Қостанай қаласындағы спорт сарайы Қазақстан президенттігіне «Нұр Отан» ХДП-дан кандидат Н.Назарбаевтың жақтастарына лық толды. Жабық мұз айдыны орналасқан бұл сарайға әдетте үш мың адам сыяды. Ал бұл жолы жиналғандардың қарасы одан да асып кетті, орын табылмағандары сарайдың кіреберісінде тұрды. Форумға жиналған ардагерлер, жаулығы ағараңдаған әжелер, орта жастағылар, жастар кәдімгі мерекеге келгендей көтеріңкі көңіл күйдің еркіне ілескен. Өйткені, Қазақстан президенттігінен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі оның кандидатурасын жақтаушыларға бұрыннан да мәлім. Олардың әрқайсысы елдің жарқын болашағын Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге елестетеді. Нұрсұлтан Әбішұлының жақтаушылары өткізіп отырған форумға қатысу үшін Қостанайға «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының өкілдері келді. Құрамында есімі елге кеңінен танымал тұлғалар бар делегацияны бастап келген президенттіктен үміткер Н.Назарбаев республикалық қоғамдық штабының жетекшісі, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин көпшілік алдында сөз сөйледі.
– Еліміз егемендік алған жиырма жыл ішінде Қазақстан өзінің экономикалық және әлеуметтік табыстарымен, саяси жетістіктерімен әлемге танылды. Ол ең бастысы бейбіт өмірдің үлгісіне айналды. 90-шы жылдары экономиканы күшті дағдарысқа ұшыратқан қиын кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев тығырықтан жол тауып шығып қана қоймай, еліміз алға қарыштап дамыды. Осындай жеңістеріміздің барлығын президенттікке «Нұр Отан» ХДП-дан кандидат Н.Назарбаевтың атымен байланыстырамыз, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Мұнан кейін сөз алған делегация мүшелері «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Рақымшылық комиссиясының төрайымы Зинаида Федотова, «Сауап» республикалық қоғамдық қорының президенті Бақытбек Смағұл, Олимпиада чемпионы, боксшы Ермахан Ыбырайымов сөз алды. Олар да жас мемлекеттегі Н.Назарбаевтың басшылығымен атқарылған орасан жұмыстарға тоқталды.
Мұнан кейін қостанайлықтар кезегімен мінберге көтеріліп, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын жақтап сөз сөйледі.
Форумға жиналған қостанайлықтар алдында Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Рымбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты «Ұлытау» тобы және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Форумнан кейін «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы өкілдері «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы, «Большевичка» өндірістік кооперативі ұжымдарында болды және Қостанай ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.