атаулы түрде гранттық қолдау қа­жеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты, біз, осы бағдарламаны іске асырудың әлеует­ті қатысушыларын анықтау бойынша жұмыс жүргізудеміз. Бүгінде «Павлодар мәшине жасау», «Каустик», «Стальмонтаж», «Казэнер­го­кабель» акционерлік қоғам­дарынан өтініш­тер түсті. Облыс өнді­ріс­терді жаңғыртудың айқын бағдарламасы арқылы экономиканың барлық салаларын­дағы еңбек өнімділігін арттыруды басым­дықтың бірі ретінде алға қойып отыр. Өйт­кені, еңбек өнімділігінің өсуі өңірдің тұрақты экономикалық өсіміне кепілдік береді. Мұрат ОСПАНОВ, Павлодар облысы әкімінің орынбасары.